Аман БАЙТОҚОВ,
облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бөлімінің
бас маманы.
Өңірімізде мұнай өнімдерін сақтайтын және жүзеге асыратын 30-дан астам қойма бар болса, “тілсіз жаудың тырнағы” бұл нысандарға да тиген болатын. Мәселен, 2010 жылы “Петропавл мұнай базасы” ЖШС аумағында мұнай өнімдерінің қалдықтары мен булары жанып, соның салдарынан екі адам жапа шекті. Абырой болғанда, өрт сөндіру қызметі жедел жұмылдырылып, өрт дер кезінде ауыздықталып, цистерналардың жарылуына жол берілмеді.
Алайда, апат айтып келмейді. Сондықтан мұнай қоймаларының қауіпсіздігі шараларын нығайту мәселесі басты назарда болғаны жөн. Мысалы, мұнай және мұнай өнімдері қоймаларын қайта құру кезінде көбікті өрт сөндіру және сулы салқындату жүйесі қарастырылуы керек. Өрт орын алған жағдайда бұл жүйе өрт сөндіру тиімділігін әлдеқайда арттырады.
Аумағы 5000 текше метр және одан да үлкен жерүсті мұнай және мұнай өнімдері сұйыққоймаларында, сондай-ақ қойма ғимараттарында автоматтандырылған өрт сөндіру жүйесі болғаны жөн. Ал III санаттағы қоймаларда аумағы 5000 текше метр болатын саны екеуден артық емес жерүсті сұйыққоймаларында шыққан өртті қоймада көбік генераторы және құрғақ құбыр стационарлы орнатылған жағдайда жылжымалы өрт сөндіру техникасымен сөндіру керек. Өрттен кейін өрт сөндіруге арналған сыйымды ыдыстағы жұмсауға болмайтын су қорын қалпына келтіру уақыты 96 сағаттан аспауы тиіс.
Осындай қауіпсіздік ережелері тез жанғыш мұнай өнімдері сақталатын әр қоймада міндетті түрде орындалғаны абзал.