«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛ ЕҢБЕГІМЕН АБЫРОЙҒА БӨЛЕНГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жайлы қарттықты егіні мол күзбен салыстыруға болады. Жаз кезінде құрғақшылық, жаңбыр мен дауыл жиі болып, көктемде еккен дақылды өсіру қиынға түседі, тек күз ғана берекелі өнім жинауға мүмкіндік береді, бұрынғы еңбегіңнің нәтижесін көрсетеді. Осындай күз мезгілінде Мағжан Жұмабаев аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық пошта байланысының басшысы Дүйсентай Омаров зейнет жасына келіп отыр.

Төлеген ӘБІЛМӘЖІНОВ,

Мағжан Жұмабаев аудандық мәслихаттың хатшысы.

Оның еңбек жолы өте қызық. Бар өмірі туған жеріне арналған. Бұрынғы Булаев ауданы Қарағанды аулында туып-өскен Дүйсентай Сәукенұлы 19 жасында “Совет” кеңшарының бөлімшесіне зоотехник болып жұмысқа қабылданды. Кейін зоотехник мамандығы бойынша “Суворов” және “Калинин” атындағы кеңшарларда жұмыс істеді. Аудан басшылары осы сауатты, еңбексүйгіш жігіттің бойынан өзіне сеніп тапсырылған учаскелерде жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатын, бастамашыл және ұйымдастырушы, болашақ басшы дарынын көре білді. Оның қабілеттерін бағалай отырып, Булаев аудандық партия комитеті “Комсомол” кеңшарының коммунистеріне оны партия ұйымының хатшысы етіп сайлауды ұсынды. Партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеген кезеңінде кеңшар бірнеше рет республикалық, облыстық және аудандық социалистік жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Зор еңбек үлесі мен өндірістегі шебер ұйымдастырушылық қабілеті үшін ол “Құрмет Белгісі” орденімен, Құрмет грамоталарымен және сыйақыларымен марапатталды. Содан соң оны “40 лет Казахстана” кеңшарына партия ұйымының хатшысы етіп ауыстырды. Бұл шаруашылықта да ол ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Аудан коммунистері Дүйсентай Сәукенұлының іскерлігін бағалап, Булаев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы етіп сайлады.

Қайта құру уақытында да Дүйсентай Омаров жас, егемен Қазақстандағы саяси және экономикалық жағдайда абыройлы қызмет атқарды. Экология органында жұмыс істеген жылдары ауданның елді мекендерінің аумақтарындағы қоршаған ортаның нақты жағдайын бағалауға елеулі еңбек сіңірді. Ауыл шаруашылығы министрлігі аудандық аумақтық басқармасының бастығы болып жұмыс істеген кезінде ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы егіншілік өнімдерін арттыруға, мал басының өсуіне және өнімділігін арттыруға айрықша көңіл бөлді. Сол кезде аудандағы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, шағын тауар өндірушілердің жерлерін ұлғайтуға, мал басын көбейтуге байланысты қиын жағдай қалыптасты. Осы салада тәжірибесі мол маман қажет болды. Соған орай аудан басшылығы Дүйсентай Сәукенұлын аудан әкімінің ауылдардың дамуына жауапты бірінші орынбасары етіп тағайындап, оның көмегіне жүгінді.  

2007 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Дүйсентай Омаров – аудандық мәслихаттың депутаты. Халық қалаулысы ретінде ол көп жұмыс атқарып, жастарды мәдениетке және адамгершілікке тәрбиелеумен айналысуда. Екі шақырылым бойы ол ауыл шаруашылығы және экология саласы, экономика, бюджет, салық және қаржы салалары мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның құрамында. Азаматтарды қабылдап, олардың өмірлік мәселелеріне жанашырлықпен қарайды. Қала және ауылдық округ әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сонымен қатар ол аудандық пошта байланысын басқарып жүр. Мерзімдік баспасөзге жаздыру, пошта тарату, зейнетақы жеткізу мәселелерінің басы-қасында өзі жүреді.

Депутаттық корпус осы тамаша адамды зейнеттік демалысқа шығуымен құттықтап, әлі де ұзақ жылдар белсенді өмір сүріп, денсаулығы мықты, отбасы берекелі болсын деп тілейді. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp