Бұрнағы күні өңірімізге Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын түсіндіру мақсатымен Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Бөлебаева келіп, алдымен құрылыс колледжінің активімен кездесті.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Колледждің материалдық-техникалық жағдайымен танысып, білім беру мекемесіне оң бағасын берген Білім және ғылым министрлігінің өкілі кездесу барысында еліміздегі оқу-ағарту жұмысына қатысты тапсырмалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды. “Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуі тиісті. Жыл сайын білім беру жүйесіне бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Биылғы жылы бұл мақсатқа 1,4 триллион теңгенің қаржысы бөлініп отыр. 2015 жылға дейін 522 мектеп салу жоспарланған. Ал мектепке дейінгі білім беру мәселесіне келсек, бүгінде республика бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың 71,5 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілді”, – деді өз сөзінде Ләззат Бөлебаева.
Республикалық ақпараттық-насихат тобының өкілі жұмыс сапары барысында білім беру нысандарын аралап, “Нұр Отан” ХДП-ның Тайынша ауданындағы филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.