Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс XV съезі өтті, деп хабарлады “ҚазАқпарат”.
“Бүгінгі съездің басты міндеті – “Нұр Отан” партиясының рөлі мен саяси маңызын айқындау”. Бұл туралы съезде партия Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Съезд барысында Елбасы Н. Назарбаев басқосудың орны айрықша екенін атап өтті. “Бүгін өткен 15 жылдың қорытындысын шығару, болашақ бағдарды айқындау тұрғысынан өзгеше күн. Бұл еліміздің “Қазақстан – 2050” Стратегиясын қабылдағаннан кейінгі партияның алғашқы басқосуы болып саналады. Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа, қай жолмен жеткенімізді нақтылап, оның келешек межелерін жүзеге асыруға кірістік. Еліміздің ертеңгі стратегиясын қалай іске асыратынымызды ойластыруымыз керек. Оны мүлтіксіз жүзеге асыру, қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш – “Нұр Отан” партиясына жүктеліп отыр”, – деді Мемлекет басшысы.
Съездегі сөзінде Елбасы ең ұлы жолдың өзі шағын қадамнан басталатынын айта отырып, осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съезіне небәрі 400 ғана делегат қатысқанын еске салды. “Аз ғана жылда “Нұр Отан” партиясы 250 филиалы 6300 бастауыш ұйымы бар алып ұйымға айналды. Елдік істердің барлығына белсене араласып келеді. Менің бастамаларыма әрдайым қызу қолдау білдіріп, идеяларымды құлшына іске асырып келеді. Осы арқылы аса ауқымды тәжірибе жинадық. Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. “Нұр Отан” – нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы. “Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады” деген сөз бар. Күнімізді шуақты ету үшін елімізді қуатты ету – баршамыздың ортақ парызымыз”, – деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына кіргізу мақсатына да тоқталып өтті. “Бұл “Нұр Отанның” болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуы керек. Съезде қабылданатын жаңа саяси Доктрина да осыны көздейді”, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы “Нұр Отан” мемлекеттік тілді нығайту, қазақтың дәстүрін, мәдениетін жаңғырту жұмыстарының тиімді жүйесін жасауы тиіс дей келе: “Доктринада мемлекеттік тіл ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да аса маңызды. Бұл мәселеге барынша ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызымыз ғана емес, ұлтқа деген құрметті білдіру болып табылады. Отан дегеніміз отбасындағы өнегелі тәрбиеден басталады. Осыны әрбір азамат есінен шығармауы тиіс”, – деп баса айтты.
“Нұр Отан” партиясының кезектен тыс ХV съезінде партияның жаңа Доктринасы бірауыздан қабылданды.
Аталған құжатта “Нұр Отан” партиясының XXI ғасырдағы негізгі миссиясы көрсетілген. Онда Қазақстанды өркендету басты идея болса, Тәуелсіздік еліміздің негізгі жетістігі ретінде қарастырылады. Ал адам, бостандық, бірлік, әділеттілік, заңның үстемдігі, болашаққа ұмтылыс, отбасы және дәстүр басты құндылықтар болып саналады. Сондай-ақ партияның жаңа Доктринасында табысты дамудың жеті факторы бар.
Съезде партияның жаңа атауы бекітілді. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, саяси бюроның кеңейтілген мәжілісінде партияның “халықтық-демократиялық” деген тіркесін алып тастап, “Нұр Отан” партиясы деп қалдыру ұсынысы жасалған болатын. Осыған орай съезге қатысушылар аталған ұсынысты қарап, бірауыздан қабылдады. Сондай-ақ олар партияның жаңа эмблемасын мақұлдады. “Жаңа эмблема ХV съездің логотипі негізінде әзірленді. Күннің шығуы біздің жетістіктеріміз бен жарқын жеңістеріміздің көрінісі болса, таудың шыңы – жоғары мақсаттар мен халықтың ұмтылысы, барыс – күш пен мәрттік, партияның жазуы Елбасының мемлекеттің дамуына қосқан тарихи үлесін көрсетеді. Ал “Нұр Отан” партиясы басымды күш ретінде сол дамудың негізі болуы шарт”, – деп атап көрсетті Б.Байбек.