«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құрбан айт құтты болсын!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мейірімді, рақымды

Алланың атымен бастаймын!

Қадірменді мұсылман бауырлар, құрметті отандастар!

Баршамызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық ме­ре­кесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Әлемнің әр түкпірін мекендеген мұсылман­дар бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбан шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Адам осындай ізгі амалы арқылы Раббысына жақындай түседі. Ал “құрбан” сөзі “жақын болу”, “жақындау” деген мағынаны білдіреді. Бұл күні қажылыққа аттанған мұсылман бауыр­ларымыз, отандастарымыз жүздерін Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін тілеп, екі дүниенің бақытын сұрап, Жаратқанға жалбарына дұға жасайды.

Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті, асыл дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Құрбан айт мейрамын Қазақ­стан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Бұл – ұлық мерекені халықтық деңгейде атап өтуге, көпэтносты Отанымызды мекен еткен халқымыздың достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Ең бастысы, біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген құрмет деп білеміз.

Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағына­сы зор. Алланы бір, пайғамбарды хақ деп біл­ген мұсылмандар мешіттерімізде айт намазын оқып, дұға жасап, бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болғаннан кейін құр­бан­дық шалады.

Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланыс­ты күшейтуге итермелейтін ұлық мейрам.

Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жары­мыз­ға, балашағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады.

Қадірменді ағайын, бауырлар!

Алла тағала шынайы ниеттеріңізді, ізгі амалдарыңызды және шалған құрбандық­тары­ңыз­ды қайырымен қабыл еткей! Жаратушы Иеміз баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп етіп, жүзімізді жарық еткей! Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі тыныштығы мәңгілік болғай!

Бейбіт өмірді мұрат тұтқан мұсылман қауымының ұлық мерекесі құтты болсын, ағайын!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы,

Бас мүфти.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp