11 қазанда Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы болды. Онда Үкіметтің биылғы жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысы тыңдалды.
Жақсыбай САМРАТ,
Динара БІТІКОВА,
“Егемен Қазақстан”.
Премьер-Министр Серік Ахметов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері туралы баяндады.
“Биылғы жылы Үкімет өз жұмысында Сіздің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауыңызда айтылған негізгі міндеттерді іске асыруға басымдық берді. Бірінші кезекте экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету мен жаңа жұмыс орындарын ашуға айрықша көңіл бөлінді. Сіздің тапсырмаңыз бойынша дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң үрдіс сақталуда”, – деп бастады сөзін Үкімет басшысы.
Бүгінде әлем экономикасы жаһандық дағдарыстың жағымсыз әсерлерінен әлі толық айыға алған жоқ. Еуропа одағындағы экономикалық рецессия, АҚШ-тағы фискалдық құлдырау тәуекелдері, сонымен қатар, Қытай мен Ресей экономикасының баяулауы аясындағы жалғасып келе жатқан әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайы – осының бәрі Қазақстан экономикасына да өз әсерін тигізері айқын. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі кешенді жоспарларды жүзеге асыра отырып, атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында ғана тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізері анық. Осыған орай, еліміз биыл Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру аясында бес бағытқа басымдық берген екен. Премьер-Министр С.Ахметов осы бағыттарға жеке-жеке тоқталды.
Біріншіден, экономиканы әртараптандыру арқылы орнықты әрі ұзақмерзімді экономикалық өсімді сақтау. Бұл бағытта ағымдағы жылы мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жалғасты. Индустрияландыру картасы аясында бірінші жартыжылдықта 34 жоба іске қосылды. Ондағы инвестиция 72 млрд. теңгені құрап, 2300 шамасында тұрақты жұмыс орындары құрылды.
Басымдық берілген екінші бағыт – әлеуметтік жаңғырту және еңбек өнімділігі. Бұл ретте “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын ерекше атап өтуге болады.
Үшінші басым бағыт – тиімді өңірлік даму. Бұған орай Үкімет шағын қалаларды дамыту бағдарламасын әзірледі. Оған жалпы саны 1 млн. тұрғынды қамтитын 41 қала енді. Сондай-ақ ауылдарды қайта дамыту картасы мақұлданды. “Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 303 сумен қамту және су тарату жобасы іске асырылатын болады.
Төртінші басым бағыт – мемлекеттік басқару. Бұл бағытта мемлекеттік сыңайлы сектор субъектілерін үйлестірудің алғашқы кезеңі аяқталды және мемлекеттікпен қатысты, жеке секторға беруге жататын ұйымдар тізімі анықталды.
Бесінші басым бағыт – өңірлік ықпалдастық, ішкі экономикалық ынтымақтастықты жетілдіру. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөнінде келіссөздер жүргізуі аяқталуға жақын екенін де айта кеткен жөн.
Үкімет басшысы сондай-ақ, қолға алынған шаралардың нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі жақсара түскенін атап өтті. “Алдын ала беріліп отырған бағаға сәйкес, қаңтар-қыркүйек аралығындағы елдің ішкі жалпы өнімі 5,7 пайызға артты. Жыл қорытындысы бойынша 6 пайыз деңгейінде өсім болады деп күтілуде. Инфляция жылдық көрсеткіште алғанда 5,4 пайызға төмендеді. Негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 7,9 пайызға артты. Еліміздің халықаралық резервтері 90 млрд. АҚШ долларынан астам көрсеткішті құрады. Жұмыссыздық 5,2 пайыз деңгейінде, халықтың жан басына шаққандағы номиналдық табыс көлемі 8 айдың ішінде 9,2 пайызға артты”, – деді С.Ахметов.
Президент Үкімет басшысы Серік Ахметовтің, Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның және Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің есептерін тыңдағаннан кейін отырыс жұмысын қорытындылады.
ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫ БІРҚАЛЫПТЫ
Дүниежүзіндегі, сондай-ақ көрші мемлекеттердегі экономикалық дағдарыстың теріс ықпалы бізге де кесірін тигізуде. Солай бола тұрса да Қазақстан экономикасының дамуы бірқалыпты, тұрақты деп айтуға болады, деп бастады Елбасы өзінің сөзін. Үкімет осы қалыппен жұмыс істегелі бір жыл болды. Бұл жыл “Қазақстан – 2050” Стратегиясын іске асырудың алғашқы жылы болып отыр. Стратегияның ең негізгі мақсаты – экономикасы барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылу екенін білесіздер. Үкімет соған сәйкес еңбек етті деп айта аламыз, сондықтан биылғы атқарған жұмыстарыңызға рахмет айтамыз. Барлық аймақтар да, министрліктер де, жалпы Үкімет те біршама тындырымды еңбек етіп жатыр.
Қазақстан Президенті өз сөзінде Үкімет қызметінің басым бағыттары мен оның алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталып өтумен қатар, мемлекеттік органдар жұмысына бағасын бере келіп, бірқатар кемшіліктер мен әлеуметтік-экономикалық үдерістерді басқарудағы олқылықтарды көрсетіп берді. Қолымыз жетпей немесе қателіктен жіберген кемшіліктеріміз де көп, дей келіп Елбасы бірқатар сын-пікірлерін және алда тұрған міндеттер туралы айтып өтті.
БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ БАҒДАРЫ ҚАНДАЙ?
Ең алдымен біз қабылданған бағдарламалардың орындалу барысына тоқталуымыз керек, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Біз халыққа қабылданған бағдарламалардың бәрі пайдалы екенін, оның орындалуына қажетті ресурстардың бөлінетіндігін айтып отырамыз. Барлық бағдарламалар да еліміз үшін маңызды. Бірақ перманентті дағдарыс жағдайында бізге ресурстарымызды үнемдеуге тура келеді. Сондықтан біз кейбір нысандарды, кейбір кейінге қалдыруға болатын бағдарламаларды қаржыландыруды тоқтатамыз. Осыдан әрі Елбасы қаржыландыруды тоқтату тетіктеріне тоқталды. Мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша бюджеттік саясатты оңтайландыру қажет. Үкімет ең алдымен бюджетті жоспарлау мен орындау сапасын жақсартуға назар аударуы керек. Атап айтқанда, үш жылдық бюджет жобасы әкімдермен тиісті деңгейде келісілмеген, бұл бюджеттік бағдарламалардың теңгерімсіздігіне әкеліп соғуы мүмкін. Бюджет тиісті аймақтармен келісіліп жасалуы керек. Әрине, аймақтар көрпені өзіне қарай көлемдірек тартуға тырысады. Бірақ Үкімет олардың талап-тілегінің қажеттілікке қаншалықты жақын екенін анықтауы керек.
Бюджеттің сапасыз орындалып және толықтай игерілмеуі қалыпты жайға айналып отыр. Алдын ала болжамға қарағанда, игерілмеген қаражат көлемі бүгінгі күні 150 млрд. теңгеге жетіпті. Бюджеттік жобалардың дәстүрге айналған қымбаттауларына қарсы әрекеттер жасау керек. 2012 жылы жобалық бағалардың қымбаттауы 40 млрд. теңге болған еді. Ал биылғы жылы ол әлден-ақ 60 млрд. теңгеге жетіп отыр. Осыдан әрі Президент жобалық-сметалық құжаттарды дайындау ісін күмәнді бизнеске айналдырудың жолдары бар екенін айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа нақты тапсырма беріп, осындай күмәнді фирмалардың қызметінен бас тартып, оларға ақша аударуды тоқтатуды талап етті. Одан әрі Елбасы құрылысты жүргізетін мердігерді табу ісіндегі жымқыру жолдарын да біліп отырғанын жеткізді. Алдымен конкурсқа түскен 2 мердігердің жеңілгені сотқа береді, ол процесс аяқталғанша ешқандай жұмыс жүрмейді, одан әрі келесі конкурс болып, бұл жолы да алғашқы оқиға қайталанып, ақыр соңында “өздерінің” ақша бөлісетін “бір көз” атты мердігері ғана қалады. Мұндай істерді қарайтын судьяларды да сыбайлас жемқорлардың арасында жүр деп санауға болады, деді ол. Сондықтан да үлкен мердігерлерді табу ісіне облыстың бірінші басшылары жауапты болсын, ал біз оларды түрлі, орынсыз шағымдардан қорғауымыз керек. Тендерді комиссияның көзінше ұтып алған мердігерге тиісуге ешкімнің де хақы жоқ. Мердігерлерді анықтауда түрлі сарсаңға салудың кесірінен бағдарламалар да орындалмайды, бөлінген қаражат та игерілмей жатады, нысандардың жобалық құны да артады, дей келіп, осы келеңсіздіктерді жоюды Премьер-Министрге тапсырды. Одан әрі Қаржы министрі Б.Жәмішевке қаржылық тексеру-бақылаушылардың жеткілікті дәрежеде жұмыс істемей, осындай істегі жымқыруларды әшкере қылмайтындығы үшін ескерту жасады. Облыс әкімдерінің де мұндай істерді біліп тұрса да қазір ештеңе айтпай, тыныш отырғандығын сынап өтті.
– Қуаты да, көлемі де бірдей екі нысанның бағасы екі түрлі болатынына неге шүбә келтірмейсіңдер? – деді Президент. – Мәселен, Ақмола облысында 1200 орындық мектеп дәл сондай 900 орындық мектептен 219 млн. теңгеге арзанға түскен. Ақтөбе облысында бір жылда салынған екеуі де дәл бірдей екі мектептің құндарындағы айырмашылық 130 млн. теңге болған. Атырау облысындағы бірдей емхана құрылысына жұмсалған шығын құнының айырмашылығы 400 миллион теңгеден асқан.
Елбасы осындай фактілерді айта келіп, тиісті облыстардың әкімдерін орындарынан тұрғызып, жеткілікті дәрежеде бақылау жасамағандары үшін ескерту жасады. Сендердің міндеттерің бюджеттің, елдің ақшасының ұрланбауын бақылау емес пе, мен сендерді бұрынғыдай астықты, етті, сүтті қанша бересің деп тоқпақтап жатқаным жоқ қой, деген қатаң сөздер айта келіп, қаржы полициясы, қаржы бақылау және т.б. бақылаушы органдардың осындайларды тексеруін талап етті.
Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алу барысында оның бағасына тиісті бақылаудың жоқ екеніне назар аударды.
Сондай-ақ, құрылыс саласында жаңа технологияларды енгізу арқылы күрделі шығындарды азайту және сапаны арттыру жұмысы нашар жүргізіліп жатқаны айтылды. Соның салдарынан жаңадан салынған автомобиль жолдарын пайдалануға берген бір жылдан кейін қайта жөндеу керек болады. Атап өтілгендей, әлемдік рейтингте жол сапасы жөнінен Қазақстан 140 елдің ішінде 117-орында тұр.
Бюджеттің сапасыз орындалуы көбінесе рұқсат беру және келісу ресімдерінің көптігіне байланысты, бұл да экономиканың дамуын тежейді. Үкіметке осы мәселелерді қатаң бақылауда ұстауға тапсырма берілді.
МЕМЛЕКЕТ НЕНІ, ҚАЛАЙ САТЫП АЛУДА?
Президент өз сөзінде мемлекеттік сатып алу мәселесіне де арнайы тоқталды. Бюджеттік бағдарламалардың орындалмауының және олардың тиімсіздігінің негізгі себебі мемлекеттік сатып алу жүйесі болып саналады. Көбінесе мемлекеттік органдар тендерлерде “бөгде” жеткізушілердің қатысуына мүмкіндік бермейтін шарттар белгілейді. Бұған қоса мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздерін өздері жауапкершіліктен босатып, сатып алуға қатысты шешім қабылдаудан сырт қалады, дей келіп, Мемлекет басшысы әкімдер мен орталық мемлекеттік органдардың басшыларына тендерлік комиссияларды өздері басқарып, олардың ауқымды көлемдегі мемлекет қаражатын шығындауға байланысты жұмыстары үшін толықтай жауапкершілік алуын тапсырды. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізуді тездеткен жөн.
Нысандар мен жер учаскелерін сатып алуда тиісті дәрежеде бақылау жасалмайды. Мәселен, Ақтөбе облысының Шалқар ауданында құны 75 млн. теңгелік 140 орындық балабақша екі есе бағасына сатылып алынған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осындай мысалдарға қарап әкімдер ештеңені де бақыламай ма деп қаласың. Жаңа технологиялар енгізу арқылы күрделі шығындарды азайту мәселесін де ешкім қолға алмаған. Әсіресе, үй құрылысында, жол құрылысында осындай әдістерді қолданып, бағаны азайтуға болушы еді ғой. Мен Ресейде жаңа технологиялар қолдану арқылы салынып жатқан Мәскеу – Қазан тасжолының бұрынғы бағадан екі есе арзандағанын естідім. Бізде неге осындайларды қолға алмасқа? – деді Президент.
КӘСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС
Отырыста қаралған мәселелердің келесі бөлігі мемлекеттік қорғауды және кәсіпкерлікті қолдауды күшейту болды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Сонымен бірге, оны жүзеге асыруға қатысты шағымдар да көбейіп отыр. Мәселен, 43 аудан және облыстық маңызы бар қалалар “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясындағы несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау жұмыстарын жүргізіп отырған жоқ. Бұл қызмет түрі Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында баяу жүруде. Ақмола, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кәсіпкерлерге бірде-бір грант берілмеген. 10 ауданда және облыстық маңызы бар қалаларда жаңа бастаушы кәсіпкерлерге бірде-бір шағын несие берілмеген.
Мемлекет басшысы аталған облыс әкімдерінің әрқайсысына осы мәселе бойынша есеп беріп, нәтижесін БАҚ-та жариялауды тапсырды.
Сонымен қатар, бірқатар өңірлер “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша бөлінетін қаражаттың тапшылығына кезігіп отырғаны айтылды. Өңірлік комиссиялар мақұлдаған 155 жоба бойынша тапшылық 1,5 миллиард теңгені құрайды. Қазақстан Президенті осы қаражатты бөлуге пәрмен берді.
Мемлекет басшысы мемлекет-жекеменшік серіктестігі сияқты тәсілдің тиімділігі төмен екендігіне назар аударды. Атап айтқанда, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары 2008 жылдан бері сараптамаға бірде-бір концессиялық ұсыныс жасамаған. Даму институттары, банктер, зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары мемлекет-жекеменшік серіктестігі жобаларына белсене қатыспайды.
Нұрсұлтан Назарбаев бизнесті дамыту үшін маңызды ынталандыру және бюджетті толтырудың көзі жекешелендірудің жаңа толқыны болуы тиістігін атап өтті. Сөйте тұра, мемлекеттің қатысы бар ұйымдардың тек 4 пайызын ғана жекешелендіру туралы ұсыныс енгізілген.
– Әрбір ведомство мен “Самұрық-Қазына” және “ҚазАгро”компанияларының жекешелендіру нысандарын комиссиялық түрде анықтап, осы жұмысты ашық жүргізу қажет. Біз шағын және орта кәсіпкерліктің мыңдаған жаңа субъектілерін құра аламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев статистика елдегі шағын және орта бизнес өсімін көрсететінін атап өтті. Жеке кәсіпкерлердің саны екі жылда 21 пайызға өскенімен, олардан салық түсімдері 11 пайызға ғана ұлғайған.
Тексерулер кезіндегі заңбұзушылықтар бұрынғыша сақталып отыр. Бизнесті қорғаудың Президенттік сайтына өткен жылғы 9 айда – 870, ал биыл 940 шағым түсіп үлгерді. Биылғы 7 айдың өзінде прокуратура органдары 2 мыңнан астам негізсіз тексерулерді анықтады. Мемлекет басшысы Бас прокуратураға тексеру шараларын қысқарту бойынша ұсыныс әзірлеуді, сондай-ақ заңсыз тексеру бастамашыларын жазалауды тапсырды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ “көлеңкелі экономиканың” көлемін төмендету жұмыстары созылып бара жатқанына назар аударды. Атап айтқанда, алкоголь айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізу 2015 жылға ысырылған. Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысына осы мәселені шешуді және “көлеңкелі экономиканың” көлемін төмендету жұмыстарының барысы жайлы тұрақты баяндап отыру қажеттігін айтты.
ИНДУСТРИЯЛЫҚ САЯСАТТЫҢ САЛМАҒЫ
Отырыста талқыланған үшінші маңызды бағыт өңірлік даму міндеттері аясында индустриялық саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету болды.
Мемлекет басшысы индустрияландырудың бірінші “бесжылдығы” оң нәтиже бергенін атап өтті. Құны 2,1 трлн. теңгелік 563 нысан пайдалануға беріліп, 2,2 трлн. теңгенің өнімдері өндірілді. 70 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
– Біз дағдарыстың ең қиын кезінде осындай бағдарламаны бірінші болып қабылдадық. Бізден кейін инновациялық бағдарламаларды АҚШ, Жапония, Түркия және өзге де көптеген елдер іске қосты. Бәрі мұндай шараның қажеттігін сезінді, сондықтан біз “нүктеге” дәл түстік. Екінші “бесжылдық” бағдарламасын сапалы әзірлеп, бұл бағыттағы инвестицияның қарқынын азайтып алмау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, нақты секторды, соның ішінде институттық секторды қолдау тетіктерін жетілдіру керек. Мысалы, биыл құрылған Өңірлік даму министрлігі өкілеттігі мен қаражатының ара-жігі нақты болмағандықтан өз міндетін толық көлемде жүзеге асырмағаны, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен арада міндеттерді бөлісуде түсініспеушілік туындағаны атап өтілді.
– Бізде кәсіпкерлерге қолдау көрсетуден гөрі оларды бақылау функциялары көп, – деді Мемлекет басшысы. Ол санэпидстанса қызметінде 12 мың қызметкер, ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде 200 мемлекеттік қызметші жұмыс істейтінін атап өтті.
Өндіріс қуатын ұтымды орналастыру талаптары сақталмай отыр. Мысалы, Астанада электровоздар шығаратын зауыттың және Павлодарда жүк вагондары мен жартылай вагондар шығаратын зауыттың ашылғанына қарамастан, Қарағандыда тағы бір балама кәсіпорын салу жоспарлануда.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет те жандандыруды қажет етеді. Елімізде барланған қорлардың жеткілікті өсімі қамтамасыз етілмейтіні, жұмыс істемейтін кеніштер бойынша ахуал сол күйінде екені атап өтілді. Биыл жер қойнауын пайдалану құқығын беруге бірде-бір конкурс өткізілмеген, халықаралық инвестицияларды тартуға ешқандай келісімшарт жасалмаған. Атап айтқанда, “Рио-Тинто” сияқты ірі инвестордың ұсынысы бойынша әлі шешім қабылданған жоқ.
Энергетика саласында Мемлекет басшысы елдің оңтүстігіндегі энергия тапшылығын төмендету қажеттігіне айрықша назар аударып, соған байланысты Үкіметке Балқаш ЖЭС-ның құрылысы мен инфрақұрылымын бақылауға алуды тапсырды.
Президент “жасыл экономика” туралы айтпас бұрын энергия үнемдеудің базалық мәселелерін шешу қажеттігін атап көрсетті. Қазақстанда жылу желілеріндегі шығын 22,1 пайыз, ал Еуроодақта орташа 10 пайызды құрайды. Қазақстандық электр желілерінде шығын 14 пайыз болса, Қытай, Корея, Жапонияда ол небәрі 5 пайыз.
Мемлекеттік органдар тарапынан энергия үнемдеу мен энергия есептеу мәселелеріне жеткіліксіз деңгейде көңіл бөлінеді. Мәселен, жалпы үйдің жылу есептегіштерімен қамтамасыз ету Қарағанды облысында 25,8 пайызды, Батыс Қазақстан облысында 16 пайызды ғана құрайды. Тұрғындар арасында электр энергиясын, жылу мен газды үнемдеу жөнінде пәрменді насихат жүргізілмейді.
Елбасы өзінің бұрын жекешелендірудің келесі толқынын жүргізу туралы берген тапсырмасына тоқталды. Бүгінгі күні мемлекеттің үлесі бар ұйымдар саны алты мыңнан асып барады. Олардағы адам саны миллионға жуық және бюджеттен оларды ұстауға 1,5 трлн. теңге кетеді, деді Президент. Біз қиыншылық жылдарында сатып жіберген аса ірі компаниялардың бақылау пакетін мемлекетке қайтардық. Ол дұрыс. Бірақ басқа жақтан бұрын жекешеленіп кеткен дүниелер неге қайтадан мемлекеттің мойнына мініп кеткен, деп осыған орай Өмірзақ Шөкеевтен түсінік сұрады. Ол ұлттық компаниялардың жанынан құрылған еншілес кәсіпорындардың тізімі жасалып, оның негізгі бөлігі жекешелендірілгенін айтты.
Инновациялық-индустриялық бағдарламаның алғашқы 5 жылдығы жақсы табыстармен аяқталғаны қанағатпен аталып өтіліп, осы қарқынның алдағы уақытта да жалғастырылуы талап етілді. Алайда, көптеген жобалар тоқырауға ұшырағанын айта келіп, соның ішінде Қарағандының фермерлерге ұшақ шығарамыз деген зауытының тоқтап қалғанын, ОҚО-дағы тоқыма фабрикасының жұмыс істемейтінін сын тезіне салып, тиісті лауазымды тұлғалардан түсінік алды. Индустрияландыру жұмыстарын қадағалауды тоқтатып едім, бәрі де тоқырауға айналғанын байқаймын. Енді қайтадан бақылап отыратын боламын, тіпті, әрбір тоқсан сайын бақылаймын, деді Президент.
АГРАРЛЫҚ СЕКТОРҒА – АЙРЫҚША НАЗАР
Үкіметтің кеңейтілген отырысында аграрлық сектор секілді стратегиялық сала мәселелері бөлек қаралды.
Мемлекет басшысы ет экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылғанын еске салды. Тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға 120 миллиард теңге бөлінген. Сөйте тұра, биылғы жылдың 7 айында Кеден одағынан сыртқа шығарылатын ет экспорты нөлге теңескен. Мұның орнына Қазақстан етті сырттан, соның ішінде Беларусьтан импорттауда.
Шұжық өнімдерінің экспорты да 2013 жылы нөлдік деңгейге түсіп, кәсіпорындардың жүктемесі 28 пайыз ғана болған. Осындай жағдай сүт, қант және майға қатысты да байқалады.
Қазақстан Президенті қаражат жетіспеушілігі жағдайында да азық-түліктің тұрақтандырушы қорларын қаржыландыру жалғастырылғанын атап өтті. Бұл орайда іс жүзінде 5 миллиард теңге немесе бөлінген қаражаттың 40 пайызы депозиттерде жатыр және пайдаланылмай отыр. Бұған қоса, тұрақтандырушы қорлардың жұмысына қарамастан, әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімдердің бағасы едәуір өскен.
“ҚазАгроҚаржы” былтыр 66 жобаны, ал биыл, қаржыландыру көлемі ұлғайса да, небәрі 16 жобаны іске асырды.
Мемлекет басшысы пайдаланылмаған жерлерді ревизиялау және оларды айналысқа түсіру тетіктерін әзірлеу жұмыстарының салғырт жүргізіліп жатқанын айтты.
Президент Ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеудің қисындылығына күмән келтірді, өйткені, осындай құжат 2004-2010 жылдары-ақ жүзеге асырылған болатын.
– Алдымен бұрынғы бағдарламада қарастырылғанды аяғына жеткізіңіздер және нақты нәтижелері бойынша есеп беріңіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚАЙТАЛАМА ҚҰРЫЛЫМДАРДАН
ҚҰТЫЛУ ҚАЖЕТ
Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың бірін-бірі қайталайтын құрылымдарын оңтайландыруды және функцияларды нақты бөлу жұмысын жалғастыруды тапсырды. Әкімдердің жұмысын бағалаудың қазіргі жүйесін көптеген формалық көрсеткіштер мен есептілік түрлері қиындатып отырғаны айтылды. Көрсеткіштердің 96-сының тек 46-сы қолданыстағы статистикадан алынады, ал 50-і жаңа.
Сондай-ақ, өңірлердің дамуына берілетін бағаға деген көзқарасты өзгерту қажет. Әкімдер жұмысының тиімділігі рейтингісіндегі негізгі көрсеткіштер инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, толыққанды жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік қызметтер сапасы, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері, жастарды жұмыспен қамту сияқты индикаторлар болуға тиіс.
Қазақстан Президенті Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа басшылығы ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру мәселелерін пысықтағаны жөн екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы банк секторының нақты экономиканы дамытуға салынатын салымды арттыруын басымдығы бар міндет ретінде белгілеп берді.
Өнеркәсіпке бүкіл банк секторының тек 12 пайыз несиесі бағытталады. Банктердің шағын бизнесті несиелендіруді азайту үрдісі де алаңдаушылық тудырады. Несие көлемі 2013 жылы 13 пайызға төмендеді, бұл ретте тұтынушылық несиелерінің көлемі бір жыл ішінде 50 пайызға өсіп, 2 триллион теңге деңгейіне жеткен.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТУ ЖАЛҒАСТЫРЫЛСЫН
Үкіметтің жіті назар аударуын талап ететін келесі бағыт – әлеуметтік жаңғырту үдерісін күшейту.
Соңғы үш жыл ішінде мемлекет білім беруді қаржыландыру мөлшерін 1,7 еседен астам ұлғайтты. 2013 жылы ол бір жарым триллион теңгеге жуық көлемді құрады. Бірақ балабақшалардағы орын жетіспеушілігі өткір күйінде қалуда, жарты миллионға жуық бала кезекте тұр. Жекелеген облыстар білім беру нысандарының құрылысын тұралатуға жол беруде. Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын нысандар бойынша қаржы игеру 62 пайыздан аспай отырғаны атап айтылды. Жергілікті бюджет бойынша да осындай ахуал байқалып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев кәсіптік-техникалық оқыту саласында экономика талап етіп отырған барлық мамандардың тек үштен бірі ғана даярланатынына тоқталды. Сонымен қатар, материалдық-техникалық база қанағаттанғыссыз күйде қалуда, жатақханалар жетіспейді, өндірістік тәжірибесі бар білікті мамандар қатарына жататын оқытушыларға тапшылық бар. Жоғары білім беру жүйесінде де проблемалар бар секілді.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына да аса ауқымды қаржы бөлініп отырғанын атап өтті. 2012 жылы жалпы қаржыландыру көлемі 8 миллиард долларды құрады, яғни дамыған елдер деңгейіндегі ішкі жалпы өнімнің 4 пайызы. 45 емхананың, алғашқы дәрігерлік санитарлық көмек көрсету орталықтарының, 300-ден астам дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыстары жоспарланды. Осыған қарамастан, қызмет көрсету сапасы әлі күткен нәтижеге жете қойған жоқ. Қазақстан Президенті өңірлерде салынған медициналық нысандардың білікті мамандармен қамтылуы қажеттігіне тоқталды.
Қазақстанның жүрек-қан тамырлары ауруларынан болған өлім жөнінен – бірінші, жол-көлік оқиғаларынан болған өлім жөнінен екінші орын алатыны атап айтылды. Өткен жылы жол бойында 2145 адам, биылдың өзінде 2273 адам қаза болды. Мемлекет басшысы осыған орай көлікті алкогольді ішімдік ішіп алып жүргізгендер үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
Елбасы еңбек және жұмыспен қамту саласындағы әлеуметтік көмекті өзара міндеттемелер негізінде еңбекке қабілетті адамдарға беру қажеттігіне назар аударды. Жұмыссыз адам әлеуметтік көмекті кейін қайтару шартымен алуға тиіс.
Қабылданған шараларға қарамастан, жалақы бойынша берешек сақталып отырғаны, оның биылғы 1 қарашада 1 миллиард теңгеден асқаны атап айтылды.
Баспанамен қамтамасыз ету маңызды әлеуметтік мәселе күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысы “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру көп реніш тудырып отырғанына тоқталды. Төлем қабілетінің төмендігіне байланысты оған көптеген отбасылар қатыса алмауда. Қолжетімді баспана бойынша “Тұрғын-үйқұрылыс жинақ” банкіндегі келеңсіз фактілерді атап өтіп, заңсыз жеңілдікпен үй алғандардың баспаналарын қайтаруды талап етті.
ЫҚПАЛДАСТЫҚ –
ӨМІР ТАЛАБЫ
Отырыс барысында халықаралық ықпалдастық мәселелері де қаралды.
Нұрсұлтан Назарбаев ішкі нарықтың көлемі шектеулі екендігін және экономиканың бұдан арғы өсімі үшін нарық кеңістігін кеңейту қажеттігін атап өтті.
– Ықпалдастық – біз үшін өмір талабы. Сол себепті біз қазір Еуразиялық экономикалық одақты құру және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы айтудамыз, – деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте жалпы ықпалдастық картинасын жасау, іс-әрекеттердің мүмкін болатын барлық балама нұсқаларын әзірлеу, Қазақстанның ықтимал шығындары мен пайдасына талдау жүргізу қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев келіссөз топтары мен салалық мемлекеттік органдардың арасындағы үйлестірудің, сондай-ақ отандық келіссөз жүргізушілердің деңгейін көтеру қажеттігіне тоқталды. Бұл үшін Қазақстаннан өкілдік ететін кадрларды сапалы іріктеудің айқын тетігін әзірлеп, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің осы мәселедегі рөлін күшейткен жөн.
ОТЫЗДЫҚТАН ОРЫН АЛУ ОҢАЙ ЕМЕС
Президент осы көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуі және БАҚ-тардың рөлін арттыру қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік БАҚ-тарда өзекті проблемалардың көтерілуі қадағалансын. Олардың міндеті – халыққа осызаманғы экономика, саясат, елдің іші-сыртындағы ахуал туралы ақпарат жеткізу, дей келіп, Мемлекет басшысы өзінің елдің тарихы туралы оқулық жасау жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыс істеліп жатқанын жеткізді. Тарих Конституция сияқты кәсіби мамандардың қолымен жазылуы керек деп санаймын. Мұндай салмақты іске нақ сондай мамандарды тартуымыз керек. Бұл мәселеге біз алдағы уақытта да өте объективті және анық түрде қарайтын боламыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
“Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қазақстандықтардың екі-үш буыны орындауға тиісті маңызды міндет. Әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына ену жолы оңай емес, осыны әркім түсінуі керек, деді Елбасы сөзінің қорытындысында.
(“Егемен Қазақстан”,
2013 жылғы 12 қазан).