«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НҰРСИПАТҚА ҚЫЗЫҒА ҚАРАЙТЫНДАР КӨП, қызғана қарайтындар да табылады…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шал ақын ауданындағы Социал ауылында тұрмыстың қыбын тауып, жеке үй шаруашылығынан тұрақты табыс көзін орайластырып жүрген Нұрсипат Қайыржановқа қызыға да, қызғана қарайтындар табылады. Қызығатын себебі, қолындағы мал басын көбейтіп, одан өндірілген өнімдерін іс қылып отырғаны. Ал қызғана қарайтындарға үйінің іргесіндегі көршісінің мал тезегінің исі де жақпайды…  

Нұрсипаттың мал өсірумен шындап айналыса бастағанына биыл жетінші жыл. Басына бас қосып, ірі қара сиыр басын бүгінде 60-қа жақындатты. Жиырмадан астам сиыр сауып, сүт өткізумен айналысады. Ауылдың бұрын малшы болған дырдай азаматтары 2-3 қараны әзер ұстап отырғанда оның осынша малдың бағым-күтім жұмыстарын ұршықша үйіріп әкетуі тәнті етеді.

Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, қаржыгерлік мамандығы бар оның ауылды таңдауының себебін сұрадық.

– Институтты бітіргеннен кейін, 1991 жылдан бастап өзіміздің Шал ақын аудандық қаржылық бақылау бөлімінде қызмет еттім. Дағдарыс тұралатқан аумалы-төкпелі кезде ол жабылып, қазынашылық қызметке ауыстым. Бірақ оның да жұмысы ұзаққа бармай, қысқартудан соң қысқарту болып, кейін қайта жалғасқанға дейін біраз уақытқа жабылып қалған кезі болған. Әйтеуір, не керек, аяқастынан жұмыссыз қалғасын отбасыммен және туған-туысқандарыммен ақылдасып, Сергеевкадағы үйімді ініме қалдырып, ауылға оралдым. Онда әлі жер берілетін кез, 100 гектар үлесімді алып, ауылдағы тірлігімді егін себуден бастадым. Бірақ техника тапшылығы өз алдына, астыққа дұрыс баға болмағандықтан, егіншілікті доғарып, бүтіндей мал асырауға ден қойдым, – дейді Нұрсипат.

Сол үлесті жерін бүгінде шабындыққа және жайылымға пайдаланады. Ауылда бірде-бір шаруа қожалығы болмағандықтан, мал өрісінен, шабындық жерден проблема жоқ. Бұрынғы бөлімшенің егістік жерлеріне иелік ететін “ТНС – 2020” ЖШС-і барлық алқаптарды әзірге толық игеріп болған жоқ, бос жатқан егістік жерлер де көп. Бір сөзбен айтқанда, мал ұстағысы келген жанға жер жетеді.

Социалдық малшы жігіт “Сергеевка сүт өнімдері зауыты” ЖШС-іне тұрақты өнім тапсырушылардың бірі болып табылады. Ол қазір күніне 500 литрден сүт тапсыруда, малдың құнарлы кезінде 600 литрге дейін апарады. Соның тең жартысы – 250-300 литрі өзінің үй шаруашылығында өндіріледі. Сауын жұмысын зайыбы және бір жалдамалы сауыншы жүргізеді. Ал кешкілік және ертеңгілік сауылған сүтті сақтауды және зауытқа жеткізуді өзі атқарады. Меншігіндегі жеңіл үш көліктің екеуі тасымалға лайықты, ашық күндері сүт бөшкесі тіркемесін “Волгаға”, ал жауын-шашын кезінде жол таңдамайтын көлікке тіркейді. Әйтеуір, қалай болғанда да, зауытқа күніне бір қатынап, сүт тапсыруы керек. Өз қосалқы шаруашылығында өндірілгеннен басқа, ауылдағы 25-30 үйден сүт жинайды. Оның жауапкершілігі өте күшті, жұрт сеніп тапсырған соң ірітпей-шірітпей өткізіп, сүт тап-сырушыларымен уақтылы есеп айырысып отыруы тиіс. Әзірге бұл жұмысына кінә тағып, реніш білдіргендер жоқ. Қайта өз қажеттерінен артылған сүттерін өткізіп, қосымша қаражат тауып бергендеріне разы.

Алайда, Нұрсипатты қабылдаушылардың сүтті құндап бағаламайтыны қынжылтады. Зауыт одан литрін 45 теңгеден ғана қабылдайды. Өзі есеп жұмысының маманы болғандықтан, оның өнімнің өзіндік құны шамасынан аспайтынын біледі. Сүт өткізушілерден оны 40 теңгеден асыра қабылдай алмайды, өйткені өзінің жол шығынын және еңбегін ақтауы керек. Дәл осындай өнімді өңдеу кәсіпорындары 65-67 теңгеден қабылдап, орама пакетке салып, бөлшек саудаға түсіргенде 120-140 теңгеден кем сатылмайды.

Ауыл малшысының көңілге тоқ санайтыны, қанша құндалмағанымен де, құнттап айналысқан жанға малдан алар ырысы жетерлік. Ұдайы үзбей жұмыс істегенде сүттен де қыруар пайда табуға болады. Үш “МТЗ-80” тракторына, “КУН” тиегішіне және “ПТС-4” тіркемесіне қол жеткізгені – мал өсіруден түскен табыстың арқасы. Оның үстіне өсіп жатқан малдың еті мен төлінің де пайдасы аз емес.

– Күтім және бағым жұмысындағы салмақ түсерліктей істердің басы-қасында ауылдағы інілерім менімен бірге жүреді. Сондықтан ортақ табыста олардың да үлесі бар. Айталық, қазір шөп дайындап жатырмыз. Мал қыстату науқанына 40-50 тіркеме шөп дайындауымыз керек. Бүгінде бұл жұмыс еңсеріліп қалды. Ал сабан жағынан жылда қиындық көреміз, ауыл маңындағы егін алқаптарында “ТНС – 2020” ЖШС-інің комбайндары сабанды көпенелеп түсірмейді, турап, танапқа шашып тастайды. Сол сияқты, ауылда егін өсіруші шаруашылықтың болмауы себепті, жем табу да қиын. Оны сырттан сатып аламыз, – дейді Нұрсипат.

Ауылдың іскер жігіті қолдағысын ұқсатып, оны барынша тиімді пайдаланып, мал басын көбейтуінің арқасында ана-мына кәсіпкерден кем тірлік жасап отырған жоқ. Меншігіндегі ауылдың ескі мал қорасын қыс түскенше, жөндеуден өткізіп, барлық мал басын сонда қыстатуды ойластыруда.

СУРЕТТЕ: ауылдың іскер азаматы Нұрсипат Қайыржанов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp