Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өлең-жыр жаттау “сәннен” шығып бара жатқан мына заманда қызылжарлық Мағзұм Исағұлов секілді қарияның орны бөлек-ақ: ол келте өлеңдерді қойып, кесек-кесек дастандарды да ақтара салғанында мүдірмейді.
Бұл машығы 1970 жылы басталыпты: бос уақытты зая жіберіп көрмеген бухгалтер Явленкадағы ауруханада жатқанында кездейсоқ қолына түскен “Құлагер” поэмасының 120 шумағын түгелдей жаттап алады. Кейінірек Алматының бір ауруханасына түскенде де қарап жатпайды: әл-Фарабидің 40 тармақ туындысын көкейіне тоқып алады.
Бурабайдағы шипажайдағы күндерін де текке өткізбеген: Пушкиннің “Евгений Онегин” романының ұлы Абай аударған нұсқасын, одан кейін Кенен Әзірбаевтің туындыларын компьютер-миына жазып алғаннан кем қылмайды.
Балалық шағы қаһарлы қырқыншы жылдарға тұспа-тұс келген бұл қарияның соғыс кезіндегі өлеңдерді ұмытпағандығына да қалайша таңданбасқа?! Рас, Шәкәрімнің “Еңлік-Кебегін” зуылдата жөнелсе, қайран қалмауыңыз мүмкін: кезінде екінің бірі білген бұл поэманы бала күнінде жаттап алған болар деп те ойларсыз. Ол Балуан Шолақтың өлеңдерін түйдек-түйдегімен тастағанында аузыңызды ашып, көзіңізді жұмбайтыныңыз сондықтан.
Заманмен бірге қара тастай қатайып бара жатқан қазіргі адамдардың бойын балқыту, ойын шалқыту оңай емес екендігін білетін ол сәлден соң Сәкен Сейфуллиннің “Көкшетау” поэмасын бастан-аяқ аңқылдата жөнеледі. Поэманың мәтіні басылған кітапқа немесе Интернетке үңілудің қажеті жоқ: сексеннің сеңгіріне шыққан қария екеуін бір өзі алмастыра алады!
Өлең сөздің даңғылы – Жамбылдың талай толғауын осы қария ағындатып айта алады. Бұл кісі “Өзге емес, өзім айтам өз жайымды” деп жырлап өткен жүйрік ақын – Қасым Аманжоловтың рухын асқақтатып жүр: оның небір өлеңдерін зердесіне құйып алған қария тізгінін тартпайды…
Әрине, жаздай жадыраған жарқын жылдары тұспа-тұс келген ХХ ғасырдың оқиғаларынан алынған жыр-дастандар көненің көзі болып табылатын қарияның оң жамбасына келетіндігі аңғарылмай қалмайды. Жо-жоқ, ол күзгі жапырақтай сарғайып кеткен ескі туындыларды ғана емес, қазіргі өлеңдерді де көкірегінде күмбірлетіп жүр. Мәселен, қазақтың ең майталман ақындарының бірі – Қадыр Мырзалиевтің қаншама өлеңдерін жаттап алған қария жастарды да аузына қаратуға тиіс.
Бұл кісіні жыр-дастандардың қап-қалың томына теңеуге әбден болады: ашып қалсаң болды – өлең желдей есе жөнеледі…
Петропавл қаласы.