«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒАН БАСЫНА БАТЫЛДАР ШЫҒАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бүгінгі тіршілікті электр қуатынсыз елестету де мүмкін емес. Ендеше осы қажеттілікті қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен ондағы адамдардың еңбегі алғысқа лайық.

“СевКазЭнерго” АҚ-ның еңбеккері Зәлел Тілеубаев – осы салада 32 жыл еңбек етіп келе жатқан жан. Ол темір жол училищесінде электромонтёр мамандығы бойынша білім алып, 1981 жылы аталмыш кәсіпорында өзінің еңбек жолын бастаған. Сондай-ақ 1991-96 жылдар аралығында Қарағанды политехникалық институты филиалының кешкі бөлімінде білімін жетілдіріп алған ол бүгінде компанияның тәжірибелі де білікті мамандарының бірі саналады.

Петропавл қаласында әуедегі сым желілерін тарту және олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында төрт бригада құрылған. Солардың бірі – Зәлел Тілеубаевтың бригадасы.

– Бұл қызмет түрінде еңбек ету үшін арнайы рұқсат қағазы керек. Оны 5-ші разрядты маман атқара алады. Ток өтпейтін ағза болмайды, сондықтан біз жұмысымызда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаймыз, – дейді топ жетекшісі.

Петропавлдағы бригадалардың әрқайсысына бекітілген өз аумақтары бар. Зәлел Тілеубаевтың тобы 200 шақырымға созылған әуедегі сым желілерінің жұмысына жауап береді. Сондай-ақ қаладағы энергия желісіндегі ең күрделі аудан – темір жол вокзалының маңындағы жекеменшік секторлар да олардың бригадасына тапсырылған.

– Жұмыс ұнайды. Егер ұнамаса, осынша жыл бұл салада жүрмес те едім. Тәжірибе де, біліктілік те қат-қабат молаяды екен. Біз қала ішіндегі электр желісінің таратылу сызбасын жақсы меңгеріп алғандықтан, апатты оқиға кезінде жылдам жұмыс істейміз, тұтынушылар бізді ұзақ күтпейді. Өз саламызға қатысты жаңа технологияларды үйренуге ден қоямыз. Соңғы жылдары кәсіпорын энергия тарату құрал-жабдықтарын заманауи етіп, жаңғыртуда. Бұл жұмыс бізден жауаптылықты, ұқыптылықты талап етеді. Сондай-ақ жұмысымыз сапасыздықты көтермейді, – дейді Зәлел Тілеубаев.

СУРЕТТЕ: З.Тілеубаев.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp