“Солтүстік Қазақстан облысының Ауыл жастары одағы” корпоративтік қоры СҚО Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен “Мен кәсіпқой – 2013” жобасының аясында “Қазпочта” АҚ СҚО филиалында “Поштаның үздік операторы” байқауын өткізді.
Жастарды біріктіру, кәсіптік шеберлікті шыңдау, бос уақытты пайдалы өткізу және жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайыс 3 кезеңнен тұрды. Әрбір қатысушы бірінші кезеңде өзінің жұмысы мен қызмет ететін пошта бөлімін таныстыруы қажет еді. Теориялық кезеңнен сүрінбей өткен үміткерлер “Оқиға” деп аталатын 3-ші турда жұмыс барысында жиі кездесетін күрделі мәселелерді шешу жолдарын көрсетуі тиіс болатын. Ауыл-аймақтардан келген нәзік жанды пошташылар ішінде Мамлют аудандық пошта байланысы торабының қызметкері Светлана Турсунова жеңіске жетті. Екінші орын шалақындық Әсемгүл Қалиеваға бұйырды. Ал қалалық №12 пошта байланысының қызметкері Ксения Мартыненко үшінші орын иеленді. Жеңімпаздарға грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
(Өз тілшімізден).
Суретті түсірген
Серік ЕСМҰРАТОВ.