«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗДІҢ ДЕ “ҚЫЗЫЛЖАРЫМЫЗ” БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көз жанарынан айрылған мүгедек адамдардың бос уақытын ұйымдастыру жобасының аясында Петропавл қаласының Ішкі саясат бөлімінің қаржыландыруымен “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің “Қызылжар” корпоративтік қоры “Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!” республикалық байқауының іріктеу кезеңіне қатысты. Бұл шара Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтті. 

Светлана БУСЫГИНА,  

“Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігі “Қызылжар” корпоративтік қорының президенті.

Біздің қор бұл байқауға “Үздік жасаушы” аталымы бойынша 10 жастағы Асқар Шәріповтың туындыларын ұсынды. Ол қолөнердің “оригами” түрімен әуестенеді. Бұл өнер түрімен ол өздігінен айналыса бастап, отбасын еліктірді. Оны бұл іске үйретіп, бағыт-бағдар беретін ұстаздары да жоқ. Балалар шығармашылығын дамытатын студиялар мен үйірмелерге де баруға мүмкіндігі тапшы. Бала анасы Гүлнәр Шәріпованың көмегімен өздігінен қағаздан ғажап бұйымдар жасайды. Асқар байқаудың қорытындысы бойынша “Үздік жасаушы” аталымында үшінші орын алды. Бұл жеңіс оны ынталандырып, шеберлігін шыңдай түсуге септесті.

Бұл фестивальға “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің аудандардағы өкілдері де қатысты. Олар: Шал ақын ауданында тұратын Дмитрий Стуцаренко мен Есіл ауданының тұрғыны Светлана Фисенко. Жас дарындар фестиваль қонақтарын өз өнерлерімен бірінші рет қуантқан жоқ. Олардың шығармашылығы әрдайым ілтипат пен оптимизмге толы.

Қарттар күніне орай “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жанынан құрылған көркемөнерпаздар клубы Тайынша қаласындағы “Үміт” қарттар үйінде көшпелі концерт ұйымдастырды. Сапарымыз 3 сағаттан астам уақытқа созылды. Бірақ “Үміт” үйіне келгенде бұл сапарымыздың бекер емес екендігін түсіндік. Асхана залына 100-ге жуық көрермен жиналды. Олар бізді жылы қарсы алды. Біздің өнерімізді тамашалауға “Үміт” үйінде тұратын аталар мен әжелер келді. Олардың ішінде 102 жасқа келген кейуана да бар. Ол сүйікті әндерін әртістермен қосыла айтып, үнемі қол шапалақтап отырды. Көрермендер ортасында осы үйде құрылған ерлі-зайыптылардың бірнеше жұптары да болды.

Біздің әртістеріміз “Үміт” үйінің тұрғындарына жастық шақтарын еске салатын әндер орындады. Тіпті, көрермендер ортасынан әнге билегендері де болды. Өткен жылдар әндерін Григорий Снисаренко, Любовь Молчанова, Айнагүл Тәшенова мен Ахлима Кенесарина орындады. Галина Лыкова туған жер, ана және өзге де тақырыптарда өлеңдер оқыды. Дыбыс операторы Александр Бочаров ақ жаулықты әжелерге “Біздің әйелдер!” деп аталатын сықақ монологты арнады. Концерттік бағдарлама соңында көрермендер тарапынан өнерпаздарға сыйлық жасалды. “Қазақ зағиптар қоғамы” облыстық филиалының клубына келесі жылғы концертте ұлттық күйлер мен әндердің шырқалуы тілегімен домбыра сыйға тартылды. Мен біздің өнерпаздардың атынан “Үміт” үйінің жетекшісі Нина Поповаға және оның бүкіл ұжымына мұндай кешті ұйымдастыруға септескені үшін алғыс айтқым келеді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp