«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС ҰЖЫМНЫҢ “ҚЫЗ ЖІБЕГІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыстық филармония мен С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры бірлесе сахналаған махаббаттың мәңгілік дастаны – “Қыз Жібек” операсының алғашқы көрсетілімі өтті. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Әрдайым ізденіс пен жаңашылдық үстінде жүретін қос ұжым Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсіреповтің бұл туындысын бұрындары да сахналаған болатын. Ол қойылым көзі қарақты көрерменнің әлі де есінде. С.Мұқанов атындағы театр бұл қойылымды жерлес жазушының 110 жылдық мерейтойына орай сахналады. Филармония да өз кезегінде “Қыз Жібек” операсынан үзінділерді көрермен назарына ұсынды. Бұл қойылымның режиссерлері – қазақ театрының актері әрі режиссері Мақсат Ақжолов пен Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік дирижері Қайырлы Ғафуров. Өңірлік сахна төрінен бір емес, бірнеше рет көрінген “Қыз Жібек” туындысын қос ұжымның ұсынған нұсқасында тамашалау көрермендер үшін қызықты болды. Алдымен қойылымның сыртқы пішінін зерделеуден бастайтын көрермен әртістердің киімдеріне мән береді. Содан кейін ғана ішкі мазмұнына үңіледі. Актерлердің сахналық киімдері жайында сөз қозғасақ, қойылымның басты кейіпкерлерінің киімдері ғана туындының реңін ашты деуге болады. Ал қалған әртістердің сахналық киімдері театрландырылған қойылымнан гөрі концерттік бағдарламаға сай келді.

Қойылымның өзегі, әрине, махабат. Басты кейіпкерлер – Жібек, Төлеген мен Бекежан. Айта кету керек, бұл нұсқадағы үш кейіпкер де қазақ театрында сахналанған “Қыз Жібектен” өзгеше. Бұл нұсқадағы Бекежан – ел намысын қорғаған батырдан гөрі, зұлымдық ойлаған жағымсыз кейіпкер. Бекежанды қазақ театрының әртісі Біржан Жалғасбаев сомдады. Халықтың жадында сақталған Бекежанның рөлін дөп суреттей алған актерге ұзақ қол шапалақтауға болады. Оның сахнадағы қарсыласы Төлегеннің рөлін де қазақ театрының сахнагері ойнады. Ол – жас актер Дулат Тәшкен. Көптеген актерлер армандайтын Төлегеннің бейнесін жеткізе алған бұл актердің шеберлігіне тәнті болуға болады. Жібектің бейнесін “Астана-Опера” мемлекеттік опера және балет театрының солисі Айзада Қапонова сомдады. Туындыдағы басты рөлдердің бірі – зор дауысты Шегені филармонияның әртісі Марат Ғайнулин суреттеді. Туындыдағы Шеге – сал-серілігімен қатар, данагөй, елді біріктіруші бейнедегі кейіпкер. Мұндай рөлді жас актерден гөрі, өмірлік тәжірибесі қимыл іс-әрекетінен байқалатын актердің сомдағаны құптарлық. Бұл орайда Марат Ғайнулиннің сомдауындағы Шеге әншілік деңгейінен аса алмады. Қосалқы рөлдің бірін сомдаған театр актері Мұхамедәлі Испановтың ойыны есте қалды. Шабарман баланың рөлін сомдаған бұл актер сахнаға бір-ақ рет шықса да, көрерменнің ықыласына бөлене білді. Бұл қойылымда актерлерден өзге облыстық филармонияның камералық хоры (жетекшісі – Юрий Колчин), “Әдемі-ау” қазақ би ансамблі (жетекшісі – Расима Сучкова), “Туған жер” би ансамблі (жетекшісі – Михаил Лахтин) және қалалық класикалық гимназияның хор үйірмесінің тәрбиеленушілері (жетекшісі – Ғалия Мұхамеджанова) өнер көрсетті.  

“Қыз Жібек” түрлі жанрда сахналанды. Опера, либретто, кино өнерінде де бұл туынды бар. Сондықтан туындыны бірнеше жанрда суреттеу үшін батылдық қажет. Сондай қадамға бара білген қос ұжымның өнерпаздары көрермен жүрегінен ойып тұрып орын алмаса да, ықыласқа бөленді.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp