«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТЕУДІҢ “ЕРМЕГІ” әшкереленді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс полицейлері көліктерді ұрлап, өзге түстерге бояп келген Петропавл қаласының төрт тұрғынын құрықтады. Олар тек ескі “запарожецтер” мен мотоциклдерге әуестенген. 

Динара САҒЫНДЫҚОВА,

СҚО ІІД баспасөз қызметінің маманы.

Көліктердің жоғалып жатқаны туралы шағым қыркүйек айының соңынан бастап тіркеле бастаған. 5 қазан күні полицейлерге облыс орталығының тұрғыны шағымданып, “Жигули” көлігінің қолды болғанын айтқан. 2-ші полиция бөлімінің қызметкерлері Дулат Мұхаметрахымов пен Сәбит Мұқанов осы іс бойынша Бензострой ықшамауданын тінтіп жүріп, нөмірсіз, ұрланған көлікке ұқсас “темір тұлпарды” аңғарады. Алайда, көлік түсінің өзгеше болуы полицейлерді тығырыққа тірейді. Өйткені, шағымда ұрланған көліктің түсі қызыл деп көрсетілген, ал анықталған “Жигулидің” түсі болса қызыл-қара. Дегенмен де, тәртіп сақшылары көлікті тоқтатпақ болады. Бірақ жүргізуші олардың белгісін елемеген болып, қаша жөнеледі. “16 жастағы бала мен оның екі жолаушысы жақын маңдағы аулалардың бірінде қолға түсті. Айтуларынша, олар көлікті жасы үлкен достарымен бірге көпқабатты үйдің ауласынан айдап әкеткен”, – деді Дулат Мұхаметрахымов. – Достарының бірінің үйіне келген кезде ауласында өзге көліктер мен автоқосалқы бөлшектердің тізіліп тұрғанын, яғни екі “Запорожец”, мотоциклдер, бөлшектелген “Жигули”, автомагнитолалар, металл заттар мен түрлі түске бояғыш баллондарды байқадық.

Күдіктілердің “арсеналынан” табылған “темір тұлпарлардың” ішіндегі ең қымбаты – 1977 жылғы “ВАЗ 2103” автокөлігі. Қылмыскерлер дәл осы көлікті айдап келе жатқан жерінде құрықталды. Жуырда ұрланған көлікті пысықайлар толығымен бояп үлгермеген екен. Ал мотоциклдің сыртын жасылдан қараға, “Запорожецті” ақшыл жасылдан сары түске өзгертіп тастаған. Күдіктілердің айтуынша, олар “Запорожецтің” біреуін ұялы телефонға ауыстырып жіберген. Бұл техниканың бәрі жас ұрыларға не үшін керегін енді тергеушілер анықтауы тиіс. 16, 18 және 19 жастағы ұсталғандарға қатысты қылмыстық істер ұрлықтың 4 фактісі бойынша қозғалды.  

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp