Айыртау ауданының Имантау ауылында “Панацея” үкіметтік емес ұйымы жұмыс істейді. Мұнда 1991 жылы татар қоғамдық бірлестігі құрылғанымен, 1997 жылы жұмысы тоқтаған. Тек 2006 жылы жұмысы қайта жанданған үкіметтік емес ұйымның жанынан “Суюнбике” татар жастар клубы құрылыпты.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Клубтың бұлай аталуының өзіндік мәні бар. Татар жастары клубының жетекшісі Раиса Ашированың айтуынша, бұл жерге келген алғашқы татарлар 1841 жылы Саратов губерниясынан жер аударылған көрінеді. Солардың арасында 7 жасар қыз болыпты. Туған жерін сағынған қыз күн сайын көл жағасына барып, көз жасына ерік береді екен. Сол себепті жергілікті татарлардың арасында Суюнбике деген сөздің мағынасы Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті білдіреді.
– Жастар клубын “Суюнбике” деп атауды жөн көрдік. Клубтың негізгі мүшелері – мектеп оқушылары мен жас мұғалімдер. Ауыл тұрғындарының арасынан да клуб жұмысына қызығушылық танытатындар бар, – дейді Раиса Аширова.
Барлық этнобірлестіктер сияқты “Суюнбике” клубы да татар ұлтының тілін, ділін, мәдениетін, тарихын жаңғыртуға, насихаттауға мүдделі. Осы орайда ұлты татар балаларға ана тілдерін үйретіп, тарихпен таныстырады. Бұл жұмысты тиімді жүзеге асыру үшін түрлі мәдени шаралар ұйымдастырады. Мәселен, жыл сайын “Наурыз” мейрамын тойлауды дәстүрге айналдырған клуб мереке кезінде ән, билерін, татар тағамдары мен ұлттық ойындарын ауыл тұрғындарының назарына ұсынады.
– Осы ауылда тұратын 800 татар ана тілдерін жақсы біледі. Балаларымызға, немерелерімізге үйретеміз. Мен үйде ұлттық нақышта тігілген татар киімдерін киемін. Осы арқылы өскелең ұрпақ өз тамырына зер салады ғой деп ойлаймын. Балаларыммен, немерелеріммен татар тілінде сөйлескендіктен, олар ана тілдерін жақсы біледі, – деген Раиса Абдуллаевна бүгінде “Суюнбике” татар жастар клубы тек ұлттық құндылықтарын насихаттаумен шектелмейтіндігін жеткізді. Оның бірі – ауыл тарихын жазу. Мұнымен ауылдағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Инна Куришова шұғылдануда.
– Бұл жер тарихқа бай. Ел арасындағы аңыз әңгімелерді тыңдасаңыз, көп мағлұматқа қанығасыз. Қоғамдық бірлестіктің мүшелері мұның барлығына зор мән береді. Бір жылдары Имантау ауылының әлеуметтік жағдайы төмендеп, тұрғындар көше бастаған кезде бір ақсақалымыз ертеде осы жерде өмір сүрген Иманбай деген байдың зиратын тауып, оның маңындағы бұлақтың көзін ашса, ырыс-құт келеді деген бұрыннан келе жатқан аңызды айтты. Иманбай деген кісі аса әділ әрі жомарт болған көрінеді. Ол дүниеден өткенде таудың етегіне жерленіпті. Біраз уақыттан кейін сол жерде бұлақ пайда болған. Бұлақтың суы шипалы екендігін естіген жұртшылық біздің жаққа ағылыпты. Бұл ХIX ғасырда болған. Кейінірек бұлақтың көзі жабылып, қараусыз қалған. Біз балалармен әлгі бұлақты тауып, көзін аштық. Бұлақтың суын Қарағандыға апарып тексерткенімде оның құрамы күміске бай болып шықты. Ақсақал айтқан аңыздағыдай, екі жылдан кейін Имантау ауылы өркендей бастады. Қазір ауылда жаңа үйлер салынып, тұрғындар жылыжай салып, гүл өсірумен айналысады. Осылай өз кәсіптерін ашып, әлеуметтік жағдайлары жақсаруда, – деген “Суюнбике” татар жастары клубының жетекшісі келесі бір бастамалары – ауылдағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы фильм түсіру жайын баяндады. 1996 жылы ардагерлер жайлы фильм түсірген ауыл жастары, араға 10 жыл салып қолдарына тағы да камера алған. 2006 жылы көзі тірі ардагерлермен кездесіп, екінші фильмді түсіреді. Қазір аталмыш фильмдерді оқушыларға жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні көрсетіп отырады екен.
“Суюнбике” клубының мүшелері ұлттық құндылықтарын дамытып қана қоймай, осындай қоғамдық жұмыстарымен ауыл өмірін жандандыруға өз үлестерін қосуда.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.