Күлбаян ВАЛЕЕВА,
Уәлиханов аудандық мәслихаттың бас маманы.
Уәлиханов ауданының Қарасу ауылдық округіне қарасты Аққұдық ауылында “Сағындықов Ю.К.” ШҚ басшысы Ұйымшыл Сағындықов тұрады.
Ұйымшыл Қабдуәлиұлы Бурабай ауыл шаруашылығы техникумын техник-механик мамандығы бойынша аяқтаған соң, 1985 жылы Аққұдық ауылына көшіп келді. 2001 жылы жары Баян Есләмқызымен бірге шаруа қожалығын ашты. Ол осы күнге дейін жұмыс істеп, жылдан-жылға аяғын нық басуда.
Егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын да дамытуға бел буған олар жылқы өсірумен айналысты. “Сағындықов Ю.К.” – бүгінгі күні Уәлиханов ауданындағы ең ірі шаруашылықтардың бірі.
Қожалық 1745 гектар жерге бидай, жүгері өсіреді. Өткен жылдардың сараптамасы бойынша, орташа шығымдылық гектарынан 10 центнерді құрады. 15 жұмыс орны құрылды, ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, сатып алынуда. Өткен жылы 2 жаңа “Вектор-410” комбайны, дизельдік отынмен жүретін “ГАЗ-53”, “МТЗ-82” тракторы, “Дон-Мар” жығу жаткасы сатып алынды.
Шаруа қожалығы тұрғындарды ұнмен қамтамасыз етіп отыр, мал азығын, отын, көмір әзірлеуге қол ұшын береді. Қыс мезгілінде шаруашылық техникалары жолды үнемі қардан тазартады.
Ұйымшыл Қабуәлиұлы – нағыз басшы. Тыңдай да, ести де біледі, әрдайым әділ шешім қабылдайды. Ауыл еңбеккерлеріне, жасөспірім жеткіншектерге баса назар аударады.
Зайыбы Баян екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр. Алматы автожол көлігі институтын тамамдаған ұлы Қайрат әкесімен бірге осы шаруашылықта еңбек етеді. Былтыр Алуа деген немересі дүниеге келді.
Аудан орталығында да, ауылдық округте де спорттық іс-шаралар өткізгенде, әлеуметтік салада, білімді дамытуда Ұйымшыл Қабдуәлиұлы әрқашан демеушілік көмек көрсетіп, қолдап отырады. Аудан орталығы – Кішкенекөл ауылында “пирамида” түріндегі демалыс орны салынды. Ұйымшыл Қабдуәлиұлы оның құрылысына 250 мың теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. Бүгінгі күні ауданда салынып жатқан мешіт құрылысына да қолдан келгенше көмек көрсетеді.
Ұ.Сағындықов – аудандық мәслихат депутаты. Ауылдастары оны екінші шақырылымға сайлады, себебі оған сенеді.
Оның сайлауалды бағдарламасының маңызды бөлігінің бірі “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылады. Басты мақсаты – өздігінен жұмыс істейтін, жұмыссыз, аз қамтылған тұрғындарды тұрақты да өнімді жұмыспен қамту жолымен халықтың табысын арттыру.
Ұйымшыл Қабдуәлиұлының есімі “Қазақстанның ең үздік адамдары” энциклопедиясынан тамаша адам, еңбеккер, өз жерінің ұлы ретінде лайықты орнын алды.
Тек осындай адамдардың арқасында бүгінгі күні ауыл шаруашылығы, шағын ауылдар сақталып отыр. Жақсы өмір сүруге ұмтылғандар үшін көз алдарында лайықты үлгі бар.