«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙНАҚТАП ЖҮРІП, ОТ БАСПАҢДАР немесе ерте жүктілік жайында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жұмыстан кейін Қазақстан Конституциясы көшесімен үйге қайтып бара жатып, сәл аяғымды бүкпек болып, көше бойындағы орындыққа отырдым. Бірер уақыттан кейін құлағыма нәрестенің шырылдаған дауысы естілді. Жан-жағыма жалтақтай қарап, көпқабатты үйдің бұрышынан бері қарай арба сүйреткен жасөспірімді көзім шалды. “Анасы оған бауырын тастап, жақын маңдағы дүкендердің біріне кеткен ғой”, – деп іштей жорамал жасадым да, жайбарақат отыра бердім. Баланың шырылдаған дауысы құлақ жарады. “Бір жері ауырып тұр ма екен?” – дедім тағы іштей ойлап. Әлгі қыз менен алыс емес орындыққа арбасын апарып тіреді де, кішкентай нәрестені қолына алып, уата бастады. “Екі бала да шаршады-ау”, – деп орнымнан тұрып, баланы уатуға көмектесейін деп қозғала бергенім сол еді, – әлгі қыз бала орындыққа отырып, нәрестені емізе бастады. Мына көрініс менің төбемнен жай түсіргендей болды. “Өзі бала қыздың ана болып үлгергені ме?” – деген таңғалыспен артымда екі-үш адым кейін қалған орындыққа шегініп барып, қалай отырғанымды білмеймін. 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ.

“Солтүстік Қазақстан”.

Осы көріністен кейін жас қыздардың ана болу үдерісі қандай екен деген сауалды облыстық Статистика департаментіне жолдағанымда олардың жауабы мені тағы таңғалдырды. Онда олар: “2012 жылы облыс бойынша 15 жастағы үш қыз сәбилі болды. Ал 16 жастағы 28 қыз бала жүктілікті аяғына дейін жеткізді. Оның 10-ы – неке құрғандар, қалғаны – некесіз бала көтергендер. 17 жастағы 57 бойжеткен ана атанса, оның 25-і – некеде, қалғаны – некесіз туғандар”, – деген ақпарат берді. Бұл, әрине, тіркелген көрсеткіш қана. Ал жүкті болып, жасанды түсік жасатқандар немесе баласын жасырын туып, Сәбилер үйіне, тіпті, кейде күл-қоқысқа тастап кетіп жатқандар қаншама?! Осыған байланысты ерте жүктілік және оның адам ағзасына қандай қиыншылық тудыратындығы туралы Петропавл қаласындағы әйелдер консультациясы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Көжекбаева кеңінен әңгімелеп берді.

– Әйелдер консультациясына 2011 жылы – тоғыз, ал 2012 жылы 10 бойжеткен ерте жүктілікпен келіп тіркелді. Бұлар – жүктілікті аяғына дейін жеткізіп, нәрестені дүниеге әкелгендер, ал жасанды түсік жасағандары өз алдына. Бүгінде жасөспірімдердің дене бітімі мен жыныстық мүшелерінің ерте жетілетіндігін, яғни адам ағзасындағы акселерацияны байқауға болады. Мұны ғалымдар тамақтанудың жақсаруының, ақпараттың көбеюінің және қоғамдық өмірдің қарқынды дамуының көрінісі деп түсіндіреді. Алайда, қыз баланың дене бітімі тез жетілгенімен, оның мінез-құлқы соған сай бола ма?! Гәп осында.  

Осы саладағы тәжірибеме сүйенсем, көбіне бойжеткендер өздерінің жүкті болып қалғанын аңғармай қалады немесе қорқып, дәрігердің көмегіне кеш жүгінеді. Жүктілік 22-23 аптадан асып кетсе, жасанды түсік жасалмайды. Сондықтан олардың баланы тууына тура келеді. Әрине, олардың арасында баласын тастап кететіндер көп кездеседі. Бір жақсысы – мұндай жас аналардан дені сау нәресте туады. Бірақ жас босанған адамнан жақсы ана шығады деп айту қиын. Бұл жерде мен оларға ата-анасы мен туған-туыстарының тарапынан үлкен көмектің қажеттігі туралы ойымды жеткізгім келеді. Жүкті болған қызды медициналық тексерістен өткізу үшін оның қасында анасы немесе асыраушысы болмайынша, біз оны қабылдауға құқымыз жоқ. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған қыз бала жүктілік туралы анықтамасымен некеге ерте отыра алады.

Сондықтан ойнақтап жүріп, от басқан қазақ қыздары жүкті болып қалса, үлкен психологиялық күйзеліске ұрынады. Мәселен, осыдан бір ай бұрын қаладағы бір колледжде оқитын 18 жасқа енді толатын қыз бала жазғы каникулдан келіп, біздің емханаға жүктілікпен тіркелді. Түріне қарасаң, уылжып тұр. Сөзіне құлақ салсаң – бұл оқиғаны туған-туыстарына білдірмей, жуып-шаю үшін баланы күніне жеткізбей тууға дайын. Ондағы ойы – желтоқсан айында каникулға барған кезде ата-анасына түк болмағандай жолығу. Оның баласы туылған соң тастанды болары сөзсіз. Біз оған дәрігерлік және адами тұрғыдан ақылымызды айтып: “Аяғың ауырлап қалғанын жігітіңе айт, ақылдас. Мүмкін, үйленіп, баланың обалына қалмассыңдар?” – дейміз.

Қазіргі жастар тұрмыс құрмай-ақ, жыныстық қатынасқа түсуге саналы түрде барады. Бірақ мені олардың өз өмірлеріне, туатын баланың тағдырына деген жауапсыздығы таңғалдырады. Әрине, бұған қазіргі қоғамдағы жаңаша көзқарас себеп шығар? Біз Батысқа көп еліктейміз. Олардың еркін жыныстық сезімдерін ақпарат құралдарынан көрген жастар оны дұрыс әрекет ретінде қабылдайды. Алайда, біздің жастар шетелдіктер сияқты іс-қылықтарын түрлі жағымсыз нәтижелермен ушықтырмаудың жолдарын жүзеге асыра алмайды. Жастардың бүгінгі жауапсыз әрекеттерінің өзі олардың психикалық дайындығының жоқтығын көрсетеді. Соның салдарынан бала туу немесе жасанды түсік тастау бойжеткеннің жүйкесін тоздыратын көптеген жағдай тудырады. Жоғарыда сөз еткен қыз бала өзінен үлкен әпкесі де оң жақта отырып, босанғанын айтты. Сондықтан оның іс-әрекеті ата – анасының құлағына жетсе, жақсылық болмайтынын сезеді. Бір үйден екі қыз баланың осындай әрекетке баруы ондағы отбасылық тәрбиенің ақсап жатқандығын да білдірсе керек.

Біздің мекеменің мамандары қала мектептері мен колледждерге барып, жас жеткіншектерге жыныстық қатынас туралы ақпараттық ақыл-кеңес береді. Сонда байқағаным: жастар ақыл-кеңес алуға дайын, көп нәрсені білуге ынталы. Бірақ сол білгендерін жүзеге асырып, жамандықтан сақтана алмайды. Бізде жеткіншектердің гинекологы бар. Ата-ана қыздары 15-17 жасқа жеткенде дәрігерге апарып, оларды көрінуге, кеңес алуға үйреткені жөн. Олардың жыныстық қатынас кезінде жүктіліктен, түрлі жұқпалы аурулардан сақтанатын тәсілдер мен дәрі-дәрмектердің бар екенін білгендері дұрыс.

Қыз бала ерте есейіп, көп ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін болса, оның ағзасына инфекция да соғырлым көп жиналады. Ол кейін ағзаның бедеулікке, созылмалы ауруларға, қабынуға, қатерлі ісіктер мен түрлі инфекциялық ауруларға шалдығуына әкеліп соқтырады. Жүктілік кезінде жүйкесі тозып жүрген жас әйелдің қан қысымы да тұрақты болмай, денесі ісініп, сіңірлері тартылып жүреді. Ерте жүкті болуды тек оқиға ретінде ғана қарамау керек, ең бастысы – осыдан кейін бойжеткеннің денсаулығының сақталып қалу жолдарын іздестіру керек.

Кәмелетке толмаған бойжеткенге жасанды түсік жасау үшін оның қасында отбасынан есті адамдардың бірі болғанда ғана біз медициналық әрекеттерге барамыз. Оларға оның кейін қандай нәтижесі болуы ықтимал жақтарын да түсіндіріп айтуға тырысамыз. Әрине, соңғы шешімді олардың өздері қабылдайды. Мәселен, жиырма жасар қыздан гөрі 15 жасар қызға түсік жасау қиынға соғады. Өйткені, оның ағзасындағы эндокриндік жүйе қалыптасып үлгермеген. Жас ағзаның жыныстық мүшелері дамығанымен, реттеу тетіктері әлі жетілмеген. Сондықтан оның денсаулыққа кері әсері көп. Кәмелетке толмай, жасанды түсік жасатқандардың аты-жөндерін біз Ішкі істер басқармасына хабарлаймыз. Ал олар оның оқитын мекемесіне барып тексеріс жүргізеді.

Қазақтың “Қызға – қырық үйден тыю” деген мақалы өте орынды айтылған. Тәрбиенің негізі – отбасыда. Алайда, үлгі тұтарлық отбасылар да осындай оқиғаларға душар болып жатады. Мәселен, осыдан 3-4 жыл бұрын менің алдыма жүкті болып қалған қызының қылығына өзін кінәлаған ана келді. “Мен күнұзаққа жұмыстамын. Қызым кешке ешқайда шықпайды. Қалайша ол осындай әрекетке барды екен? Қалайша мен оны байқамай қалдым?” – деп зар еңірейді. Бұл ретте мен сол қыз бала мен анасының арасында бір-біріне деген толық сенім жоқ деп ойлаймын. Ана, әсіресе, қыз баламен кішкентай кезінен сырлас, ақылдас болып жүргені жөн.

Жүктілік кезінде біз қаралушыға психологпен сөйлесуге жолдама береміз. Босанғаннан кейін оның психологке баруға уақыты да болмайды. Ол баласын құшақтап үйде отырғанда құрдастары мектепте немесе колледжде оқып, жастық шақтың қызығына батып жүргенін көріп, мінезінде түрлі өзгерістердің болары сөзсіз. Яғни, жас бойжеткен өз қатарынан қалып қояды. Сондықтан жас қыздарға айтарым: ерте есеюге, үлкен адамның мінез-құлқын, өмір салтын ерте қайталауға асықпаған жөн. Әр нәрсе өз кезегімен, өз ретімен болғаны абырой, – дейді Бибігүл Ерікқызы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp