«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН КӘСІПКЕР ауылдастарына үлкен сый жасады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Султанов Р.М.” ЖК-гі – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда ағаш өңдеумен айналысатын бірден-бір кәсіпкерлік. Өмір ағымымен құрылысшы атанған Рафаил Султанов осы кәсіппен түбегейлі айналысқанға дейін анасымен бірге сауда-саттықта да бағын сынады, теміржолшы да, мәрмәр жонушы да болып көрді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

7 жыл Ресейдің Челябі облысындағы мәр-мәр өндіретін кен орнында жұмыс істеген ол 2004 жылы елге оралып, өз кәсібін ашуға бел буады. Алдымен өзінің қолы үйренген мәрмәр өңдеуден бастауды жөн көреді. Жерлеу қызметін көрсететін дүкен ашып, белгі тастар жасай бастайды. Алайда, бұл кәсіппен алысқа бармайтынын сезген ол құрылыс материалдарын шығарумен айналысуды жөн санайды. Әрі бұл ойға ауданның дамып, құрылыстың жанданғандығы себеп болған.

– Біздің аудан астықты өңір ғой. Өнім мол болған сайын ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Бұл құрылыстың да қарқынды жүргізілуіне септігін тигізеді. Ал құрылыстың болуы біздің тасымызды өрге домалатады. Осы арқылы біз де ауданның дамуына өз үлесімізді қосудамыз, – дейді Рафаил Султанов.

Осы оймен Ресей елінің Түмен облысынан ағаш тасымалдаған кәсіпкер одан бұйым жасауға өзі кіріседі. Ол үшін алдымен орын және станоктар қажет еді. Аудан орталығындағы қараусыз қалған жерге құжат рәсімдеп, жұмысты бастауға қажетті ғимараттарды салып, станоктар орнатады. Осы арқылы нарыққа есіктер, қоршау қадалар, терезе жақтаулары, дүкен сөрелері және басқа ағаш өнімдерін шығара бастайды. Ал 3 айдан кейін дөңгелек бөренелерді арамен кесу цехын салады. Оған бір ленталық ара – ресейлік “Авангард ЛП-65” станогын орнатады. Станоктың “атын атап, түсін түстеуіміздің” себебі ол – Рафаил Мансуровичтің ісінің дөңгелеуіне себеп болған, көңіліне сенім ұялатқан құрылғы. Оның жұмыс өнімділігіне көңілі толған кәсіпкер дәл осындай станоктың тағы біреуін сатып алады.

– Білікті мамансыз өнімділігі жоғары станок – жай ғана темір. Мен аталмыш цехқа тәжірибелері мол мамандарды тартқаныма қуанамын. Бүгінде 10 адам жұмыс істейді. Олардың арасында Олег Канюша, Виталий Ермаченко, Вячеслав Каратаев, Вадим Погодаев сияқты жақсы мамандар бар. Бізде жұмысшылардың еңбекақысы 35 мың теңгеден басталады, – дейді кәсіпкер.

4 жыл бұрын ағаш өңдеу цехын салған Рафаил Султанов халық тұтынатын тауарларды жасауды қолға алған. Бұл цехтың жұмысын өз араларында “қолы алтын” деп бағалайтын шебер Владимир Бижонге тапсырыпты. Тұтынушылардан түскен тапсырыстың молдығынан цехтар үздіксіз жұмыс істейді. Ал ағаш өңделгеннен кейін қалатын қалдықтарды ауыл тұрғындарына отын ретінде сатады.

– Ауданда біз ғана ірі көлемде ағаш өңдейміз. Әрі бұл саладағы тәжірибелі мамандардың бізде жұмыс істейтінін тағы бір атап өткім келеді. Себебі, бұл тапсырысты сапалы және барынша жылдам орындауға мүмкіндік беріп отыр. Әрі Түменнен шикізат та уақытында келіп отырады. Екі жылдан бері нақты бір шикізат жеткізіп берушімен жұмыс істейміз. Олар біздің сенімімізге ие. Қазақстанда біз сияқты кәсіпорындарға ағаш кесуге мораторий жарияланғанын өз басым құптаймын. Себебі, қатары сиреген ормандарымызды көбейтуіміз керек, – дейді Рафаил Мансурович.

“Султанов Р.М.” ЖК жасаған кесілген, кесілмеген тақта, бөрене, итарқа және өзге де ағаш өнімдері станоктан алына сала, тұтынушысына жөнелтіледі. Сол себепті де бұл жеке кәсіпкерлікте қойма деген атымен жоқ.

Осындағы цехтарда жасалған ағаш өнімдері Пески орта мектебінің, ауданаралық туберкулезге қарсы диспансердің, “Нұрсәт” сауда үйінің, Айыртау ауданындағы бір мектептің және басқа нысандардың құрылысына пайдаланылыпты. Осылай нарықтың сұранысын дәл тапқан кәсіпкер ауданның іскер азаматтарының бірі атанып отыр. Тасы өрге домалаған Рафаил Султанов аудандағы зейнеткерлер мен ардагерлерге материалдық көмек көрсетіп, әлеуметтік нысандарға демеушілік жасайды. Мәселен, үстіміздегі жылы Новоишим ауылының Совет ықшамауданында спорт алаңын салды. 4 миллион теңгеге салынған бұл алаң жазда шағын футбол, баскетбол, волейбол ойнауға лайықталса, қыста хоккей қорапшасына айналдырылады. Оның қасына ер балаларға, қыздарға арналған шешінетін орын, жаттықтырушыларға арналған кабинет, спорттық құрал-жабдықтарды жалға беретін бөлмесі бар шағын ғимарат салынған. Бұл спорт алаңын кәсіпкер ауданға сыйға тартып отыр.

– Мен осы ықшамауданда тұрамын. Бұл жер үнемі бос жататын. Ешқандай күтім де көрмейтін. Көптен бері осы жерге спорт алаңын салуды ойлап едім. Осы жылы бұл ойым жүзеге асты. Аудан орталығында бір ғана спорт алаңы бар. Ол үнемі бос болмайды. Ал бос уақыттарында спортпен шұғылданғысы келетін балалар қайда барарларын білмей дал болады, – дейді Рафаил Султанов.

СУРЕТТЕРДЕ: ЖК-нің басшысы Р.Султанов; ағаш шебері В. Бежон; шебер В. Губба және сылақшы А. Алпысбаева.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp