«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЯБАЙДАЙ ЖАНАШЫРЫ БАР Шөптікөл ауылының абыройы арта түспек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шолпан САЛЫҚОВА,

журналист.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда шаруа қожалығын құрып, табыс көрігін қыздырып жүрген іскер жандар аз емес. Елдің еңсесін көтеріп, тұрмысының түзеле түсуіне олар айтарлықтай үлес қосуда. Қазір егіні жайқалып, қыр төсінде малы қайта мыңғыра бастаған ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайының оң сипат алуына да ықпал етіп отырған солар. Соның арқасында ауылдың екінші тынысы ашылғандай болып, өндірістік істері өрге баса бастады. Мемлекеттің ауылдық жердің жедел дамуын көздеген сан алуан бағдарламаларына арқа сүйеген қожалық басшылары жаңаша жұмыс жүргізуге төселіп кетті. Сондай басшылардың бірі – Шөптікөл ауылының тумасы Жаябай Жаңабергенов.

Жәкеңді он шақты жылдан бері білемін. Оның ауылдағы иесіз тұрғандықтан қирап, бұзыла бастаған екіқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізіп, үстіңгі қабатында ағаш шеберханасын, ал астыңғы қабатында дүкен және дәмхана ашқаны жайлы мақала жазғаным бар. Сондағы бір таңғалғаным – кәсіпкердің дәмханаға қажетті үстелдер мен орындықтарды және басқа керек-жарақтарды өз қолымен өзінің ағаш шеберханасында жасап шығарғаны.

Қазір сол Жаябайдың сауда-саттық кәсібінен басқа, ауыл шаруашылығымен айналысуды қолға алғанын естіп, жуырда Шөптікөл ауылына жолымыз түсті. Айтса айтқандайын, Жәкең бүгінде ауылдық округте ғана емес, аудан бойынша іргелі қожалықтардың санатында. Біртіндеп қанатын кеңге жайып, 1000 гектар алқапта астық өсіріп, 1800 гектарда төрт түлік мал жайып отыр.

– Ауыл шаруашылығымен айналыспасақ, ауылда тұрып қажеті не? Ата-бабамыздың кәсібін жалғастырып, ел дәулетін тасытуымыз керек. Мал дегенің нағыз ырыс көзі ғой. Елбасымыз қазір осы мал шаруашылығын көтеруге баса назар аударып, оған қажетті жағдай жасалуда. Бүгінде ерінбей еңбек еткісі келген адамға қолжетімді қаржылық көмек беретін бағдарламалар бар. Мысалы, өзім өткен жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 15 миллион теңгенің кредитін алып, оған 80 бас ірі қара сатып алдым. Ал биыл “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының индустриялық-инновациялық даму бағыты бойынша тағы 11 миллион теңгенің кредитін алып, бұл қаржыға жаңадан салынған мал қорасына электр желісін өткізбекшімін және қораның жанынан арнайы сауын алаңын салып жатырмын. Шеттен құрылысқа 8 адам, мал бағуға қосымша 4 адам қабылдап, барлығы 12 еңбеккерді жұмыспен қамтып отырмын. Олар үшін ауылдағы бос тұрған иесіз үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп, отбасыларын көшіріп әкелмекшіміз, – дейді Жаябай Нұрахметұлы.

Осылайша ауыл фермерінің біршама әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді де шешуге бел буып отырғаны байқалады. Көшіп келуге тілек білдірушілерге жұмыс беріп, олардың тұрған үй жағдайларын ойластыруы – нағыз азаматтық іс. Ауыл түтіні азайып бара жатқан бұл кезде дәл осы Жаябайдай азаматтар шығып, ел қамын ойлауы сүйсінерлік те үлгі тұтарлық жайт. Қожалық басшысының іс-қарекетінен ауыл тағдырына деген жанашырлық сезіледі.

– Өз басым біреуге қарап, қол қусырып отырған жанды ұнатпаймын. Өмірлік серігім Алтын екеуміз балаларымызды жастайынан еңбекке баулыдық, енді соның жемісін көріп отырмыз, – дейді ол. Жәкең айтса, айтқандайын, шаруа қожалығындағы бар жұмысты отбасы болып бірге атқарады. Үлкен ұлы Арман қожалықтың мал шаруашылығы ісіне жауапты, әкесімен ақылдаса отырып, бағым-күтім жұмыстарының бәрін өзі реттейді. Шағын қожалық үшін 165 бас ірі қара, 63 жылқы және 120 қой аз мал саналмаса керек. Оларды жеке-жеке бағатын бақташылары бар. Қыстағы мал азығына жетерлік шөп жинап алды, қалғанын орақ сабанымен толықтырады. Қожалық басшысының кіші ұлы Ғалым өзінің атына лайықты техника жағына бейім, сондықтан қолдағы бар техникаға өзі басшылық етеді. Соңғы бірер жылда егіс техникаларын түгелдей дерлік жаңартып алды.

Міне, осылайша жақсы істерімен жан сүйіндіріп отырған Жаябайдың шаруа қожалығы Шөптікөл ауылының абыройын асырады деп ойлаймыз.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp