«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛМАТЫЛЫҚ ТЕХНОПАРК ӨКІЛДЕРІ жергілікті инноваторлармен кездесті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәрсенбі күні өңірімізге келген “Алматы өңірлік технопаркі” ЖШС-нің өкілдері жергілікті индустриялық-инновациялық субъектілерді мемлекеттік қолдаумен таныстырды. Әсіресе, әңгіме мемлекеттік грант алу бағытында өрбіді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кездесуді ашқан кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Александр Иванищевтің айтуынша, өңіріміздегі кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 2011 жылмен салыстырғанда 4,3 есе артқан. Сондай-ақ өткен жылы инновациялық өнім 4 есе көп өндіріліп, қызмет көрсету 1,6 есеге өскен. Ғылыми және инновациялық әрекетті ынталандыру үшін үстіміздегі жылдың сәуір айында облыс орталығында Ұлттық зияткерлік меншік институтының филиалы ашылыпты. Жыл сайын өңіріміздің инноваторлары инновациялық бизнес-жоспар конкурстарына қатысады. 2012 жылы конкурсқа қатысуға 7 өтінім түссе, биыл олардың саны онға жеткен.

Алматыдан келген қонақтар да өз жұмыстарын баяндады. “Алматы өңірлік технопарк” ЖШС-нің бас директоры Амангелді Асановтың айтуынша, елімізде технопарктер 2004 жылдан бастап ашыла бастаған. Бүгінде олар еліміздің 8 өңірінде орналасқан. Инновациялық жобаларды мемлекеттік грант есебінен жүзеге асыруда өздерінің көмектерін ұсынып отырған ЖШС өкілдері солтүстікқазақстандықтар еліміздің әр өңіріндегі технопарктердің кез келгеніне барып, көмек алуларына болатындығын жеткізді. Себебі, біздің өңірімізде әзірге технопарк жоқ. Осы орайда кездесуге қатысушыларды көршілес жатқан облыстардың қайсысында технопарк бар екендігі қызықтырды. Бізге ең жақыны Ақмола облысы екен.

– Бізге өтінім бергеннен кейін инновациялық жобаларыңыз 3 кезеңнен өтеді. Бірінші кезең – отандық және шетелдік сарапшылар қарап, қолдауы тиіс. Екінші кезеңде жобаның нақты құны белгіленуі қажет. Үшінші кезеңде құрамында бірқатар министрліктердің, “Нұр Отан” ХДП-ның, ғылыми институттардың өкілдері бар сарапшылар тобының қарауына жіберіледі. Осы кезеңдерден өту үшін технопарк мамандары инноваторға құжаттарды даярлауда өз көмектерін тегін ұсынады, – деді аталмыш технопарктің жобалық менеджері Сәбит Рәшев.

Егер инновациялық жоба мақұлданып, мемлекеттік грантқа ие болса, инноватордың технопарк мамандарымен бұдан кейінгі жұмысы ақылы негізге көшеді екен.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp