Облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің редакциясына Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылының тұрғыны Зейнелғали Кенжеғалиев Мәдениет ауылының бүгінгі ахуалын баяндаған хат жолдаған еді. Соған орай аталмыш ауылға барып, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстық.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мәдениет ауылы – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға қарасты елді мекен. Аудан орталығынан 110 шақырымдай жерде орналасқан ауыл болашағы жоқ елді мекеннің бірі саналғанымен, тұрғындардың бұл жерден кеткісі жоқ. Неге?
Мұның басты себебі – ауылдың табиғаты. Шарық өзенінің жағасында орналасқан Мәдениет ауылы сұлу табиғатымен әйгілі. Өзеннің жарқабағы, Шарық су қоймасы, жасыл орман – ақ бөкендердің мекені. Осындай тамылжыған сұлу табиғаты бар ауыл 1949 жылы құрылған көрінеді. Ал 2005 жылдан бастап ауылдың іргесі сөгіле бастаған. Себебі, ауылдағы негізгі мектеп бастауышқа айналған. Қазіргі таңда мектебі бар ауылдар ғана сақталатындығы бесенеден белгілі. Мәдениет те тарап кеткен ауылдардың кебін киер ме еді, егер қиналса да мойымаған тұрғындары болмаса?
Әу баста 42 шаңырақ түтін түтеткен ауылда қазір 14 үй қалған. 250-ге тарта тұрғыннан қалған 60 шақтысының туған ауылдан қоныс аударғылары келмейді. Осы жер ыстық…
– Қазір бастауыш мектепті сақтап қалуға тырысудамыз. Мектепте 5 бала білім алуда, ал шағын орталыққа 4 бүлдіршін келіп жүр. Бір жылдары бала болмай, мектеп жабылып қала жаздады. Аудан бойынша бала іздегенбіз. Бұл естіген кісіге күлкілі естілер. Бірақ бұл – мектеп арқылы ауылды сақтап қалудың амалы, – дейді Көкалажар ауылдық округінің әкімі Кенжеболат Ахметжанов.
Осы амалдарын жүзеге асырмақ болған мәдениеттіктер өзге ауылдардан бір отбасыны көшіріп әкеліп, үй беріп, барлық жағдайын жасаған көрінеді. Алайда, тұрақтамапты. Бүгінде Мәдениет ауылы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына енген. Аталмыш бағдарламаның экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердің тұрғындарын экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесетін бағыты бойынша бұл ауылдан да Новоишим ауылына қоныс аударғандар бар. Біреулер Мәдениет ауылынан Үкіметтің қолдауымен қоныс аударса, кейбіреулер, керісінше, көшіп келуде. Солардың бірі – Жауынбай Чистобаев. 2007-2012 жылдар аралығында аудан орталығындағы астық қабылдайтын кәсіпорынның директоры болып жұмыс істеген Жауынбай Ерденұлы осыдан үш жыл бұрын Мәдениет ауылына қоныс аударды. Екі жыл бойы қызметіне осы ауылдан қатынаған ол ауылдың табиғатына ғашық, ал тұрғындарын қатты құрметтейді.
– Мен бұл өңірдің тумасы емеспін. Бірақ Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда бірнеше жыл жұмыс істедім. Жұмыс барысымен Мәдениет ауылына бірнеше рет келіп, табиғатын көріп, тұрғындармен тілдескеннен кейін, бұл жерде отбасыммен тұруға бел будым. Әрі отбасыммен таза қазақ ауылында тұрып, ұлттық құндылықтарды бойыма сіңіргім келді. Екі балам ауылдағы бастауыш мектепте оқиды, – деген Жауынбай Ерденұлы Мәдениеттегі мектептің жағдайын жақсарту үшін ауылдағы үш шаруа қожалығының жетекшілерімен бірлесіп жөндеу жұмыстарын жасаған, қажетті жиһаздармен қамтамасыз еткен. Шағын орталықтың ашылуы да – сол азаматтардың арқасы. Әу баста бұл ауылды әлеуметтік жағынан көтеру үшін өз ісін ашуды мақсат тұтқан Жауынбай Ерденұлы жұмыс күшінің жоқтығын айтады. Себебі, жастар – қалада. Ауылда – тек қарттар.
Осылай болашағы жоқ ауыл санатына енген Мәдениеттің тұрғындары мал өсіріп, күн көріп отырған жайы бар. Ауыл адамдары шаруа қожалықтарында жұмыс істейді. Өз күндерін өздері көріп отырған тұрғындар, облыстың картасынан ауылдарының жоғалғанын қаламайды. Бірақ уақыт өз дегенін істеуде. Шарық су қоймасының дәл жанында орналасқан ауылдың, енді қанша уақыт ел болып тұрары белгісіз.
– Шарық су қоймасының да қараусыз қалғанына талай жыл болды. Әйтпесе, ауыл тұрғындарының дені су қоймасында жұмыс істеп еді. Бүгінде ауыл фельдшермен қамтамасыз етілмеген. Орталық аудандық аурухананың бас дәрігері фельдшер табылса, медпункт ашуға болады деген соң, маман іздедік. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша да маман тартуға тырыстық, бірақ жастардың келгісі жоқ. Бүгінде ауылға “Жедел жәрдем” көлігі аптасына екі рет 18 километр жердегі Көкалажар ауылынан келіп тұрады, – дейді ауылдық округтің әкімі.
Ауызсумен қамтылған, қысы-жазы жол қатынасы бар ауылдың тұрғындары қатарларын көбейту үшін Балалар үйінің тәрбиеленушілерін асырап алуға да ниетті. Ауылды сақтауда қарапайым тұрғындардың қолынан келері осы ғана. Әйтеуір, үміттерін үзгілері келмейді…
СУРЕТТЕРДЕ: ауыл көріністері.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.