Бұрнағы күні облыстық бейнелеу өнері мұражайында өңірімізде талай жылдар жемісті еңбек еткен суретші, мүсінші Виктор Крестниковтың 80 жылдық мерейтойына орай көрме өтті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Виктор Крестников мүсінші ретінде белгілі. Оның тастан қашап жасаған мүсіндері өңіріміздің көркіне айналғалы қашан?! Облысымызға 1964 жылы аяқ басқан ол алдымен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында қызмет етті. Шығармашылықпен дендеп айналысқан ол – облыс орталығы мен елді мекендерде орналасқан көптеген тас мүсіндердің авторы. “Ершовтың ертегілері”, “Зоя Космодемьянскаяның ескерткіші”, “Калинин ескерткіші”, “Отан-Ана ескерткіші”, “Азаткер сарбаз ескерткіші” және тағы басқа мүсіндерді жасаған. Бүгіндері бұл мүсіндердің көбі сақталмаған. Тек Зоя Космодемьянскаяның сұлбасы бейнеленген мүсін көшеге көрік беріп тұр. Ол сондай-ақ “Авангард” стадионының алғашқы жобасын жасаған болатын.
Көрмеге автордың түрлі жанрдағы туындылары қойылған. Виктор Егорович тек қана талантты мүсінші емес, ол сондай-ақ қылқалам шебері, суық батик тәсілін меңгерген қолөнерші. Оның жолын ұлы Валерий Крестников жалғастырып келеді. Мамандығы бойынша мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі Валерий Викторович әкесінің 7-8 метрге дейін жететін мүсіндерінің фотосуреттері ғана қалған, дейді. Көпшілікке танымал тұлғалардың ескерткішін жасаған мүсіншінің туындылары сақталмаса да, оның облыс өнерінің дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Таңдаулы туындылары өлке мұражайларының алтын қорына енгізілген. Оның құрметіне ашылған көрме екі ай бойы жалғасын таппақ.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.