Аян АЛЫПҚАШЕВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы.
Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Барша мұсылмандарға ұлық болған Құрбан айт мерекесі Алланың елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударып келгенде жергілікті халықтың бұрыннан келе жатқан екі мерекесі бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол мерекелерінің мәнін білуге құмартты. Олар бұрынғы джаһилия кезінен бері осы күндері де мерекелеп, көңіл көтеретіндіктерін айтты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Алла тағала осы екі мерекенің орнына одан да артық екі мейрам сыйлады, олар: Құрбан айт пен Ораза айты”, – деп ендігі жерде мұсылмандардың мерекесі осы екі күн екенін ұқтырды.
“Құрбан” сөзі араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, құрбандық шалғандағы ықылас-ниетіміз Алла тағалаға жетіп, Жаратушымыздың ризашылығына бөленіп, оған жақындай түсу деген сөз. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы “шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау” дегенге саяды. Яғни, жоғарыда атап өткеніміздей, Құрбан айт мерекесінде жасалатын басты амалдардың бірі – құрбан шалу.
Алла тағала Құран Кәрімде: “Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!” – деп айтқан (“Хаж” сүресі, 27-28-аяттар).
Бұл аятта құрбандыққа шалынатын малдың Алладан берілген несібе екендігі айтылуда. Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Бірақ бұл жерде ескерілетін бір жайт бар: ол – біздің құрбан шалғандағы ниетіміз. Шындығында, Алла тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Алайда, біздің бұл амалды ғибадат ретінде сезініп, шынайы ниетіміздің Аллаға жететіндігінде күмән жоқ. Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, тақуалығы, жоқ-жітіктерге деген жанашырлығы сыналады. Құрбан айт мерекесінің бірден-бір мақсаты да осы. Бұл күні жамағат арасында бірлік күшейіп, мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, құттықтасуы арқылы өзара достық пен бауырмалшылдықты нығайта түседі.
“Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті”, – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде айтылған “сүннет” жол, бағыт деген мағынаны білдіреді. Яғни, біз үшін уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.
Құрбан шалудың шарттары төмендегідей:
1. Мұсылман болу.
2. Ақылды және балиғат жасына толу.
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау.
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.
Нисап мөлшері – 85 грамм алтын не соның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.
Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшілік болмауы қажет.
4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: “Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет”. (“Хаж” сүресі, 37-аят).
Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстаһап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, балашағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Бұған дәлел Алла тағаланың қасиетті Құран Кәрімде айтқаны: “Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі мүскіндер мен кедейлерге жегізіңдер”. (“Хаж” сүресі, 22-28-аяттар).
Және де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: “Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасысына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын”. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
Құрбан шалудың пайдалары мен хикметтеріне де тоқтала кетсек:
Алла тағаланың әмірлерін орындау әрдайым ризашылығына жақындатып, ақыретте сый-сияпатына кенелтеді. Құрбан шалу да Алла тағаланың арнайы әмірі болғандықтан, бұл әмірді ықыласпен орындаушы Раббысының ризашылығына қауышып, ана дүниеде жүзі жарқын болып, мол сауабына шомары сөзсіз.
Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с.) жалғасып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз (а.с.) Алла тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмайылды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сыннан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибратты оқиғаның ұмытылмас көрінісі.
Адам баласы Құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.
Руханияттан алшақ болған мына материалдық дүниенің қыспағында қалып, тарыққан ішкі дүниеміз бен көкірек сарайымыз Құрбан айттағы шалынған малдардың өзендей аққан қандарын әр-әр жерден көрген уақытта психологиялық тұрғыдан әсерленіп, бойындағы ауырлықтан жеңілдеп, көкірегіндегі қайғы-қасіретін ұмытып, адами табиғатында болатын ыза-кек, дұшпандық сияқты сезімдерден арылып, өне бойы жеңілдеп, сергіп қалады.
Жаратылысында өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардың дәнегі бар жалпы адам баласы Құрбан айтта тек қана Алла тағаланың ризашылығы үшін кедей бауырларына жәрдем беру арқылы аталмыш болымсыз сипаттардың дәнегінің түбін балтамен шауып, оның орнына бойындағы бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттар дәнегінің өніп-өсіп, жетілуі үшін су себеді.
Дүниежүзінде жылына миллиондаған мал сойылуда. Бірақ бұл сойылған малдың еттерінен көптеген кедей-кепшік мақұрым қалуда. Міне, Құрбан айтта осы кедей, тұрмысы нашар адамдардың жүзіне күлкі үйіріліп, шаттық байрағы желбірейді.
Олай болса, құрметті мұсылман бауырлар, Алла тағаланың бізге берген сыйы, пайдасы мен хикметі мол Құрбан айт мерекесін сауаппен өткізуге тырысайық. Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін! Жаратушы Иеміз әрбір отбасыға бақыт, береке берсін! Еліміз көркейіп, әрдайым бірлік пен ынтымақта болсын! Асыл дініміз Исламның өркендеп, қанат жаюына нәсіп етсін! Әмин.
Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар!
Сіздерді барша мұсылмандардың ең ұлық мерекесі – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Осынау ұлық мейрамды тәуелсіз Қазақ елі мемлекеттік деңгейде атап өтуі – біз үшін үлкен қуаныш. Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Осы ұлық мереке күні мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, құттықтасуы арқылы өзара достық пен бауырмалшылдықты нығайта түседі.
Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл еткей! Ұлық мереке мүбарак болып, әр отбасыға бақыт, береке әкелсін! Халқымыз әрдайым бірлік, ынтымақтан айрылмасын! Алла тағала елімізге тыныштық, асыл дініміз Исламның өркендеп, қанат жаюына нәсіп етсін! Әмин.
Аян АЛЫПҚАШЕВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы.