«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАП ОҚЫСАҢ, СӨЗ ҚҰДІРЕТІН СЕЗІНЕСІҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақпараттық технология дамыған заманда аға ұрпақ аузынан “Жастар кітап оқымайды”, “Жастар әдебиетке еш қызықпайды” деген ренішті сөздерді жиі естиміз. 

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл құбылыс тек жастар арасында ғана емес, аға буын арасында да белең алып бара жатқандай. Бұған біреулер уақыттың тапшылығын сылтауратса, екіншілері әдеби кітаптарды сатып алуды қалта көтермейтінін, үшіншілері қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың сапасының төмендігін алға тартады. Ең ақыры мерзімді басылымдарға жазылуға ақшасын аяп жүргендерді көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Егер кітап пен газет оқымасақ, күнбе-күн өмір жаңалықтарын білмесек, сараптамасақ, қалайша біліміміз бен мәдениеттілігімізді арттырамыз? Жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатырмыз деп мақтанғанымызбен, кітапсыз бірде-бір өркениетті ел болмайтынын естен шығармау қажет. Алдыңғы қатарлы елдердің халқы білімдерін күні-түні толықтырып, уақыт көшінен қалмай жүруді мәдениеттілік деп санайды.

Ал қазіргі жастарымыз кітапханаға емес, ғаламтор клубтарына жиірек барады. Дегенмен, бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Ғаламтордың пайдасы шашетектен екенін мойындаймыз. Керегіңді тез тауып аласың, әрі түрлі дерек көздері де осында. Бірақ, кемшін тұстары да бар емес пе?! Компьютерден оқыған ешқашан кітап оқығандай болмайды. Асықпай, аптықпай, нәріне сусындап оқыған кітапқа не жетсін?! Қазақтың даналыққа толы аңыздары мен жыр-дастандарын, өлең жинақтарын аға буын өкілдері ғана оқиды деуге болады. Ата-анасы күні бойы жұмысқа кеткен балаларға газет пен журналды, көркем әдебиетті оқыттыратын кісі жоқ. Кітаптың бетін ашып, оқуға ерінген мектеп оқушылары да ғаламтор көздерінен қысқаша мазмұнын қарай салатыны көңілге кірбің түсіреді. Алысқа бармай-ақ, мектеп пен ЖОО-да оқып жүрген өзімнің інілерімнің ісі де шалағай. Ең бастысы, ғаламтордан алынған ақпараттың дұрыс-бұрыстығына мән беріп жатқан бала жоқ.  

Мектепте оқып жүрген кез келген оқушыдан соңғы уақытта оқыған кітабы туралы сұрай қалсаң, Абай шығармашылығынан бастап, Мұхтар мен Мұқағалимен аяқтары сөзсіз. Яғни, мектеп бағдарламасында оқытатын кітаптардан басқасының бетін ашпайды деген ұйғарымға келуге болады.

Ауыл мектебін тамамдаған соң білім іздеп, облысымыздың қара шаңырағының бірі – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға оқуға түскен едім. Оқуымыздың алғашқы екі жылында профессор Зарқын Тайшыбайдың аптасына бір рет өткізілетін сабағына қатысуды ұнатушы едік. Себебі, ол кісі топтағы төртеуімізге қатып қалған университет бағдарламасын ғана емес, ой-өрісімізді дамыту мақсатында логикалық сұрақтар қойып, кітап оқудың маңыздылығын айтып, газет-журнал оқуға шақырудан жалықпайтын. “Қазіргі кезде ақпараттық технологиялар қарыштап дамып, электронды құрылғылардың озық үлгісі тұрмысымызға кеңінен енгізілген заманда бұрынғыдай кітапханаға жүгіруді қойдық. Тіпті, білімнің кәусар бұлағынан сусындайтын студенттерге қажетті оқулықтардың көпшілігінің электрондық нұсқасы бар. Студенттер жаны қысылғанда болмаса, өзге уақытта кітапханаға бас сұқпайды. Біздің замандастарымыз өткен ғасырдың 60-70 жылдары кітаптан алған тәлім-тәрбие ықпалымен ержеткен. Әсіресе, “Ескі қорған”, “Тар жол, тайғақ кешу” және толып жатқан басқа да әдеби шығармаларды жас кезімізде қолдан-қолға тигізбей оқитынбыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ой-өрісіңді кеңейтіп, талғамыңды ұлғайтып, ойлау қабілетіңді дамытатын, ақылыңа ақыл қосатын, жан азығың да бола білетін кітап екенін айтқым келеді. Бір мезгіл уақыт тауып қолыңа кітап алып, үңіліп оқысаң, ылғи қалтаңда қойын дәптер ұстап, ойларыңды соған жазып жүрсең, талай құнды дүниенің сырына қанық болатының айдан анық,” – деп ақылын айтатын. Ол сөздің қадірін енді ғана білгендейміз…

Бүгінгі жастарға том-том кітаптарды оқыту мүмкін емес. Сөзім жалаң болмауы үшін өмірден мысал келтірейін. Облыс орталығындағы №2 қазақ мектеп-интернатына оқуға түскенімде Жанат деген сыныптасым болды. Сол бала екі күнде бір кітап оқымаса, көңілі тыншымайтын. Жатақханада жүрсе де, сабаққа барса да қолынан кітабы түспейтін. Әрі оның оқитындары болашақ мамандығына еш қатысы жоқ, көркем әдебиет еді. Классикалық туындылармен қатар, заманауи жанрларда жазылған шығармаларды қазақ-орыс тілінде оқуға жалықпаушы еді. Содан оның бұл тірлігін оғаштау көрген кейбір сыныптастар: “Жанат, ертелі-кеш көз майыңды тауысатындай кітапта нең бар, оның орнына бізбен бірге ойнамайсың ба?!” – деп қағытатын. Кейін сабақты екінші орынға қойып, ойын қуып жүрген сыныптастарымыздың басым бөлігі ҰБТ-дан сүрініп жатқанда Жанат мектепті үздік бітіріп, тестілеуде 120 балдың 113-не қол жеткізген. Бүгінде ол Қарағанды медициналық академиясын хирург мамандығы бойынша тамамдап, облыс орталығының ауруханаларында интернатурадан өтуде. Қазіргі уақытта бір нәрседен құр қалатындай жеделдетіп оқығанды ұнататын Жанат сияқты қыз-жігіттер бар ма екен?

“Кітап оқысаң, көңіл семіреді, санаң нұрланып, сөз құдіретінің ләззатын сезініп, дәмін аласың. Сонан соң дағды болып қалыптасып, енді кітапсыз күніңді елестете алмайсың”, – деп айтып отыратын Рәзия әжем саналы ғұмырының басым бөлігін педагогикаға арнаған. Бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне жетіп, көз жанары суалса да әлі күнге дейін газет-журналдарды үзбей оқиды. Иә, жүз жерден кино көріп, мың жерден ғаламтор ақтарсаң да, бір кітап оқығандай рахат күй кеше алмайды екенсің. Сондықтан, кітап оқуды жетілдіру, әдеби шығармаларды оқу мәдениеттімін деген әрбір жастың әдетіне айналуға тиіс. Кітап – асыл қазына екенін ұмытпайық.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp