«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫРНА мен ҚҰРБАҚАНЫҢ ДОСТЫҒЫ (Әзірбайжан ертегісі)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Жас достар, газетіміздегі “Балалар әлемі” қосымшасынан бұған дейін де әлем халықтарының тәлім-тәрбие берер талай ертегілерін оқып келдіңіздер. Біз сол дәстүрімізді жалғастыра отырып, енді “Әлем халықтарының ертегілері” деген жаңа айдар ашып, соның аясында еліміздегі ынтымағы жарасқан ұлт пен ұлыстардың ертегілері, ғибратты әңгімелерін жариялап отыруды жөн көрдік. Егер де балалар, сондай ертегілердің бірін өздеріңіз де білсеңіздер, газетімізге жолдаңыздар. Бірлесе оқиық. Бұл жолы Сіздерге әзірбайжан халқының ертегісін ұсынып отырмыз.

Бірде тырна батпақтан су ішіп тұрады. Бір уақытта батпақтан құрбақа шығып оған:

– Бауырым, тырна, біз бауырлассақ қайтеді? – деді.

– Құрбақа-ау, бұдан ештеңе шықпас, – дейді тырна.  

– Неге? – деп сұрайды таңғалған құрбақа.

– Себебі, сен судың астында өмір сүресің, мен бұлттың үстінде өмір сүремін. Мен сенің үйіңе бара алмаймын ғой, суға тұншығам. Сен менің үйіме келе алмайсың, қанатың жоқ, – дейді тырна.

– Ой, сол да сөз болып па, сен осы батпақтың басына келгенде кездесіп тұрсақ болды емес пе?

Тырна құрбақамен келіседі. Сөйтіп екеуі дос болыпты. Тырна батпақтың басына келген сайын екеуі кездесіп, сөйлесіп тұрыпты. Сондай бір кездесуде:

– Бауырым тырна, сен көк аспанда қалықтап жүресің. Әр нәрсені көресің, әр жерлерге барасың, ал мен болсам, осы батпақтан басқа ешқайда барған жоқпын, ештеңе көрген емеспін. Мені сен өзіңмен бірге алып ұшып, екеуміз саяхат жасасақ қайтеді? – дейді құрбақа.

– Сен менімен қалай саяхатқа шықпақсың? Сенің қанатың жоқ қой, – деп таңғалады тырна.

– Қанатым жоқ болса қайтер дейсің? Сен мені қанатыңның үстіне отырғызасың. Мен қанатыңнан қатты ұстаймын. Сөйтіп аспанға көтерілеміз, – дейді құрбақа.

Тырна құрбақаның бұл ойының қисынсыз екенін қанша түсіндірсе де, ол өз айтқанынан қайтпай қойды. Тырна амалсыз құрбақаның айтқанына көнді. Сөйтіп ол құрбақаны қанатының үстіне отырғызып, көкке көтерілді. Әрине, құрбақа тырнаның қанатына жармаса алмайды. Сусып жерге құлап түседі. Жерге емес, өзінің батпағына қайта құлайды. Тек аздаған жарақат алады.

Алаңдаған тырна құрбақаның қасына келіп:

– Екеуіміздің достығымыздан ештеңе шықпайды деп айтып ем ғой. Әркім өзінің теңімен дос болуы керек. Әйтпесе одан жақсылық күтуге болмайды, – дейді.

Суретті салған

М.КРАВЧЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp