«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СПОРТ САРАЙЫНЫҢ НОБАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше өңір жетекшісі Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыстық әкімдік жанындағы қала құрылысы кеңесі Петропавлда салынатын Спорт сарайының жобасын және Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылының құрылысы жоспарын талқылады. 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс орталығына салынуы тиіс А. Винокуров атындағы Спорт сарайын жобалаушы бас мердігер – “ППК” жобалау-құрылыс компаниясы” ЖШС-нің директоры Анатолий Кочетов кеңес мүшелерін алғашқы үлгімен таныстырды. Аумағы 14800 шаршы метрден асатын Спорт сарайы 3 блоктан тұрмақ. Ең үлкен блок – мұз айдыны. Онда көрермендерге арналған орын – 1000.  

– Спорт сарайының құрылыс жобасын жасауға тапсырыс берер кезде өңіріміздегі жаттықтырушылармен талай мәрте кездестік. Талқылаулардың нәтижесінде Спорт сарайына дайындалатын өз орындары жоқ ойын түрлерін орналастыру қажет деген шешімге келдік. Жалпы мұз айдынында өтетін спорт түрлеріне, велоспортқа және жеңіл атлетикаға басымдық берілген. Аталмыш спорттық ойындар бойынша ел намысын қорғап жүрген атақты жерлестеріміз бар. Сондай-ақ көпфункционалды ойын алаңдары да болады, – деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин.

Алғашқы нұсқамен танысқан кеңес мүшелері мен қатысушылар Спорт сарайының құрылыс жобасын жетілдіруде өз ұсыныстарын айтты. Солтүстіктің қысын да басты назарға алу керек деген кеңес мүшелері Спорт сарайының шатыры тегіс емес, толқын тәріздес болғаны дұрыс екендігін жеткізді. Мұндай шатырлар ауыр қарға шыдас береді екен. Сондай-ақ аталмыш әлеуметтік нысанның автотұрағына кең жер бөлу керектігі айтылды. Кеңес мүшелері автотұрақ кем дегенде 300 орындық болуы қажет деген ойларын жеткізді. Осы орайда Позолотин көшесін жауып, соның есебінен автотұрақ аумағын кеңейту ойы айтылды. Спорт сарайының сыртқы келбеті мен безендірілу жағы да назардан тыс қалмады. Алдағы уақытта бас мердігер айтылған ұсыныстар мен ескертулерді негізге ала отырып, жергілікті мамандармен жобаны жетілдіретін болады. Ал Спорт сарайы салынатын аумақтан жер сатып алуда және инфрақұрылымдарды тартуда шешілмеген мәселе жоқ.

Кеңесі мүшелері Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылының бас жоспарын жоспарлау жұмысымен де танысты. Алайда, кеңестің отырысына Жамбыл ауданынан құзыретті органның мамандары қатыспағандықтан, облыс әкімі Самат Ескендіров бұл мәселені ашық күйінде қалдыратындығын жеткізді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp