Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Далластың Федеральдық резервтік банкінің (ФРБ) сарапшылары америкалық экономиканың 2007-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыс салдарынан келген шығындарын есептеді. Олардың баяндамасына сәйкес, қаржылық дағдарыстан келген шығындар бағалымында көзге түсерліктей ауытқушылықтар бар. Сөз 6-дан 14 трлн. долларға дейінгі сома туралы болып отыр. Осындай бағалым жағдайындағы қаржылық дағдарыс әрбір америкалыққа 50-ден 100 мың долларға дейін салмақ салды. 14 трлн. доллардың сомасы – іс жүзінде АҚШ-тың жылдық ішкі жалпы өнім көлеміне тең.
Сарапшылардың пайымдауынша, 6-14 трлн. доллар бағалымы әлі де түпкілікті емес. Дағдарыстан кейін АҚШ экономикасы өзінің бұрынғы ІЖӨ өсімінің тарихи трендінен төмен дами бастады. Осы экономикалық дамудың номиналдық және ықтимал деңгейінің арасындағы алшақтық “output gap” термині деп аталады. Аталмыш құбылыс әр-түрлі экономистердің, қаржылық “білгіштердің” және сан алуан сарапшылардың арасындағы даудамайдың өзегіне айналды. Егер дағдарыстан кейінгі америкалық экономиканың қалпына келуі ұзарып кеткен және аталмыш алшақтық қысқармаған жағдайда, Далластың ФРБ сарапшыларының бағалымы бойынша, АҚШ үшін дағдарыстан келетін жалпы шығын көлемі екі есе жоғары болуы мүмкін.
Ағымдағы бағалымдарға сәйкес, АҚШ-та тұрғындардың жан басына шаққандағы ІЖӨ өсімі қарқыны соңғы 50 жылдың ішіндегі америкалық экономиканың дағдарыстан кейінгі қалпына келуі кезеңдерінде көзге түскен мәндерден 12 пайызға төмен қалып отыр.
Сол сияқты АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейінің Федеральдық резервтік жүйені де шатастырып жіберуі әбден мүмкін. Американың еңбек нарығының жақсы статистикасы сатып алынатын облигациялар көлемін қысқартуды ойластырып отырған АҚШ-тың монетарлық билігін жолынан тайдырып жіберуі оп-оңай. Өткен айда АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі 2008 жылғы желтоқсаннан бергі ең төменгі деңгейге дейін құлдырады, қазір ол 7,3 пайызды құрап отыр. Әдетте мұндай құлдырау жұмыссыз америкалықтардың жұмыс тапқанымен емес, жұмыс күшінің қысқарғанымен түсіндіріледі. Экономикалық белсенділік деңгейі – белгілі бір жас тобындағы экономикалық белсенді тұрғындар санының сәйкес жас тобындағы тұрғындардың жалпы санына қатынасы – ең азы 35 жастың деңгейінде.
АҚШ-тың монетарлық билігі жұмыссыздық деңгейін мұқият бақылап отыр. Аталмыш көрсеткіш сандық жұмсарту бағдарламасын қысқарту жөнінде шешім шығаруда шешуші болып табылады. Федеральдық резерв жүйесінің басшысы Бен Бернанктің айтуы бойынша, Федеральдық резерв QEЗ-ді келесі жылдың ортасына таман, АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 7 пайызды құраған кезде аяқтайды.
АҚШ-та инфляция төменгі деңгейде тұрған осы уақытта американың Орталық банкі жұмыссыздық деңгейі 6,5 пайызға дейін құламайынша, базалық пайыздық ставкасын көтеруге құлықты емес.
Қырсық қайдан келеді дерің бар ма, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (ҰҚА) төңірегіндегі Эдвард Сноуденнің атышулы жарияланымынан туындаған даудамай АҚШ-тың жоғары технологиялық өнімдері саудасына кесірін тигізіп, интернет-компаниялардың сауда түсімі құлдырап кетті. Өйткені ҰҚА-ның Интернет желілерінде, бағдарламалық блоктарда жасырын тыңдау қондырғыларын қоюды жүзеге асырғаны туралы ақпарат америкалық хайтек-тауарлар мен қызметтердің елден тысқары жердегі сатылымын одан әрі төмендетуі мүмкін. Сөйтіп, ҰҚА төңірегіндегі жанжал америкалық технологиялық компаниялардың сауда көлемін осы жылдың өзінде 25 пайызға немесе 180 миллиард долларға төмендетеді деп күтілуде.
Америкадағы сияқты Еуропалық одақта да өткен экономикалық дағдарыс зардабынан шығып кету оңайға соғып отырған жоқ. Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэл Баррозу одақтың экономикасының қайта қалпына келуі үшін бүгінде саяси алауыздықтың басты кедергі болып отырғанын мәлімдеді. Ол өзінің биылғы жолдауында, егер жекелеген елдердің үкіметтері реформа жүргізуге қатысты Еуроодақтың нұсқамаларына құлақ аспайтын болса, онда жағдайдың мұндай өріс алуына нарықтың жедел теріс ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, Брюссельдің дағдарыс зардабын жоюға бағытталған іс-қимылы Португалия және Грекия сияқты проблемалық елдердің жағдайына оң ықпалын тигізген. Алайда, Еуроодақтың ұсынып отырған реформаларына бірқатар елдердің үкіметтерінің мойынсынбауы енді-енді жандана бастаған экономикалық өрлеуге кедергі келтіруі мүмкін. Бұл ретте Еурокомиссия төрағасы нақтылы елдерді атаған жоқ. Десе де, оның бірі Италия екені даусыз. Өйткені, ондағы үкімет кабинетіндегі коалицияның мүшелері арасында келіспеушілік тереңдей түсуде, сол себепті бұрынғы премьер-министр Марио Монти жүргізген кейбір салық реформаларынан бас тарта бастады.
Сонымен бірге Грекия мен Португалияның заңнамалық жиналыстары таяудағы күндерден бері бюджеттік үнемдеу шарттарын қабылдамай тастады. Еурокомиссияның төрағасы Жозе Мануэл Баррозудың Еуроодақ елдерін экономикалық өсім жанданғаннан кейін реформаларды тоқтатпауға шақырғанына қарамастан, “Oxfam” халықаралық қайырымдылық ұйымы одаққа мүше елдер үкіметтерін қатаң үнем шаралары бағдарламасын жалғастырудан сақтандырды. Ұйымның уәжі бойынша, одан бас тартпаған жағдайда 2025 жылға таман тағы 25 миллион еуропалық кедейшілік құрсауында қалады.
Қайырымдылық ұйымының еуропалық бөлімінің басшысы Наталия Алонсо қатаң үнем шараларын “моральдық және экономикалық тұрғыдан түкке тұрмайтын іс” деп атады. Оның айтуы бойынша, әлеуметтік көмекті, медицинаны, білім беруді қаржыландыруды өктемдікпен азайту, сол сияқты әділетсіз салық салымы саясатын жүргізу әлеуметтік құқық үшін жүргізілген ондаған жылдық күресті жоққа шығаруы мүмкін.