Қостанай қаласында жастар және жасөспірімдер арасында муайтай бойынша ел біріншілігі өтті. Додаға 7 қаладан 100-ден астам спортшы қатысқан болатын.
Екі жас ерекшелігі бойынша өзара мықтыны анықтасқан республикалық чемпионатта өңір намысын қорғаған 4 жас спортшының үшеуі олжалы оралды. Атап айтқанда, 48 килограмм салмақ дәрежесінде рингке үш рет көтерілген муайтайдан спорт шеберлігіне үміткер Руслан Заякин астаналық және қостанайлық муайтайшыларды ұпай санымен жеңіп, алтыннан алқа тағынды. Ал 60 килограмм салмақта күш сынасқан Сапарғали Қайырғалиев үш алаң иелерімен жұдырықтасты. Қарсыластарын нокаутқа жіберіп, ұпай санымен жеңіске жеткен ол алтын медальға қол жеткізді. Тағы бір жерлесіміз, 10 жастағы Кирилл Нецуляк екінші орынға ие болды. Рингте 35 килограмм салмақ дәрежесінде екі спортшымен жұдырықтасқан Кирилл қарсыластарының бірін жеңсе, екіншісінен жеңіліс тапқан.
Енді жеңімпаздар 13 желтоқсанда Ресейдің Томск қаласында муайтайдан өтетін халықаралық турнирге дайындалмақ.
(Өз тілшімізден.)