«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰРЫН – КЕҢШАР ДИРЕКТОРЫ, БҮГІН – ФЕРМЕРЛІК ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫСЫ болған азамат ауылдастар сенімін ақтауды парыз санайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев атындағы ауылдың фермері Талғат Теменов – жастайынан мемлекеттік қызмет пен ауыл шаруашылығы саласының қазанында қайнап, шыныққан жан. Мамандығы экономист болғандықтан, оның еңбекті ұйымдастыру ісінен дәлдік пен есептілікті байқау қиын емес. Талғат Қабиұлы әр бастамасын “жеті рет өлшеп, бір рет кесіп”, шамасы жететін шаруаны ғана қолға алатын қасиетімен Ысқақ Ыбыраевтың есімімен аталатын фермерлік шаруашылығын 2005 жылы құрған.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

– Мен бұл елді мекенге 1992 жылы кеңшар директоры болып келген едім. Бұл батыр ағамыздың атымен аталатын ауылдың тұрғындары кеңес дәуірі құлдырағаннан кейін тізгінді қалай ұстарларын білмей, көңілдері қобалжып тұрған кез еді. Өз заманында іргелі болған шаруашылық құлдырай бастапты. Менің мұнда шақыртылуымның себебі: оны сақтап қалу болатын. Алайда, елдің жағдайы бір қалыпқа түскенімен, қоғамдық құрылым өз өзгерістерін біртіндеп енгізе бастады. Ауылды ортақ шаруашылыққа бағындыру ісін соңғы тынысына дейін сақтауға тырыстық, бірақ кейбіреулер өз еншілерін алып, жеке шаруашылық ісін қалыптастыруға бет бұра бастады да, бірте-бірте үлкен ұжым ыдырап, соңында “кеңшар” деген ұғымды қолданбайтын күнге жеттік, – дейді Талғат Қабиұлы.

Иә, өз өмірін ауыл шаруашылығымен тығыз байланыстырған адамның әрі қарайғы еңбек жолының осы салада жалғаспауы мүмкін емес еді. Сондықтан ол жеке фермерлік шаруашылық құрып, қарамағына бірнеше ауылдастарын жинап, өз кәсібін дөңгелетіп келе жатқанына биыл тоғызыншы жылға аяқ басыпты. Өзіне сенім артқан пайшылардың 400 гектар жерін алып, қорасындағы азын-аулақ малын шаруашылыққа әкеліп, кәсібін екі бағытта жүргізуге қадам жасайды. Бүгінде оның шаруа қожалығында 1100 гектар егістік алқап, баяғы екі сиырдан өрбіген 50 бас ірі қара, сондай-ақ 150 бас қой мен 20 бас жылқы бар.  

– Жерді мен жалға алған жоқпын. Өйткені, жердің кәсіпкерлерге жалға берілу тәртібі болса да, қолында билігі барлар ел байлығымен өз қалталарын толтыру үшін қомақты қаржы сұрады. Ал қазір жалға алатын жер қалмаған, – дейді шаруашылық басшысы.

Талғат Теменовтің шаруашылығына сенім артқан ауылдастарының есебі түгел. Олар бүгінге дейін ешбір ырың-жырыңсыз жыл сайын жеке қожалықтың тапқан пайдасынан өздеріне тиесілі 8 пайыз үлестерін алып келеді. Бүгінде кейбір шаруашылықтар пайшылардың өлі-тірісін тексеріп, табысқа ортақтастырмаудың түрлі әрекеттерін жасайтын көрінеді. Еліміз ауыл-аймақ тұрғындарын мемлекеттің жер қорына үлескер еткеніне де жиырма жылдан асты. Осы аралықта өмірден озған адамдардың болары да сөзсіз. Бірақ бақилық болған адамның еншісі туған-туыстарына ауысатынын да білеміз. Алайда, құжатқа “салақ” қандастарымыз оны заңдастырып алмаған соң, бірқатар мәселелер туындап жатады. Осыны пайдаланған кейбір шаруашылықтар жұртқа берілетін аз ғана пай үлесінің өзіне иелік құжаттарын талап етіп, әуреге салады. Осы мәселе бойынша Талғат Теменов өз ойын былай білдірді:

– Мен пай үлесін бастапқы адам санымен есептеймін. Үлкен отбасынан бір ғана кісі қалса да, ол адам барлық үлесті алуға адами тұрғыдан құқылы. Өйткені, ол жерден біз пайда көріп отырмыз.

Жер дауы – қашанда үлкен мәселе. Шаруашылықтың құрамына кіріп, өз жерінен де, одан түсер пайдадан да қағылып отырған тұрғындар бұл ауылда да бар. Мұнда да көптеген солтүстікқазақстандықтарды қан қақсатып кеткен бір компанияның жыры әлі күнге дейін таусылар емес. Талғат Теменовтің айтуынша, бүгінде Ыбыраев елді мекеніне қарасты 8 мың гектар жер болса, әлі күнге дейін оның 4 мың гектары сол құрылымның иелігінде екен. Бүгінде ол компания жабылғанымен, дүние-мүліктерін басқа атаумен бой көтерген шаруашылықтарға өткізіп, өз несібесін жоғалтпаған көрінеді. Алайда, олар бұл ауылдан “ат-тондарын ала қашса да, 800 тұрғынға тиесілі пай жерлерін иелеріне табыстамай кетіпті. Бастапқы келісім бойынша аталмыш шаруашылық жерді 15 жылға жалға алса, кейін олар ретін тауып жылын ұзартып алған.

Өткен жылы “Ыбыраев” фермерлік шаруашылығы үшін табысты болыпты. Құрғақшылық болса да, егін жақсы шығып, түскен табысқа тағы да екі жаңа техника алынған. Шағын шаруашылықта жылдан-жылға адам еңбегі техникамен оңтайландырылған сайын ұжымдағы жұмысшылар саны арта бастаған. Мұнда 20 адам тұрақты еңбек етеді. Алайда, Талғат Теменов өзінің қол астында талай жыл еңбек етіп келе жатқан жерлестерін тауып отырған нанынан айыруға бата алар емес. Сондықтан мұнда 10 адам істейтін жұмысты 20 адам бөлісіп отыр. Бұл, әрине, еңбекақыны көбейтуге кедергі. Ондағы механизаторлардың көктемгі-күзгі науқан уақытындағы айлық табыстары 700-800 мың теңгені құраса, ал қалған айларда еңбек сағаты 165 теңгеден есептеледі, яғни еңбекақы 30-35 мың теңгенің айналасында шығады. Ал үш күнде бір кезекке шығатын малшылар айына 25 мың теңге табыс табады. Шаруашылық еңбеккерлеріне жұмыс киімдері мен екі мезгіл тамақ тегін беріледі. Сондай-ақ мұнда мұқтаждыққа ұшырағандарға әлеуметтік көмек беру де жолға қойылған.

Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында барлық саналы өмірін сарп еткен тәжірибелі басшыны ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген жүйелі көзқарастың қалыптаспағандығы қапаландырады.

– Астықты өткізу әлі күнге дейін “стихиялы” түрде жүргізіледі. Өнімді өткізер кезде кім бірінші келеді, соған артып береміз. Мұндай тәсілден бағаның түсері сөзсіз. Бұл – жалғыз менің шаруашылығымда ғана емес, елімізде шешілмей келе жатқан мәселе. Қазір делдалдардың күні туып тұр. Бірнеше жыл делдалдықпен айналысып жүрген жігіттерді білемін. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Олар біз өсірген астықтан бізден артық табыс табады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуде белгілі жүйе қалыптаспаған. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” деген ұйымды барлығымыз білеміз. Астыққа баға болған кезде біз сияқты шағын шарушылықтарға олар пысқырып та қарамайды. Ірі, сөздері өтімді шаруашылықтардың астығын алады. Ал баға болмаған кезде бізді жағалап, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін ойлап, бізді де ойға қалдырып, айналшықтайды. Жылда осы жағдай қайталанады. Сондай-ақ малдың етін сату да оңай емес. Мәселен, жақында ірі қараның бір килограмын небәрі 550 теңгеден өткіздім. Кейде Астанадан келіп қалғандар қымбаттырақ алып қалмаса, біздің делдалдар буынсыз жерге пышақ ұратын кезді біледі. Сосын мемлекеттік мекемелер ауыл шаруашылығы өнімдерін тендер бойынша сатып алуға тапсырыс берген кезде неге оларды тағы да делдалдар ұтып алады? Олар сол өнімдерді өсіруге еңбек сіңірмей, пайда көреді. Әлде тауар өндірушілерге тікелей шығу қиын ба? Міне, осындай ұсақ-түйекпен біздің бетіміз қайтып жатады. Бұл, әрине, ауыл шаруашылығын ұйымдастыруда, тауарлар өткізудегі жүйесіздікті білдіреді, – деді Талғат Теменов.

Шаруашылық осыдан үш жыл бұрын жаңа техникалар қатарын көбейтуді қолға алғаннан бері өнімділік пен сапа жақсара түскен. “Техника ескі болған кезде көктемгі егіс біткенге дейін барлық техниканың шамасы таусылатын. Ал оларды жөндеп алғанша, егістік басында арамшөп қаулап кететін. Енді техника жаңартылған соң, әр науқан уақтылы жүргізіледі”, – дейді фермерлік шаруашылық басшысы.

Талғат Қабиұлы банктен несие алуды ұнатпайды екен. Шаруашылықтың керек-жарақтарын өзінің жинаған қаржысына сатып алады. Осылайша техника да жылмажыл жаңартылуда. Сондай-ақ жыл сайын шаруашылық маңында құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру да дағдыға айналған. “Маңайымыз жаңарған сайын көңіліміз де жаңарып, жұмыс-қа деген ынтамыз да жоғарылай түседі”, – деп түсіндіреді ол бұл әрекеттерін. Шаруашылық басындағы дүние-мүліктердің жинақылығы қожайынның талаптылығы мен жұмысты ұйымдастыра білу қабілетінің мінсіздігін көрсетеді. Қоймалар, көліктер тұрағы, техника жөндеу орталығы, асхана – бәрі де орынды орнына салынып, берекелі шаруашылық кейпін танытады.

Талғат Теменов алдымыздағы жылы майлы дақылдардан рапс тұқымын егуді қолға алмақ. Ол аграрлық құрылымда егіншілікті әртараптандыру шаруашылықты нығайта түсетінін бұрыннан білсе де, жұмысын жоспарлы жүргізуге дағдыланған басшы майлы дақылдарды өсіруді қолға алатын кездің енді жеткеніне сенімді.

Ол – Жерананың берер сыйына, өзіне және өзінің әріптестеріне сенген басшы. Мемлекеттің кәсіпкерлікке жасаған қолдауынан өз несібесін енді көре бастаған.

– Мен биыл 1 миллион теңгеге гербицид сатып алдым, соның 30 пайызына мемлекет демеу-қаржы беруге тиіс. Құжаттарын өткізіп қойдым. Астыққа беретін демеуқаржы қолыма тиді. Біз сияқты шаруашылықтар елдегі қайырымдылық және қоғамдық жұмыстарға атсалыса отырып, мемлекеттің берген көмек қаражатын артығымен қайтарады. Біз ел ішінде жүргендіктен, қиналғанға қол ұшын бермей отыра алмаймыз. Қаншама адамды жұмыспен қамтимыз. Ондағы айтпағым: біздің кәсібіміздің елге пайдасы тиеді. Сондай-ақ мемлекет кәсіпкерлікке үлкен жол ашып отыр, тек соны жүзеге асырудың жүйелі тәсілдері болса деймін, – дейді Талғат Қабиұлы.

Шаруашылыққа жайылымдық пен шабындық жер жетпейді екен. Осы орайда: “Бұрын ауыл басшысы болған кезімде қотанның маңындағы жерді жайылымға қалдыратын едік. Бұл қажеттілік болатын. Уақыт өте билігі барлар оны да сатып жіберіп, ауылдың малына жайылымдық жер қалдырмады. Сондай-ақ иесі бар, бірақ пайдаланылмай жатқан алқаптар да көп. Аудан орталығына қатынайтын жолдың жиегінде арамшөп басқан жерді көрдіңіз. Мәселен, сол жердің иесі өзінің жағдайы келмесе, басқаға жалға берсе жөн ғой. Өзіне де пайда, басқаға да табыс болар еді. Бұл жүйені, яғни алқаптардың бос жатпауын, әрине, аудан әкімдігі қолға алып, келістіріп отыруы керек. Осыны жан-жақты бақылау аса ауыртпалық тудыратын іс емес қой, – деп өз ойын түйіндеді Талғат Теменов.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp