Бүгінде өртсөндірушілер түрлі оттан қорғау құралдарымен, осызаманғы техникалармен жарақтанған. Отты ауыздықтап жүрген солардың бірі – Ерік Мәжитовтің Өрт сөндіру басқармасын басқарып отырғанына да бірталай жыл болды. Ол өзінің басты міндетін жаңадан келген жауынгерлерді тілсіз жаумен күресуге үйрету деп біледі. Өйткені, оның өзі де осындағы қызметін бұдан 28 жыл бұрын қатардағы өртсөндірушіден бастаған.
Амангелді ӘУЕСХАНОВ,
облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметінің хатшысы.
Өртсөндіруші-құтқарушы тек мамандық қана емес, өмірлік ұстаным десе де болады. Бірде оған мойынсындық екен, енді одан қанша қауіп-қатерлі болса да кете қою оңай емес. Ол, мүмкін, ер адамға тән тәуекелділіктен де болар? Ерік оны басқаша түсіндіре алмайды. Өзі кездейсоқ бас сұққандай болған бұл жұмыс оны осында байлап тастағандай босатпай қойды. 1985 жылы өрт күзетіне енгені әлі есінде. Міндетті әскерін өтегеннен кейін қалада такси жүргізуші болып істеген. Бір жылдай өрт күзетінде қызмет етіп жүрген досы кездесіп, жұмысына кіріп шығуын өтінеді. Онда барғанда өрт күзетінің ауласын аралап, ондағы арнайы машиналарды көрді. Сірә, оның қызығушылығын аңғарған болса керек, досы: “Ойлан, ниетің болса, кел, байқап көрсейші”, – деді. Сол сөз қамшы болып, өрт күзетіне жұмысқа кірді.
Қатардағы жауынгерліктен бастады. Жарты жылдан соң Омбыдағы бөлімше командирлерін даярлайтын курсқа жіберді. Ол одақтағы өртсөндіруші мамандығын беретін жақсы мектептің бірі болатын. Сондағы алған білімі оның өсу баспалдақтарына жол салды. Оқудан оралысымен бөлімше командирлігіне тағайындалды. 1990 жылы №74 дербес әскерилендірілген өрт сөндіру бөліміне ауысты, енді ол №1 өрт сөндіру бөлімшесі деп аталады. Бір жылдан кейін кіші лейтенант атағын алып, қарауыл бастығы қызметіне тағайындалды. Осы жерде Юрий Устинин және Болат Бұлқайыров сияқты тәжірибелі қызметкерлермен қоян-қолтық жұмыс жүргізе отырып, олардан көп нәрсеге үйренді.
Осы жерде бірнеше жыл мінсіз қызмет атқарған Ерік Әлімжанұлы өртсөндірушілер даярлайтын оқу орталығына ұстаздыққа ауыстырылды. Ол өмірдегі осы бір кезеңін ерекше толғаныспен еске алады. Орталық қызметкерлері өздері шаруашылық әдіспен сыныптар мен кабинеттерді жабдықтап, жаңадан қатарға қосылған өртсөндірушілерге бастапқы дайындық курстарын оқытты. Қазір зейнетті еңбек демалысындағы орталық басшысы, полковник Берік Ерімбетовтен өзінің де үйренгені көп. Сосын Ерік біршама уақыт өрт сөндірудің кезекшілік қызметінде жұмыс істеді. Онда оның басты қызметтік міндеті Петропавл қаласындағы сияқты, бүкіл өңір бойынша өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Яғни, гарнизондағы барлық жауапкершілікті мойнына алып, қала және облыс бойынша кезекшілік жұмыстарға жауап берді.
Бойындағы жауапкершілікті сезіну, тәртіптілік және еңбексүйгіштік қасиеттері Ерік Әлімжанұлының қызмет баспалдағында тез көтерілуіне көмектесті. Бүгінде ол Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары басқармасының бастығы қызметін атқарады.
– Біздің негізгі қызметіміз – өртсөндірушілерді даярлау. Олардың оқыту-даярлау кестесін жасағанда жаңа келгендердің психологиялық жағдайын және дене күші дайындығын қамтуға тырысамыз. Өртсөндіруші төзімді болуы керек, өйткені от пен түтінде жол тауып, адамға көмек көрсету, отты сөндіру екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан өрт бөлімшесіне үміткерлер таңдау өте қатал өтеді, дене күші дайындығына ерекше назар аударамыз. Егер жас жауынгер 3-4 айға, жарты жылға шыдаса, онда ол өрт сөндіру ісінде түпкілікті қалады, – дейді ол. Мұның бәрін өз басынан өткен өмір тәжірибесіне сүйеніп айтады.
Ерік Мәжитовтің жеке есебінде өзінің бар білімі мен машығын жұмсауға тура келген бірталай өрт оқиғалары бар. Ерекше есінде қалғаны – бұдан екі жыл бұрын Петропавл қаласындағы Медведев көшесінде екіқабатты үй өртенді. Өрт басында белгілі болғанындай, отқа оранған үйде мүгедек кемпір қалған екен. Оны терезені сындырып құтқаруға тура келген. Сол сияқты бес қабатты үйдің бір подъезі жарылып, онда адам шығыны болғаны белгілі. Ал Жұмысшы кентінде шыққан өрт төрт баланың өмірін қиды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар әлі де аз емес.
– Әрине, осылардың бәрі жан ауыртады. Бұрындары бізде психологтар болған жоқ, күйзелісті жағдайларды қызмет басшыларының өздері реттеп, жауынгерлерге қиын кезде рухани демеу беретін. Қазір жеңілдеу – психологтарымыз бар, олар қажет жағдайларда аудандарға да шығып тұрады. Өрт оқиғасы қайғылы жағдайға соқтыратындықтан, тұрғындар тарапынан реніш айтылатын кездер де аз емес. Бірақ бізді өртке кейде сусыз келеді дейтіндері бекер. Ондай болуы мүмкін емес. Сол сияқты кешігіп жететініміз сынға алынады. Ол өрт шыққан жердің қашықтығына байланысты. Біз кез келген өрт оқиғасына талдау жасаймыз, жіберілген кемшіліктеріміз болса, қайталамауға тырысамыз, – дейді Ерік Әлімжанұлы.
Ол – өз ісіне өте ықтиятты, жауапкершілікпен қарайтын жан. Әріптестері Ерік туралы “Жақсы тәлімгер”, “Тамаша отағасы”, “Әрдайым көмектесуге дайын” деген жылы сөздерді бекерге айтпайды. Басшы азамат ата-анасыз қалған жетім балалар интернат-үйінің “Болашақ” отбасы балаларына қамқорлық жасайды. Олардың мерекелеріне, атаулы күндеріне қатысып, жиі кездесіп тұрады. Мектептің түлеп ұшқан түлектерінің одан арғы тағдырын үнемі назарында ұстайды, қанаттанып кетулеріне көмектеседі.
Ерік сияқты еліне сыйлы, тамаша азамат өсіріп жеткізгенін қазірде сексеннің сеңгірінен асып бара жатқан ардагер-ұстаз Әлімжан әкей қалай мақтаныш етсе де лайықты.
СУРЕТТЕ: әкелі-балалы Мәжитовтер.