Үстіміздегі жылдың маусым айында “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы мен “Жас Отан” жастар қанатының өкілдері Петропавл қаласының әлеуметтік қызмет көрсету нысандарында мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың мүгедек қоларбасымен кіріп-шығуына арналған баспалдақтар мен пандустардың бар-жоғын анықтау мақсатында рейд жүргізген еді. Осыған орай “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ-ның атқарушы хатшысы Мұса Танақұловты әңгімеге тартып, айлықтың нәтижесі жайында сұрадық.
– Мұса Әлібекұлы, аталмыш айлықты ұйымдастыру идеясы қайдан шықты?
– 2010 жылы мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты мен “Аржан” қоғамдық қоры Қазақстанда мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін жалпыреспубликалық “Қолжетімділік картасын” іске қосқан еді. Аталмыш игі бастаманы Парламент Мәжілісінің депутаттары да құптады. Жастардан жасақталған еріктілер топтары еліміздің әр өңіріндегі қоғамдық орындарды аралап, олардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты емін-еркін қозғалыс жасауға қолайлы екенін анықтады. Кейін ғимараттың сыртқы көрінісі мен ішкі құрылысы бар суреттер www.Аrshan.kz сайтында орналастырылды. Бұл акция Алматы қаласында да қолдау тапты. Нәтижесінде, 147 қоғамдық нысанның 54-інде мүгедек жандардың кіріп-шығуына жағдай жасалғандығы анықталды. Аталмыш картаның арқасында мүмкіндігі шектеулі адамдар үйде отырып, қандай қоғамдық орынға еркін бара алатынын сайттан білу мүмкіндігіне ие болды. “Қолжетімділік картасы” осындай адамдардың көңіліне сенім ұялатып, қоғамда қалыптасқан көзқарасты, таптаурын жағдайлар мен кемсіту жайттарын өзгертуге ықпал етеді.
Өткен жылы аталмыш қоғамдық қор өкілдері бізбен хабарласып, жобаның өміршең болуына үлес қосуымызды сұраған болатын. Біз де игі істен қалыс қалмай, қала жастарымен бірлесіп, рейдке шықтық. Кейін анкеталарымыз бен фотосуреттерді www.Arzhan.kz сайтына жібердік.
– Сіздер өткізген айлықтың нәтижесі қандай?
– Ресми дерек бойынша, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 500 мыңнан асса, олардың 29 мыңы Қызылжар өңірінде тұрады екен. Тағдырдың жазуымен өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігінен айрылған бұл азаматтар үшін қоғамдық көліктермен жүру мүмкін емес. Өңір мүгедектерінің бөгде біреулердің көмегінсіз қозғалып жүре алатын жерлері де өте аз. Кей мекемелерде пандус болғанымен, ондағы биік басқыштар мүгедектер үшін тағы бір елеулі кедергіге айналып отыр. Сондай-ақ, облыс орталығының әлеуметтік нысандарында арнайы лифтілер мен пандустардың, қоғамдық көліктердің жоқтығы мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алу, еңбек ету құқықтарын жүзеге асыруға толық мүмкіндік бермей отыр. Кемтар жандар үшін, тіпті, қаланың бір шетінен екінші шетіне жетуі мұң болып отырғандығы шындық. Сондықтан өткен жылы ұсыныс түскенде қуана келісіп, білек сыбана кіріскен едік. Ал үстіміздегі жылы аталмыш акцияны өз бетімізбен қолға алып, бір ай көлемінде облыс орталығындағы әлеуметтік нысандарда пандустардың бар-жоғын тексердік. 10 маусым күні басталған айлық барысында облыс орталығындағы мәдениет ошақтары, сауда-саттық орындары, емдеу мекемелері мен оқу ордаларының көбі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді еместігін анықтадық. Бар пандустардың басым бөлігі сапасыз әрі ережеге қайшы салынғандықтан, қоларбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін алынбас қамалмен бірдей. Оған мүгедек түгілі, сау адамның көтерілуі қауіпті.
Айлықтың нәтижесіне тоқталар болсақ, өңір жастарымен бірлесіп, облыс орталығы бойынша 1406 әлеуметтік нысанды тексердік. Оның 21 пайызындағы пандус талапқа сай болса,19 пайызында пандустар ережеге сәйкес келмейді. Яғни, пандустардың ені тар, сырғанақ, әрі жақтаулары жоқ.
Ескі ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлерде пандустар мүлдем қарастырылмаған. Менің ойымша, пандустар бізге Еуропадан келген үрдіс сияқты. Пандус мәселесі бойынша бір-екі рейд өткізгеннен соң Виктор есімді жас жігіт хабарласып, мекемелердегі пандустарды тексеру кезінде өз көмегін ұсынды. Яғни, ол қоларбада отырып, мекемелердің пандустарына көтеріліп-түсіп, қоларбаға таңылған адамға қаншалықты қолайлы екендігін тексерді.
Сондай-ақ мекемелердің есіктерін де назарға алдық. Пластик есіктердің ені 1,5 метр болғанымен, олардың жарты бөлігі көбінесе жабық тұрады. Бұл да мүгедектердің кіруіне кедергі. Себебі, есікті өзі қолымен аша алмайды. Мәселен, “Рахмет” сауда үйіндегі есік те, пандус та талапқа сай емес.
– Пандусы жоқ мекемелердің иелерімен сөйлестіңіздер ме?
– Ондай мүмкіндік болмады. Көбінесе алдымыздан “басшы жоқ” дегенді айтып, күзетшілер ғана шығады. Әрі “Рұқсатың жоқ” деп дау айтқандар да болды. Өткенде жергілікті тілшілерді шақырып, облыс орталығының Қазақстан Конституциясы көшесі бойында орналасқан мекемелер мен дүкендерді, дәріханаларды тексердік. Олардың иелері өздеріне шаң жуытпайды.
– Жоғарыда пандустардың сырғанақтығы жайлы айтып өттіңіз…
– Иә. Пандустарды әдемілік үшін үстінен кафельмен жабады. Бірақ, көбіне бұл кафель өзінің теріс әсерін тигізіп отыр. Осы орайда Қазақстан Конституциясы көшесіндегі “Мир одежды” дүкенінің еш талапқа сай келмейтін пандусын атап өтуге болады. Аталмыш сауда үйінің иесі есік алдындағы баспалдақты жөндеп, пандус салмақ болған. Оны кірпіштен қалап, үстінен цемент жапқан. Бірақ бұл жөндеу жұмыстарының тоқтап тұрғанына да біраз уақыт болды. Есік алдында баспалдақ та, пандус та жоқ.
– Аталмыш акцияға тек “жасотандықтар” қатысты ма?
– “Жасотандықтармен” қатар, еріктілер де атсалысты. Тексеріс өткен уақытта қатарластарымыздың басым бөлігі демалыста болғандықтан, қатысуға ниет танытқандардың барлығын тарттық. Себебі, қаланың барлық ықшамаудандарын “жасотандықтардың” күшімен тексеру мүмкін емес. Қала жастары аптасына бес күн көшеге шығып, Петропавл қаласындағы әлеуметтік нысандарды тексеріп, кездескен кемшіліктерді тізіп алды.
– Тексеріс барысында қай әлеуметтік нысандарда пандустың бар-жоғы анықталды?
– Қазақстан Конституциясы көшесі бойында орналасқан “БТА” банкі филиалында, “Кәсіподақтар үйінде”, “ЦУМ” супермаркетінде және дәріханалардың бірде-бірінде пандустар салынбағандығы анықталды. Бір қуантарлығы, ауруханалар мен қала мектептерінде пандустар бар. Ал мүгедек студенттері бар М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің бірде-бір корпусында пандустың болмағаны көңілге кірбің түсірді. Шара барысында қоғамдық көліктердің де мүгедектерге қолжетімділігін тексерген едік. Бірақ мүгедек қоларбасымен мінуге болатын автобусты таппадық.
– Тексерістерден кейін жағдай өзгереді деп ойлайсыз ба?
– Біздің кемшіліктері бар мекемелердің басшыларына жағдайды түзеткізетіндей өкілеттілігіміз жоқ. Олардың басым бөліктері пандус орнатуға ниетті болғанымен, ғимарат Кеңес Одағы кезінде салынғандықтан, ондай мүмкіндіктері жоқ. Себебі, бастапқы құрылыс жобасын жасаған кезде пандус ескерілмеген. Осы орайда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында дәріхана, дүкен және мейрамхана ашқан азаматтардың пандус орнатар мүмкіндіктері жоқ. Десек те, соңғы уақытта облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алып отыр. Сол себепті жаңа үйлердің құрылыс жобасын жасаған кезде пандус мәселесі ұмыт қалмаса екен деген тілектеміз. Әрі ондай нысандарды қабылдайтын комиссиялардың құрамында мүгедектер ұйымдарының өкілдері болса, пандустар тиісті талаптарға сай салынар еді.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін облыс орталығында осыдан бес жыл бұрын ашылған “Әлеуметтік такси” қызметінің көп көмегі тиіп отырғанын атап өткен жөн. Аталмыш қызметтің үш көлігі қала мүгедектерін қалаған жерлеріне апарып келеді. Бірақ олар мүгедек қоларбасына таңылған 1 мыңнан астам жарымжан жандардың барлығын бірдей қамти алмайды. Бұл жолы да айлық барысында жиналған мәліметтеріміз бен фотосуреттерімізді “Аржан” қоғамдық қорының сайтына жібердік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.