«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАҒАЗ ҚАЛДЫҒЫН ЖИНАУ ІСІ – табыс көзі әрі табиғатқа жанашырлық”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табиғи ресурстарды сақтау, экономиканы дамытуға ықпал жасау, адамдардың табиғатқа жанашырлығын жетілдіру сияқты қоғамдық мәселелер бойынша өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау қажеттігі талап етіліп, оның төңірегінде бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Осы бағытты жүзеге асыруға қол ұшын беріп жүргендердің қатарында жерлесіміз Қайыржан Айсин де бар. Өзінің жеке кәсіпкерлігін ашып, қағаз қалдықтарын жинаумен айналысып жүрген жерлесімізге жолығып, әңгіме өрбіткен едік.

– Қайыржан Мұратұлы, Сіздің жеке кәсіпкерлігіңіз өз қызметін қалай жүргізеді?

– Жеке кәсіпкерліктің іргетасы 2008 жылы қаланған. Оған қолқа салған үлкен ағам болды. Бүгінде Алматы қаласындағы “КАРИНА trading” ЖШС-мен жақсы іскерлік қарым-қатынас орнатып алдық. Біз жұрттан қағаз қалдықтарын жинаймыз, ал қағаз өнімдерін өндіретін компания айына 2-3 рет келіп, өндірісіне қажетті шикізатты алып кетеді. Үш адамнан құрылған шағын ұжымымыз бар. Облыс орталығындағы кәсіпорындар мен тұрғындардан, білім беру және мемлекеттік мекемелерден қағаз қалдықтарын жинаймыз. Бірінші жылы айына 5-6 тонна қағазды әрең жинасақ, бүгінде өндіріске 30-35 тонна шикізат жөнелтіледі. Қала сыртында қоймамыз, орталықта қабылдау қосынымыз бар. Алдағы жоспарымыз – пластиктен жасалған бөтелкелерді жинап, оларды да екінші рет өңдейтін кәсіпорындарға жөнелту.

– Жарнаманың аздығы ма, әлде жұмыстарыңыздың ұйымдастыруында олқылық бар ма, менің білуімше, жұрт Сіздің кәсіпкерлігіңізді білмейтін сияқты?

– Жарнама аздық ететін де шығар, бірақ, біз өз жұмысымызды жан-жақты ұйымдастыруға барлық күш-жігерімізді салып отырмыз. Жарнама мәселесі ақшаға келіп тіреледі емес пе?! Ал бұл кәсіптен түсетін пайда көп емес. Біздің жұмысымызды екі өлшеммен бағалаған жөн: біріншіден, бұл кәсіп бізге табыс көзі болса, екіншіден, қоршаған ортаға жанашырлық. Шындығына келгенде, жұрт біздің кәсібіміздің екінші сипатына аса назар аудара бермейді. Оның пайдасын мына деректен көруге болады: тұрмыстық қатты қалдықтардың 52 пайызын қағаздар құрайды екен, яғни қоқысқа тасталған қаншама қағаз жарамсыз болып қалады. Ал оны жою үшін күйдірген кезде ауаның ластанатынын ескеріңіз. Екінші рет өңдеуге болатын 1 тонна қағазды пайдалану арқылы 15 түп үлкен ағашты сақтап қаламыз, былайша айтқанда, шикізат ретінде кесілмейді. Бұл қоршаған ортаға сүйіспеншілігі бар адамды ойландырмай қоймаса керек. Қайта өңделген тауардың ел экономикасына қосар үлесі де зор. Сондықтан біз өз кәсібімізбен бірнеше мақсатты көздеп отырмыз. Жақында қоғамға өз пайдамызды тигізу үшін тағы бір шара өткіздік.

– Ол қандай шара?

– Біз 1 мамыр – 1 шілде аралығында қалалық Білім бөлімімен бірлесіп, “Балаларға бірге көмектесеміз!” атты акция ұйымдастырдық. Оған қаланың 34 мектебі атсалысты. Ұжым болып жиналған қағаз қалдықтарынан түскен 360 мың теңге қаламыздың ауруға шалдыққан төрт жеткіншегіне берілді. Бұл жерде біз ешқандай табыс көрген жоқпыз. Мақсатымыз балаларды қағаз қалдықтарын жинауға жұмылдыра отырып, одан тапқан табыспен замандасына көмек қолын созуға үйрету еді. Осы шара барысында ұстаздар оқушыларға ақшаның жұмсалу мақсатын толық түсіндірді. Сондай-ақ акция барысында оқушылар өздерінің ескірген кітап-дәптерлерін екінші рет өңдеп, одан басқа тауарлар жасауға болатынын білді, жас ұрпақтың қоршаған ортаға сүйіспеншілігі артты, сондай-ақ олар ақша жасаудың жолын ұқты. Кейбір ата-аналар да балаларымен бірге келіп, аталмыш іс-шараға қатысып, өнеге көрсетті.

– Сіз бұдан түсетін табыс көп емес дейсіз. Ал Сіздің сатып алатын бағаңызға клиенттеріңіздің көңілі тола ма?

– Үлкен тапсырыс болған жерге өзіміз көлікпен барып, алып кетсек, оның бір килограмы 5 теңгеден, ал өздері қабылдау қосынына әкелсе, 7 теңгеден қабылдаймыз. Баға жоғары емес. Шындығында біздің бағаны көтеруге мүмкіндігіміз жоқ. Алматылықтар бізден тауарды қымбатқа алмайды. Егер көліктің жанармай шығынын, жалға алынған үлкен қойманы есептегенде кәсіпкерлікте еңбек етіп жүрген үш адамның жалақысы түскен табысқа қарай әр айда әртүрлі. Кейбір адамдар қағаз қалдықтарын арзан бағаға тапсырғаннан гөрі, оны қоқысқа лақтырғанымыз жөн деп есептейді. Сол кезде олар қоқысқа түскен қағаз қалдықтарының қоршаған ортаға зиян тигізетінін ұмытпаса екен дегім келеді. Сондай-ақ бұл кәсіптен түсетін табыстың аздығы аудан аралап, қағаз жинауға қолбайлау жасауда. Аудандарға 2-3 тоннадан артық тапсырыс болған жағдайда ғана барамыз. Жол алыс болса, табыс азая түседі. Соңғы жылдары кәсіпорындардан қоқыс әкету үшін қомақты қаржы сұралғандықтан, кейбір мекемелер бізге тапсыруды жөн көре бастады. Осы жерде айтпағым, қағазбен көп жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелер де біздің іске қосылса деймін. Жақында бір кәсіпорын 9 тонна қағаз қалдығын тапсырып, 45 мың теңге табыс тапты.

– Бұл кәсіпті бұдан да жандандыру үшін не кедергі?

– Бастапқыда бұл бағытта жұмыс істеудің өзі өте ауыр болды. Жұртшылық қағаз қалдықтарын тапсырудың мән-мағынасын түсінбеді. Осы кезде өзімізге жарнама жасап, жергілікті басылымдарда ақпараттық материалдар жарияланды. Біздің кәсіпке қоғамның психологиялық дайындығы төмен. Алайда, оны сылтау етіп, баршаға пайдалы істі тоқтатуға тағы болмайды. Күресу керек. Жастарға осы әрекеттердің пайдасы мен зиянын ұғындыру керек. Бұл жерде отбасылық тәрбиенің маңызы зор. Ол мектепте жалғасса, нұр үстіне нұр. Біз жарнамалық жұмыстарды жандандыруға көңіл бөлмекпіз. Жарнамаларда әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді көтеру арқылы баршаның назарын өзімізге аудармақпыз. Интернет- сайттар ашып, жарнамалық буклеттер мен плакаттар, роликтер шығарамыз. Қызметімізге қызығушылық танытқандар бізбен байланысты оңай орнатады.

– Сонда Сіздер қандай қағаз түрлерін қабылдайсыздар?

– Біз газеттер мен қатты картондардан басқа, қағаздан жасалған барлық бұйымдарды қабылдаймыз. Оның бағасы жоғарыда көрсетілді. Біз осымен айналысып отырған бірден-бір кәсіпкерлікпіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp