«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕУДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кемеңгер ӘМРИН,

“ЗТМО” РМҚК СҚОФ директоры.

“Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Қазақстан Республикасының №105-V Заңы 2013 жылғы 2 шілдеден бастап өз күшіне енді.

І. Заңға енгізілген өзгерістердің ең көп талқыланғаны әйелдердің зейнеткерлік жасының ұлғайтылуы болып табылады. Заңмен зейнет жасын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 жыл бойы жылына алты айдан кезең-кезеңмен көбейту көзделген. Сөйтіп, әйелдер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетке 63 жасында шыға бастайды.

Сонымен бірге заңда зейнетке ерте шығу бойынша жеңілдіктер қарастырылған:

– төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті өңірлерде 1949 жылғы тамыздың 29-ынан бастап 1963 жылғы шілденің 5-ін қоса алғандағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтар:

еркектер – 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі 25 жылдан кем емес болған жағдайда 50 жасқа жеткенде;

әйелдер – 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі 20 жылдан кем емес болған жағдайда 45 жасқа жеткенде зейнетақы төлемдерін тағайындатуға құқығы бар.

Бұдан бұрынғы қолданыстағы заңда мұндай өңірлерде тұру 10 жылдан кем емес деп талап етілді.

– 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне барабар мөлшерде кемінде алты ай еңбек өтілі бар болумен 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақыға құқығы бар.

Бұрынғы қолданыстағы заңда бұл 5 және одан да көп бала туған және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 2013 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі 20 жыл болғанда ғана қарастырылған болатын. Сонымен бірге толық емес еңбек өтілі болса, бұл санаттағы адамдарға зейнетақы тағайындалған жоқ.

Жоғарыда аталған заңдағы өзгерістер ынтымақтастық зейнетақыға қатысты, яғни республикалық бюджеттен Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық төлейтін зейнетақылар.

ІІ. Заңда жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты бірқатар өзгерістер бар.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев зейнетақы реформасы мәселелері бойынша Қазақстан халқына үндеуінде Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеу, сондай-ақ зейнетақы активтерін экономиканың мейлінше перспективалы салалары жобаларына тиімді инвестициялау тетіктерін әзірлеуді тапсырды. “Азаматтардың зейнетақы жинақтары зейнетақы қорлары үшін табыс көзі емес, әрбір қазақстандықтың кәріліктегі лайықты өмірінің сенімді тірегі болуы тиіс”, – деді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын тартуды, жеке зейнетақы шоттарын есепке алуды және зейнетақы жинақтарының есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыратын болады.

Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес (әрі қарай – Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кеңес органы болып табылады. Кеңесті құру туралы шешімді ҚР Президенті қабылдайды.

Кеңестің негізгі функциялары:

– БЖЗҚ зейнетақы активтерін тиімді басқаруды арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарау және әзірлеу;

– БЖЗҚ зейнетақы активтерін орналастыруға арналған құралдардың тізімі бойынша ұсыныстарды әзірлеу және осы тізбені мақұлдау.

Кеңестің дербес құрамы және ол туралы ережені ҚР Президенті бекітеді.

ҚР Ұлттық банкі:

– БЖЗҚ зейнетақы активтерін сақтау және есепке алуды қамтамасыз ететін банк – кастодионының функцияларын;

– БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару бойынша Кеңес бекіткен инвестициялық стратегияға сәйкес БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялауды;

– БЖЗҚ, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының және инвестициялық портфельді басқарушыларды реттеу және бақылауға қатысты уәкілетті орган функцияларын жүзеге асыратын болады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру:

1. Зейнетақы жинақтарының сақталуын, қызметтің айқындылығын және зейнетақы активтерін басқаруға байланысты мақсатты бақылауды қамтамасыз етеді.

2. Қор комиссиялық сыйлықақысының мөлшерлемесін 2 есе азайтады:

– зейнетақы активтерінің 0,05%-нан 0,25% -ға;

– инвестициялық табыстың 0,05%-нан 0,25%-ға.

3. Инвестициялық табысты ұлғайту есебінен зейнетақы жинақтарының көлемін арттыру.

Сонымен қатар 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап 5% мөлшерінде міндетті кәсіби жарналарын енгізу көзделіп отыр.

Ұсынылып отырған кесте:

Жұмыс беруші есебінен 10% және 5% мөлшерінде міндетті кәсіби жарналары мөлшерінде жалақыдан міндетті зейнетақы жарналары, яғни екеуін қосқанда аса зиянды және аса ауыр еңбек шарттарында жұмыс істейтіндерге БЖЗҚ-на 15% аударылатын болады. Сонымен бірге жұмыс берушіге түсетін салықтық жүктеме басқа салықтар бойынша мөлшерлеменің төмендеуі есебінен көбейтілмейді. Аса зиянды және аса ауыр еңбекке жататын мамандықтар тізімі Үкіметтің қаулысымен бекітіледі және ұдайы түрде қайта қарастырылып отырады.

Бұдан әрі кезең-кезеңмен МКЗЖ-ны (міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын) 10%-ға дейін, ал МЗЖ-ны (міндетті зейнетақы жарналарын) 15%-ға дейін жеткізу қарастырылып отыр.

Бұл ретте, аса зиянды жағдайда қызметпен айналысатын адамдардың жеке зейнетақы шоттарына жұмыс беруші есебінен 15% міндетті зейнетақы жарналары және 10% міндетті кәсіби зейнетақы жарналары түсіп отырады, ал жалпы алғанда ол 25%-ды құрайды. Бұл жағдай жүйеде үзбей (30 жылдан кем емес уақыт) қатысатын болса және ұдайы түрде аударымдар (жылына 12 рет) жасап отырса:

– әйелдерге 50 жасында;

– еркектерге 55 жасында;

БЖЗҚ-нан зейнеткерлікке шығу үшін жеткілікті зейнетақы жинақтарының болуына жағдай туғызады.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Үндеуінде: “Бала туу және оны ба­ғып, күту бойынша демалыста болу ке­зеңін­де, жұмысы бар әйелдердің міндетті зейнетақылық жарналарының қосымша төлемақысы мемлекет қаражаты есебінен қамтама­сыз етілсін” деп тапсырма берілген.

Осыған байланысты 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап бала туу және оны ба­ғып, күту бойынша демалыста болу ке­зеңін­де, жұмысы бар әйелдердің зейнетақы жарналарын мемлекеттік субсидиялау қарастырылып отыр. Бұл процедураның механизмі мысал ретінде былай:

Жұмысы бар әйел бала күту бойынша демалысқа шықты.

Орташа жалақысы – 100 000 теңге.

Осыған сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем 40% – 40 000 теңге.

40 000 теңгеден 10%, яғни 4 000 теңге БЖЗҚ-ға аударылады, ал қолына 36 000 теңге алады.

Жұмыс істеген кезде зейнетақы жарналарының мөлшері 10 000 теңгені құраған болатын (100 000х10%).

Осылайша, зейнетақы жарналарын мемлекеттік субсидиялау мөлшері 6 000 теңгені құрайды (10 000- 4 000).

Осы барлық іс-шаралар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу стажын және зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға бағытталған, ал бұл бағыт БЖЗҚ-дан зейнетақы мөлшерінің өсуіне қол жеткізеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp