С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Солтүстік Қазақстан облысының VI Азаматтық форумы өтті. Үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, ұзақмерзімді бағдарламалардың маңызы тарқатылған форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов, жергілікті атқарушы органдардың, белсенді үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Форумды ашқан “Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянс қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Худяков үстіміздегі жылдың қараша айында Астана қаласында өткелі отырған VI Республикалық Азаматтық форумның мақсаты мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жөніндегі бірлескен жұмыстарды іске асыру екенін жеткізді. Өңіріміздегі азаматтық қоғамның дамуына келер болсақ, бүгінде облыс бойынша 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олардың дені әйелдердің, балалардың, мүгедек жандардың жағдайын жасау, сондай-ақ табиғатты қорғау бағытында еңбек етуде.
Форум жұмысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов облыс әкімі Самат Ескендіровтің атынан үкіметтік емес ұйымдарды VI Азаматтық форумның ашылуымен құттықтап:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесін негізге ала отырып, саяси жүйені жаңғырту жөнінде тапсырмалар қойды. Бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі мол. 2006 жылы азаматтық сектордың бастамаларын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 10 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінсе, 2013 жылы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері 100 миллион теңгеге жуық қаржыны игеруде. Жергілікті атқарушы органдар да үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеп, бюджет қаржысын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жоспарлауы қажет. Мұның барлығы үкіметтік емес ұйымдардың әрекетін жетілдіре түсуге серпін берері сөзсіз, – деді Фархад Шаймұратұлы.
Форум аясында ең үздік 17 үкіметтік емес ұйым анықталып, олар дипломдармен марапатталды. Марапатқа ие болған “Іскер әйелдер қауымдастығы”, “Жас-Ұлан” және “Прозрение – Көз жету” қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары жиын барысында сөз алып, өздері басқаратын ұйымдардың биылғы жылы атқарған іс-шараларына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Форум соңында Қазақстан Республикасының VI Азаматтық форумына делегаттар сайланып, форумның қарары қабылданды.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.