«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПАРАСАТТЫ ПОЛИЦЕЙ” АНЫҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

10-11 қазан күндері ҚР Ішкі істер министрлігінде Қазақстан халқының Тілдер мерекесі аясында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында жыл сайынғы республикалық “Парасатты полицей” байқауы өтті. 

Аталған іс-шараның мақсаты – ішкі істер органдарында тіл саясатын насихаттау, полиция қызметкер-лерінің беделін нығайту, қызметкерлерді Отанға, тілге, өз елінің тарихына деген патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем тіл мен әдебиетті насихаттауды жандандыру болып табылады.

Байқауға барлық облыстардың Ішкі істер департаменттерінен, сондай-ақ жоғары және арнайы оқу орындарынан барлығы 21 команда сайысқа түсті. Республикалық іс-шараның аясында “Парасатты полицей дегеніміз кім?”, “Туған тілім – тұғырым”, “Мен ата-анамды мақтан тұтамын” атты тақырыптарда шығармашылық байқаудың қорытындылары жария етілді. Сондай-ақ байқау қорытындысы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 11 қазанда Астана қаласындағы “Тілеп Қобыз Сарайында” өткізілді.

Байқау қорытындысы бойынша 5 аталым айқындалды. “Сегіз қырлы, бір сырлы” аталымы бойынша ІІМ Ақтөбе заң институтынан Іңкәрбек Малаев жеңімпаз атанды. “Өнерпаз команда” аталымында Қарағанды облысы ІІД-нің “Алаш айбыны” командасына тең келер ешкім болмады. “Көрермен көзайымы” аталымының жүлдесі Шығыс Қазақстан облысы ІІД-нің “Өр-Алтай сақшыларына” бұйырды. “Үздік команда капитаны” аталымына Жамбыл облысы ІІД-нің “Қаһарман елдің ұландары” командасы лайық деп танылды. Ал Атырау облысының “Атырау қырандары” өздерін ең “Ұйымшыл команда” ретінде таныта білді.

Ал байқаудың бас жүлдесі Астана қалалық ІІД-нің “7172” командасына бұйырды. І орынды Алматы облысы ІІД-нің “Айбатты арлан, Тайсалмас тарлан” командасы жеңіп алды. ІІ орынды Қостанай облыстық ІІД-нің “Ақ берен” командасы мен Маңғыстау облыстық ІІД-нің “Маңғыстау марғасқалары” командалары өзара бөлісті.

ІІІ орынға Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің “Солтүстік жұлдыздары”, Ақмола облыстық ІІД-нің “Көкше қырандары” және Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің “Қақпан” командалары лайық деп танылды.

Байқау жеңімпаздарын ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары А. Күреңбеков арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Жүлделердің ішінде ІІМ шипажайларына жолдамалар, ведомстволық басылымдарға жазылым, “Алатау” спорт кешеніне жылдық тегін абонементтер мен спорт киімдері бар. Байқаудың соңы қазақстандық эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp