Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Тілде бар да, дінде жоқ” деген ащы да болса, ақиқат нақылды өзге емес, өзі айтқан халқымыздың шариғатқа шорқақтау екендігі құпия емес. Мәселен, Құрбан айтқа қатысты аңыздай болып бағаланатын Ибраһим пайғамбар: “Алланың берген жаны – Аллаға аманат” деп түсінде көргенін өңінде орындауға бекініп, қартайған шағында көрген жалғыз ұлы – Исмаилды құрбандыққа шалудан бас тартпағанын терең түсіне білеміз бе? Бұл пайғамбардың Аллаға деген сүйіспеншілігі балаға деген сүйіспеншілігінен әлдеқайда басым болғандығын аңғартпай ма?! “Қошқар туралы аңыз” деп сеніңкіремей қарайтындар осыны тезірек ұқса екен дейсің…
Бұл ретте разылық білдіретін бір жайт – еліміз Тәуелсіздік алғалы дінге ден қойғандар қатарының қалыңдай түсуі. Жас құрақтай желкілдеген жастардың мешіттеріміздің сәні де, мәні де болып жүргендігі – әбден көзіміз үйренген көрініс. Өз басым мынаған қуанамын: коммунист қана емес, бітіспес атеист те болған айбарлы ағаларымыз Алланың барын мойындап, жайнамазға жығылды. Мешіттің ығы түгіл, жел жағынан жүрмеген кейбір зейнеткерлер де сәждеге бастарын тигізген сәтте.
“Құдай – бір, Құран – хақ” дейтін мұсылман жұртшылығы өкілдерінің жыртылып айырылатын көлдің құстарындай көп екендігі Айт намазында анық көрінеді. Бұл жолы да солай болды: діни міндеттерін орындау үшін “Қызылжар” орталық мешітіне жиналғандар ғибадатхананың асты-үстін лық толтырды. Намазхананың кең залы келушілерді тағы да сыйғыза алмағандықтан, бірінші қабаттағы асханаға да жайнамаз төселді.
Құрбан айт намазына облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты. Алдымен Самат Сапарбекұлы намазға жиналған жұртшылықты ең ұлық мереке – Құрбан айтпен құттықтап, игі тілегін білдірді. Одан кейін өңір басшысы бірінші сапта тұрып Құрбан айт намазына қатысты.
Намаздан кейін облыс әкімі “Қызылжар” мешітінің алқа мүшелерімен кездесу өткізіп, басты ғибадатханамыздың жұмысымен танысты.
Бұдан кейін Самат Ескендіров құрбан шалды.
Айттың бірінші күні түстен кейін Гурий епископ бастаған өзге діндердің өкілдері де “Қызылжар” орталық мешітіне келіп, Құрбан айтымен құттықтаған игі лебіздерін білдірді.
Суреттерді түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.