«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖЕҢІСІ мен ЖЕМІСІ Қазақстан спортын өркендетуге жол ашты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Өзіме ұнаған көптеген деректерді кезінде “Түбінде бір кәдеме жарар” деген оймен қойындәптерлеріме, қағаз беттеріне жазып қоятын әдетім бар. Осы ретте әлгі деректеріме көз сала отырып, спорт төңірегінде ақиқатқа айнытпай көз жеткізетін жағдайлардың барын айтқым келді.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Оған мына төмендегі оқиғалар да ойтүрткі болды. Мысалы, еліміз егемендік алғаннан кейін, 1992 жылы Барселонадағы Олимпиада ойындарына тарап кеткен КСРО-ның орнына ТМД-ның құрама командалары қатысты. Келесі, 1996 жылғы Атлантадағы (АҚШ) жазғы Олимпиадаға тәуелсіз Қазақстан Республикасы жеке-дара өз үздіктерін жіберіп, онда Юрий Мельниченко (грек-рим күресі), Василий Жиров (бокс) және Александр Парыгин (қазіргі бессайыс) алғаш рет еліміздің абыройын аспандатты.

Ал өткен жылғы Лондон Олимпиадасында Қазақстан спортшыларының әлемді бас идіргендігі, тіпті, зор мақтаныш болды. Бұл жетістігімізге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айрықша қуанып, жеңімпаз спортшыларымызға құрмет көрсеткенін ұмытуға болмайды. Мұның өзі тәуелсіз елімізде спортқа қаншалықты зор көңіл бөлініп отырғанын айқын дәлелдейді.

Осы ретте, ақиқатын айтсақ, Кеңес Одағы кезіндегі қазақстандық спортшылардың осындай абыройға жету жолында бастан кешірген қиыншылықтары, КСРО құрама командаларын басқарған бас бапкерлердің қиямпұрыстықтары мен қитырқұлықтары ойға оралмай қоймайды.

Жасыратын несі бар, Кеңес Одағы кезінде елдің құрамасына мүше болып қабылдану үшін, КСРО чемпионы болған күннің өзінде, спортшы Ресейде тұруы тиіс еді. Бұл – жазылмаған заң, оны спорт мамандары жақсы білді. Егер өзге республикадан шыққан спортшы ресейліктен мығым, ал әлемдегі қарсыластары Ресей спортшысынан әлсіз болса, жаттықтырушылар түрлі айлашарғымен өзге республиканың спортшысын құрамадан сырт қалдырып отырды. Мұның бір айғағы – 1980 жылы Мәскеуде өткен ХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына Жақсылық Үшкемпіровтің қатысуының зор тосқауылға тап болғаны. Ол 1975 жылы Алматыда КСРО халықтарының спартакиадасында ресейлік қарсыластарының бәрінен айқын басым болды. Бірақ 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасына оны емес, одан Алматыда таза жеңілген қарсыласын апарды. Өйткені, ресейлікке әлемде Ж.Үшкемпіровтен өзге қарсылас жоқ еді. Мәскеу Олимпиадасына қатысу үшін қазақстандық балуан 1979 жылғы іріктеуде тағы да қарсыластарынан айқын басым болып, бапкері Вадим Псаревтің және сол жылдары КСРО спорт комитетінде лауазымды қызмет атқарған, күрес бойынша ел құрамасының дайындығына жауапкершіліктің тізгіні сол 1979 жылы қолына тиген, 1964 жылғы Токио Олимпиадасына Қазақстан атынан қатысып, республикамызға тұңғыш алтын алқа әперген, оның үстіне В. Псаревті “Әкем!” деп ардақтаған Анатолий Колесовтың араласуымен құрамаға алынып, Олимпиаданың алтынын жеңіп алған еді.

Мұндай қиямпұрыстықтың ащы дәмін бұдан бұрын балуан Әбілсейіт Айханов, боксшы Әбдісалан Нұрмаханов та татқан еді.

1962 жылы атыраулық жеңіл атлетші Әмин Тұяқов 200 метр қашықтықта КСРО чемпионы атағын жеңіп алды. Алда – Токио Олимпиадасы (1964 ж.). Ол жеңімпаз ретінде құрамаға қабылданған. Алайда, Токиода ойындар өтіп жатқан кезде КСРО-ның жеңіл атлетика құрамасының бапкерлері Әминнің орнына, ел чемпионатындағы көрсеткіші оныкінен төмендеу болса да, осы 200 метрде жүгіруді ресейлік спортшыға жүктеген. Басқаша айтқанда, Ә. Тұяқов Олимпиадаға барғанымен, жарыс жолына шығарылмай қалған. Алайда, алтын алқаны АҚШ желаяғы жеңіп алған. Кейін бұл мәселе бұрынғы одақтық газеттерде сөз болғанда жаттықтырушылар әртүрлі сылтаулармен жалтарған.

Бірақ Ә.Тұяқов бұл әділетсіздікке жасымай, 1965, 1966, 1967 жылдары осы қашықтыққа жүгіруде қатарынан үш мәрте КСРО чемпионы болып, оның 1965 жылғы көрсеткіші АҚШ жүгірушісінің Токиодағы нәтижесінен асып түскен.

Әрине, мұндай қиянаттар тек қазақ спортшыларына жасалған екен деген ой тумауы керек. Қазақстандық орыс спортшылары да опық жеген. Мысалы, 1994 жылы Лиллехаммердегі (Норвегия) қысқы Олимпиада ойындарында тәуелсіз Қазақстан Республикасына тұңғыш алтын алқасын тарту еткен Владимир Смирнов (шаңғы, 50 шақырым) мұның алдында, КСРО кезінде де Олимпиада чемпионы болар еді. Ол 1988 жылғы Калгаридегі (Канада) қысқы ойындарда 30 шақырымда жарысқанда ел құрамасында владимирлік Алексей Прокуроров екеуі ғана қарсыласты. Өзге елдерден оларға қауқар көрсететіндер кейін қалды. Жарыс жолында алда келе жатқан В. Смирновты уақытын айтып тұратын ел жаттықтырушылары қасақана жаңылдырып жіберген. Жарыс жолына одан кейін шыққан А. Прокуроровтың қазақстандықтан, кемінде, екі секунд уақытты жылдамдатуына осылайша жағдай жасалғандықтан, ол чемпион болды да, В. Смирнов күміс алқаны місе тұтты.

Кейін, одақ тараған соң Ресей бапкерлері В. Смирновты шақырғанда ол әлгі қиянатты өмір бойы ұмытпайтындықтан, өз азаматтығын өзгертуден үзілді-кесілді бас тартты.

Атақты баскетболшымыз Надежда Шуваева (кейін Ольхова атанды) Алматының әйгілі “Университет” командасында ойнаған еді. Ол – Олимпиада чемпионы. Алматы жеңімпаз студентті аспанға көтерді, оған барлық жағдай жасалды.

Бірақ оны Ресей өзіне тарта бастады. Уәдені үйіптөгіп, Мәскеудің “Динамосына” алдырмақ болды. Спортшы оған көніп қалады. Бірақ, оның анасы қарсы шыққан екен. “Алматы – туған жерің. Мен осы қалада өмір бойы тұрып келемін. Сен де – қазақстандықсың. Бұрын шақырса, қайда қалған?! Ешқайда бармайсың!” – дегенін бір сұхбатынан оқып, Надежданың анасына да, оның тілін алған қызына да риза болған едім.

Осындай жағдайға Мәскеу Олимпиадасының алтын алқасын жеңіп алған, қарағандылық ауыр атлетші Виктор Мазин де тап болғаны мәлім. Ол 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасына қатысуға тиіс еді. Олимпиада алдындағы іріктеуде ол ресейлік Николай Колесниковтен басым түскенді. Бірақ Монреальға бара алмай қалды. Өйткені, КСРО штангашыларының бас бапкері Рудольф Плюкфельдерге жоғарыдан нұсқау берілгендіктен, оның бүйрегі ресейлікке бұрған. Алайда, КСРО құрамасына тең келер қарсылас жоқ деп жүргендердің дәмесін Иван Абаджиев баптаған болгар ауыр атлетшілері тасталқан қылды. Ауыр салмақтағы Василий Алексеевтен бастап, бұл қатарда бұрынғы Көкшетау облысында туған, бүгінде Ресей құрамасының бас бапкері Давид Ригерт те бар, КСРО штангашылары оңбай ұтылды. Көп салмақтарда болгарлар басым болды. В. Алексеев ең ауыр салмақта болгариялық Валентин Христовке қайран қыла алмады. Рас, Н. Колесников жеңіске жетті. Ал осы 60 килограмм салмақта ел чемпионы болған В. Мазинді де құрамаға алуға болатын еді. Мысалы, өзге салмақтардағы егде тартқандардың есебінен бір салмаққа екі адам алуға болушы еді.

Есесіне, В. Мазин бұдан кейінгі Мәскеу ойындарында өз салмақ дәрежесінде ресейлікті артта қалдырды. Оны артынан ардақтап, Мәскеуге шақырғанымен, ол көңілі қалғанын білдірді. Осындай жағдайда тағы бір қарағандылық, бірінші ауыр салмақтағы штангашы, Монреаль ойындарының күміс жүлдегері Юрий Зайцев (алтын алқа алған болгарлық штангашы допингпен ұсталған соң Олимпиаданың алтыны кейін қазақстандыққа берілді) Ресейге емес, Украинаға, Днепропетровскіге көшіп кеткен.

Алматының үй құрылысы комбинатының (АДК) волейбол командасында ойнаған Нина Смолеева 1972 және 1976 жылдары екі мәрте Олимпиада чемпионы болды. Оны қайта-қайта шақырып, ақыры Мәскеудің “Динамосына” алдырды.

Осындай қиянатқа сексенінші жылдары КСРО чемпионы атағын неше мәрте жеңіп алған АДК-ның жаңа бас бапкері Нелли Щербакова қарсыласып бақты. Бірақ одақтың күштілеріне ол не қайран қылсын?! Олар АДК-ны “тонай” бастады. Мықты ойыншыларын алып кетті. Е. Чебукина, Е. Перевертова, С. Лихолетова сияқты шебер ойыншылар “қармаққа түсті”. Н.Щербакова өзінің қызы Иринаны ешқайда жібермеді. Осы Иринаның ойыны бүгінгі ресейлік Екатерина Гамовадан артық болмаса, кем емес екенін өз көзіммен көрдім. Мұны волейбол мамандары атап айтты да.

Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, “Әлемдегі ең үздік балуан” атанған Шәміл Серіков (57 кг.) КСРО құрамасының бас бапкері Геннадий Сапунов “Ресейдің атынан шықпасаң, құрамаға қабылданбайсың!” деп сес көрсеткеніне қарамастан, Қазақстаннан кеткен жоқ.

Кейбір жаттықтырушылар өз командаларына жол бермейтін клубтарды іштен шалу амалын қолданатынын жасырудың қажеті жоқ. Мысалы, Алматының “Буревестник” волейбол командасын алайық. Оны әйгілі қазақ бапкері Октябрь Жарылғапов құрып, жастарды тартып, шеберліктерін ұштай білді. Ақыры, бұл клуб КСРО-ның “Динамо”, ЦСКА сияқты абыройлы командаларын талай мәрте жерге қаратты. Тіпті, 1975 жылы Еуропа чемпиондарының кубогын Алматыға тарту етті. Валерий Кравченко мен Олег Антропов КСРО құрамында 1968 және 1972 жылдары Олимпиада чемпиондары болды. Жәнібек Сауранбаевтың ойын өрнегі қандай еді, шіркін?! Бір сөзбен айтқанда, қарсылас шақ келтірмейтін ұжым. Николай Рагозин мен ағайынды Шапрандар одақтағы және әлемдегі мықты жас ойыншылар қатарына қосыла бастады. Бұл уақытта “Буревестникті” О. Жарылғаповтың шәкірті Заңғар Жәркешов жаттықтыратын. Осы кезде сырттан “Буревестникті” әлсіретуге айлалы әрекет жасалды. Қысқасы, алдымен, ЦСКА-ның және сонымен бірге КСРО құрамасының бас бапкері лауазымын иеленген Борис Чесноков қайткен күнде де Қазақстан клубын “құрықтауға” кірісті. Сөйтіп, ол команданың іргесін бірте-бірте сөге бастады. Әуелі, В.Кравченконы әскерге шақыруды желеу етіп ЦСКА-ға алдырмақшы болды. Бұл әрекетінен ештеңе шықпаған соң Н. Рагозинге ауыз салды. Ол да көнбеді. Осыдан соң Б. Чесноков О.Антроповты тартып әкетіп, “Буревестниктің” жылдар бойы қалыптасқан ойын өрнегін бұзды. Сөйтіп, оның командасына қарсы келетіннің ең зоры құртылып, ЦСКА Риганың, Таллиннің, Ростовтың ойыншыларын қалпақпен ұрып алып жүрді. Мәселен, ол Ростовтың СКА командасынан мықты ойыншы Владимир Кондраны да осылайша өзіне қосып алып, мұндай қитырқұлықтың зардабын ростовтықтар айтарлықтай шекті.

1975 жылы допты хоккейден Еуропа чемпиондарының кубогын жеңіп алған, КСРО чемпиондығын қатарынан иеленген Алматының “Динамосын” мәскеулік “Динамоның” бас бапкері, ел құрамасын да басқарған В. Маслов та осындай әрекетті қолданып, құрбандыққа шалды. Атақты Эдуард Айрих пен жерлесіміз Қазбек Байболов тірнектеп жүріп, жатпай-тұрмай жасақтаған алматылық клуб ақыры әлсірей бастады. В. Масловтың КСРО құрамасына алған Валерий Бочковқа, Вячеслав Паневке, Леонид Лобачевке және Валерий Савинге Алматыдан өзге жерлердегі командаларға шақырылатындықтарын, егер ел құрамасында ойнағылары келсе, осыған келісулері керектігін үзілді-кесілді талап еткені кейін анықталды. Оның Алматыдан әкетпекші болған бесінші ойыншысы, кеңес допты хоккейінің үздік шабуылшыларының бірі, Орал қаласында туған қазақстандық Александр Ионкин, В. Маслов қанша қызықтырса да, Э. Айрихті сатпаған. Ал алдауға түскен алдыңғы үшеуі Мәскеуден орын тимей, Красногорскінің “Зоркийінде”, В. Савин Красноярскінің “Енисейінде” қалды.

Қазақстанның жалғыз да атақты хоккей командасы Өскеменнің “Торпедосы” еді. Ол Кеңес Одағы хоккейінің алтын қазынасы болды десем, артық емес. Оның көптеген үздік ойыншыларын Мәскеу командалары талан-таражға салды. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Алдымен мықты қорғаушы Евгений Паладьевті “Спартак” өзіне қосып алды. Одан қалыспаған “Динамо” қорғаушы Виктор Полупановты алып кетті. “Спартак” шебер де жас шабуылшы Михаил Варнавскийді ауыстырып алды. ЦСКА КСРО хоккейінің ең үздіктерінің бірі, шабуылшы Борис Александровты “әскерге шақырды”. Ол осында неше мәрте ел чемпионы атанды, Олимпиада ойындарында алтын алқа тақты. Ағайынды Александр және Евгений Корешковтар Ресейге алдырылды. Алайда, Қазақстанда хоккейдің өрістеп, өрлеуі мәскеуліктерді толғандырмады, өсуге осылайша жол берілмеді. Оның өскініне балта шабылды да отырды. Бір ғана Өскеменнің өзі қаншама дарынды балаларды шыңдап, өзгелерді жарылқап келді.

Есесіне, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан өзінің лайықты спортшыларын шыңдап, Азия ойындарының жеңімпазы атанды, 2012 жылғы Олимпиадада жұлдызы жарқырады. Ресейде жолы болмаған Елена Хрусталева (биатлоншы) Қазақстанға келіп, Олимпиаданың күміс алқасын алса, Светлана Подобедова (ауыр атлетика) 2012 жылғы Лондон ойындарында жеңімпаз атанды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігінің жеңісі мен жемісі емес пе?!

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp