XVII ғасырдың басында ішкі тартыстар нәтижесінде Қазақ хандығы әлсіреді. Тәуекелдің інісі Есім ханның билікке келуі Қазақ хандығының одан әрі құлдырауына кедергі болды. Қазақтың тағы бір ханы Тұрсын ханмен арадағы күрделі қарым-қатынасқа қарамастан, Есім хан Қазақ хандығын нығайту үшін бірқатар шаралар атқарды. “Есімханның ескі жолы” атты заң дүниеге келді. Көрші мемлекеттермен шайқастарда жетістіктерге қол жеткізілді. Ойрат тайпаларының бірнеше жорықтарына тойтарыс берілді.
Қазақтың ұлы билеушілерінің бірі Есім хан 1628 жылдың күзінде қайтыс болды.
1635 жылы ойрат тайпалары Қазақ хандығының басты қарсыласына айналған “Орталық Азиядағы соңғы көшпенді империя” – Жоңғар хандығының негізін қалады.
XVII ғасырдың 30-50 жылдары қазақтар жоңғар басқыншылығына қарсы күрес жүргізді. 1643 жылы Орбұлақ шайқасы болды. Жәңгір хан қол астындағы 600 сарбазымен жоңғардың 50 мың әскеріне тойтарыс берді.
1680 жылы Тәуке ханның билікке келуі Қазақ мемлекеттілігінің жаңа сатыға көтерілуіне себеп болды. XVII ғасырдың аяғында Тәуке ханның тұсында қазақ мемлекеттілігін күшейту бағытында “Жеті Жарғы” – Қазақ хандығының жаңа заңы қабылданды.
1715 жылы қазақтың үш жүзіне билігін жүргізген соңғы қазақ билеушісі Тәуке хан қайтыс болды. Оның өлімінен кейін қазақтың әр жүзінде өз ханы пайда болды.