«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ – мәуелі күздің молшылығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жекелеген тауарларға маусымдық баға өсімдері болмаса, негізгі азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан біршама тұрақты қалыпта қалып отыр. Бағасы шарықтап өсіп, жылдың жаңа өнімдері түсісімен қайта арзандағаны картоп, пияз және қырыққабат сияқты жиі сұраныстағы тауарлар ғана. Айталық, картоптың бағасы 200 теңгеге, ал пияз бен қырыққабат 150 теңгеге дейін жетіп, мәуелі күздің мол өнімдері сөреге түскесін, өздерінің нақтылы нарықтық бағасын тапты.

“Алтын Арман” базарында сенбі күнгі дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп, оған Айыртау,Тимирязев және Шал ақын аудандарының тауар өндірушілері қатысты. Жәрмеңке бағасын күнделікті қала базарларындағыдан біршама сынық деп білетін қала тұрғындары оған көп келеді. Қаладағы супермаркет дүкендерінің бағасын қалталары көтере қоймайтын зейнеткерлер мен орта табысты тұтынушылар одан арзан тауар іздейді. Сондай-ақ ауылдық өндірушілердің сапалы өнімдерін алғысы келетіндер де аз емес. Әсіресе, ауылдықтардың сары майы, сүті, ірімшігі, қаймағы, сүзбесі, құс еттері, жұмыртқалары сұранысқа ие. Бағалары да қымбат емес, мысалы, Айыртау ауданының тауар өндірушілері сүттің литрін – 100, қаймақты – 570, ірімшікті – 270, үйдің сары майын 850 теңгеден өткізді. Бірақ әкелген тауарлары жарытымсыз болып, таңғы сағат 9.30-ға жетпей, сауда сөрелерінің жартысы бос қалды. Жәрмеңкені аралап көрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бұл жайында сауданы ұйымдастырушыларға ескерту жасады.

Шынында да, осы жолы жәрмеңкеде тауардың аз болғаны рас. Айыртаулық ветеринарлық станция дәрігері Білім Омаровтың айтуынша, олар әкелген екі бас қой мен бір шошқа еті жылдам өтіп кеткен. Таза еті 23-24 килограмм тартатын қойлар 19,0-19,5 мың теңгеден сатылыпты, бұл – оның килограмы 850 теңгеден айналды деген сөз. Мал дәрігері алыпсатарлардың ауылдан қара мал етін 500-600 теңгеден әкетіп жатқанына қынжылады. Ұрғашы қашарлардың өзін килограмын 750 теңгеден алып жатқанын айтады. Қазір бір тіркеме шөптің бағасы 30 мың теңгеге жеткенде бұл, әрине, лайықты баға емес.

Жәрмеңкедегі еттің бағасында соңғы екі жылдан бері өзгеріс жоқ десе болды. Сиыр етіне тұрақтандыру қорының ықпалымен белгіленген баға дәлізі сақталуда. Атап айтқанда, санның қоң еттері 995 теңгеден, белдемесі – 980, төсі – 960, ал қабырға еттері 930 теңгеден аспайды. Шынын айтсақ, кез келген қала базарларынан саудаласып, дәл осындай бағаға сиыр етін таңдап тұрып алуға болады. Жоғарыда мал дәрігері айтқандай, ауылдан малды өте арзанға алып жүрген алыпсатарлар осындай бағаның өзінен де өз пайдаларын табады.

Жамбыл ауданының Петровка ауылынан келген, қой және қара мал етін сатумен айналысатын қатардағы шаруа Көпжасар Бекішевтің сөзінің жаны бар сияқты. Оның пікірінше, қалада үзбей жұмыс істейтін ауыл тауар өндірушілерінің жеке өз базары болуы керек. Онда олар тауарларын өздері сата алады, делдалдарға жем болмайды. Ал қазіргі қаланың әр базарында сенбі күні өтетін жәрмеңкелерде нақтылы тауар өндірушілер негізінен саудадан тыс қалады. Болған күнде де көп емес. Ауыл шаруасы өзінің әкелген қойлары түгел өтпесе, базардың жылпостарына көтере сатып кететінін айтады. Олар ол етті аптаның жұмыс күндерінде әлдеқайда пұлдап сататыны сөзсіз.

Бұл күні орталық базардағы жәрмеңкеде өндірген өнімін өзі сатқандардың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген омарташы Лилия Шатская биыл бал жинаудың қиын болғанын айтады. Сонда да балдың сапалы төрт түрін ағызып алған тәжірибелі омарташылар отбасы аудандағы және қаладағы жәрмеңкелерден қалмайтын көрінеді. Оның саудасының қызу жүріп жатқанын байқадық, килограмы 1500 теңге тұратын балдың бағасы қымбат емес.

Петропавл бройлерлік құс фабрикасы сенбілік жәрмеңкелерге үнемі қатысады. Фабриканың өз бағасымен сатылатын оның өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Қала дүкендерінде килограмы 550 теңгеден кем емес бройлер тауықтары жәрмеңкеде 490 теңгеден сатылады. Сол сияқты жинақтамалық өнімдері де бөлшек саудадағыдан арзан. Мысалы, орамадағы тауық қанаттары – 530, төс еттері – 570, сан еттері 515 теңгеден тұрады. Ал жәрмеңкелерден қалмайтын Якорь ауылының “Атай СК” ЖШС-і осы жолы балапан тауық жұмыртқаларын қойыпты. Ондығы 130 теңге тұратын кішкене жұмыртқаларға сұраныс онша болған жоқ. Соңғы кезде облыстың сауда нарығында “Сергеев сүт өнімдері” зауыты өндірістік сары майларымен көзге түсіп жүр. Килограмы 1050 теңгеден сатылып жатқан оны қымбат деуге болмайды.

Бұл жолы жәрмеңкеге мардымсыз өнім әкелген алдыңғы екі аудандай емес, Шал ақын ауданының Новопокровка, Жаңажол және Семиполка ауылдық округтері белсенділік танытты. Түске дейін сауда жасауға жеткен қара мал еті осыларда болды. Сондай-ақ новопокровкалықтар әрқайсысы 1500 теңге тұратын сойылған үйректер сатты.

“Оңтүстік” көтерме-бөлшек сауда базарын қаладағы бүкіл көкөністер мен жемістер саудасының орталығы десе болады. Мәуелі күздің осы кезеңіне сай баға қалыптасқан. Айталық, пияз сәл арзан – килограмын 45 теңгеден алуға болады. Қырыққабаттың қазіргі бағасы 50-55 теңгеден, картоп барлық жерде 40-50 теңгеден қымбат емес. Сәбіздің килосы 80 теңге тұрады, оған қарағанда 120 теңге тұратын қызылша, әрине, қымбаттау. Қызыл бұрыштың килограмы 100 теңгеден, ал көбінесе кәрістер асханасында қолданылатын кішкене қызыл бұрыштың бағасы удай – 250 теңге тұрады. Ең арзаны өзіміздің “Наурыздың” қияры ма дедім, 100-ақ теңгеден. Алманың лимон сияқты жасылы болсын, Алматының апорты болсын 220-250 теңгеден аспайды. Оған қарағанда 300 теңге тұратын алмұрт қымбаттау. Мерзімі өтіп бара жатқандықтан шығар, қарбыз – 70, қауын 150 теңге болыпты. Бұлардың бәрі көтерме сауда бағалары, ал олардың дүкен сөрелерінде, дүңгіршектер жаймаларында сәл қымбаттырақ сатылары сөзсіз.

Сауда нүктелеріне іргелес жайма орындарында сатылатын емдік орман жидектерінен көз сүрінеді. Итмұрындықтың 5 литрлік шелегі 1000 теңге тұрса, оны қымбат деуге бола қоймас. Дәл сол сияқты шетен де 1000 теңге, ал шеңгелдің қызыл жидегі 500 теңге тұрады.

Қаладағы ең арзан балық саудасын жасайтын “Блинов” жеке кәсіпкерлігі екен. Онда басым сұраныстағы орташа табан балықтар 140 теңгеден сатылады. Ал “Океан” дүкені маңындағы жайма саудада олар 180-220 теңге тұрады. Ротан балығының өзі 180 теңгеден кем емес, ал майлы пелядьтің килограмы 500 теңгеге бағаланған.

Азық-түлік бағаларын сөз еткенде адамның күнделікті рационында негізгі тағамға саналатын нан мен ұнды, ұннан жасалатын макарон өнімдерін, түрлі дәндік жарма және өсімдік майын орағытып өту мүмкін емес. Негізгі сұраныстағы бірінші сұрыпты, 0,6 килограмдық ақ нанның бағасы бұрынғы қалпында. Бірінші сұрыпты ұнның килограмы 72 теңге, жоғары сұрыптысы 90 теңге тұрады. Қант бағасы маусымдық сұраныс кезінде 145 теңгеге дейін өсіп, қазір 132 теңгеге түсті. Жоғары сұрыпты макарондардың килограмы 122-140 теңге аралығында, ұзын спагеттилер ғана 150 теңге тұрады. Сыр өңірінің “Ақ маржан” күріші – 165 теңгеден, жарма дақылдардан аздап өскені осы, ал қарақұмық – 100, бұршақ 85 теңге күйінде қалып отыр. 130 теңге тұратын геркулес пен бидай жармасынан басқа дақылдар 90 теңгеден аспайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp