“Бизнес-кеңесші” жобасы бойынша кәсіпкерлік бастамасы бар немесе өз ісін дөңгелетіп отырған 670 солтүстікқазақстандық біліктілігін арттырды. Аталмыш жоба “Бизнестің жол картасы – 2020” кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламасының қаржылай емес бөлігі болып табылады.
Екі күнгі семинарларда тыңдаушылар бизнесті жүргізу негіздерін, қызметкерлерді басқару, бизнес-жоспар құру тәсілдерін үйреніп, кәсіпкерлік және маркетингтік қызметтердің заңды аспектілерін түсінді.
Семинарларды “Шоқан” инновациялық-консалтингтік компаниясы” ЖШС-нің тәжірибелі мамандары мен оқытушылары жүргізді. Курсқа қала, аудан және ауыл тұрғындары қатыстырылды.
Семинарда қатысушыларды аса қызықтыратын мәселелер бойынша, дәлірек айтсақ, мемлекеттік тексерістердің түрлері, жеке кәсіпкерлікті тіркеуде мүгедектер үшін берілетін жеңілдік, қосымша құн салығын төлеу шарттары, кәсіпкерліктің қаржылық жағдайын анықтайтын нормативті коэффициент көрсеткіштері қалай анықталады деген сияқты сұрақтарға жауап берілді.
Сонымен қатар, бизнесті жүргізудің тәсілдерін арттыру үшін бизнесидея генерациясы, кәсіпорын қызметінің күшті және әлсіз жақтарын SWOT-талдау, 7Р әдісі арқылы маркетингке талдау жасау сияқты тәжірибелік жұмыс жүргізіліп, бизнес-жоспар жобаларын құру үйретілді.
“Бизнес-кеңесші” жобасы бойынша оқыту өзінің бизнес идеясы немесе бастамасы барларға да, кәсіпкерлігін өрістеткендерге де пайдалы болды. Сондай-ақ “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жаңа идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грантқа ие болу байқауына қатысу үшін де осы семинардың сертификаты талап етіледі.
Биылғы жұмыс барысына сараптама жасаған лекторлар алдағы оқыту курстарында өз ісімен айналысып жүрген кәсіпкерлерге кәсіпорынның бухгалтерлік есебін жүргізу, салық салу және қаржылық қызмет көрсету мәселелері бойынша терең оқыту қажеттігі бар екендігін сөз етті.
Жалпы бұл оқу курстары кәсіпкерлерге бизнес жүргізудің қыр-сырын үйретіп, сауаттылықтары мен кәсіпкерлік құзыреттерін арттыруға айтулы үлес қосқандығы сөзсіз.
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өңірлік филиалының баспасөз қызметі.