«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСАНДЫ СҰЛУЛЫҚ ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Заманның өзгеріп, техниканың қарыштап дамып жатқан кезінде дүкендегі тамақтан бастап, ішетін су, киетін киімнің сапасынан күдіктенетін болдық. Қоспасы жоқ табиғи өнімдерді пайдаланып, фасфудтар мен гендік модификацияланған өнімдерден аулақ болуға тырысатынымыз да ешкімге жасырын емес. Алайда, әйел заты өзіне қатысты ақиқатты мойындағысы келмейді: нағыз сұлулық – табиғи сұлулық. Әйткенмен, әлемдік нарықта жасанды сұлулыққа жұмсалатын қаражатта есеп жоқ. Осыдан-ақ адам баласына нан мен су қаншалықты керек болса, әйелге де косметика, сұлулық салондарының, шаштараздардың қызметі соншалықты керектігін бағамдауға болады. 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жасандылық жағынан біздің елдің сұлулары алдына жан салмайды. Теледидардан: “Томпақ ерін – тартымдылықтың белгісі” дегенді естіген әйелдер еріндерін томпайту үшін сұлулық салондарының, пластикалық хирургтердің алдын бермейтін болды. Кейбіреулері артық майын сылу үшін басын қатерге тігіп, пластикалық оталарға жүгініп жүр. Еліміздегі пластикалық ота жасайтын емханалар сайтына көз салып, ота құнын анықтадық. Мысалы, сүт безін ота арқылы үлкейту орта есеппен 400 мың теңге, бет липосакциясы 80 мың теңге шамасында болып шықты. Ал көздің әжімдерін түгелдей тартқызу 115 мың теңге тұрады. Қазақстандық хирургтердің айтуынша, пластикалық отаны көбінесе жол апаттарынан, соққыдан, төбелестен жарақат алғандар және туабітті ақаулары бар адамдар жасатады. Ал қалған 30-40 пайызы – өздерінің түр әлпетіне көңілдері толмай жүргендер. Қыз-келіншектер бірінші кезекте бетінің әжімін тартуға, сосын көзінің қатпарын жасату, мұрнын, құлағын түзетуге келетін көрінеді. Бұл сұлулықтың уақытша әрі аса қауіпті екені баршаға аян болғанымен, пышақтың астына өз еркімен жататындарды ештеңе де райынан қайтарар емес.

Ота болмаса да, қаупі кем түспейтін, бет пішініндегі көріксіз тұсты түзетудің тағы бір оңай жолы табылды. Ол “татуаж” деп аталады. Қасты, көз маңайын, еріннің жиегін қарындашпен сызып әуре болмайсыз, татуажда мұның барлығы иненің көмегімен жасалады. Бірақ бұл “жасанды сұлулықтың” да адам денсаулығына орасан зор зияны барын біреу білсе, біреу білмейді. Инемен теріні зақымдау арқылы түрлі бояуларды енгізген кезде қан тамырларымен адамның ішкі мүшелері уланады. Тіпті, уақыт өте келе мұндай сәннен онкологиялық ауруларға шалдығуы мүмкін екендігінен де бейхабар қыз-келіншектер бар. Иненің ұшымен ернін жиектеткен таныс бойжеткенге татуаждың зиянын айтқан кезде сөзіме сенбеген еді. Кейін сенімді ақпарат көздері арқылы растағанымда мұндай көзсіздікке барғанына өкінетінін жеткізіп, басқа құрбыларын да татуаждан бас тартуға шақыратынын айтты. “Жарнамалар арқылы осындай жасанды сұлулықтың денсаулыққа зияны насихатталар болса, көптеген қыз-келіншектер сұлулық салонына бармас бұрын ойланып барып әрекет етер еді”, – деді бойжеткен.  

Әр салада қызмет істейтін қыз-келіншектерден сұлулық және косметикаға жұмсалатын ақша турасында пікірлерін сұрағанымызда олардың көзқарастары бір ортаға тоғысты. Банк менеджері Альбина Садықова: “Опадалапты қолданамын. Алайда, сапалысын алуға тырысамын. Сұлулық салонына айына бір рет міндетті түрде барам. Маникюр жасатам, шаш қидыртам. Барлығына айына шамамен 30-50 мың теңге көлемінде ақша жұмсалады” десе, “Взгляд” сұлулық салонында 7 жыл жұмыс істеп келе жатқан Ирина Семенова өзі еңбек ететін сала қашанда сұранысқа ие екенін айтты:

– Тұрақты клиенттерім бар. Қыз-келіншектер көп келеді. Шаш қию бағасы – 1-2 мың теңге, бояту да сол шамада, ал кешкі сән үлгісімен шашты сәндеп беретін болсақ, ол – 3 мың теңгенің маңайында. Өзіне күтім жасайтын әйелдер кем дегенде шаштаразға айына 2 мәрте келеді. Ондай әйелдер той-томалаққа, қонаққа шашын сәндетпей бармайды, – деді Ирина.

Р.S. Самайына кірген ақпен, бетіне түскен әжіммен “алысқан” әйелдердің “қамын ойлаған” косметика өндірушілері мен сатушылар, сұлулық салондарында саудасын дөңгелеткен кәсіпкерлер, пластикалық хирургтер өздерін сұлулық индустриясын дамытушылар ретінде көрсетуге тырысуда. Солардың кесірінен әлем әйелдерінің санасы айықпас дертке ұшырады деп айтса да артық болмас. Шетелдің сылқымдарына “болмаса да ұқсап бағуға” тырысып жатқан қазақ қыздарын да “мәңгілік жастық” идеясы тұншықтырмасын, отбасын құру, сүйікті жар, ардақты ана болу кейінге ысырылмасын деп тілеуден басқа амал жоқ.  

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp