Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Осыған орай облыстық мұрағат “Ашық есік күнін” өткізді және көрме ұйымдастырды. Оған мұрағат қызметкерлері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушылары мен студенттері қатысты.
1923 жылы 18 қазанда Ақмола губерниялық атқару комитетінің қаулысымен Петропавлда Ақмола губерниялық мұрағатының бюросы ұйымдастырылған. Осы сәттен бастап өткеніміз жайлы деректер мен құжаттар құнды зат ретінде жинала бастады. Бүгінде жерлес мұрағатшылардың зор еңбегінің нәтижесінде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатында 1443 қор, 600 мыңға жуық іс және 10 мыңнан астам фотоқұжат сақталған. Бір ерекшелігі, мұрағат қорында 18 ғасырдан бергі тарихи құжаттар бар. Сонымен бірге мәдениет, денсаулық сақтау, ғылым саласының белгілі қайраткерлерінің жеке құжаттары, аштық жылдары, Абылайдың Ақ үйінің болғандығы туралы құнды деректер сақтаулы. Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының директоры, тарих ғылымының кандидаты Сәуле Мәлікованың айтуынша, облысымыздың кез келген тұрғыны мұрағатқа келіп, жоғарыда аталған және өзге де құжаттармен таныса алады. Мәселен, жерлестеріміздің көбін өздерінің ата-тектеріне қатысты деректер көп қызықтырады екен. Ал, тарихшылар, ғалымдар мен журналистер, студенттер мен оқушылар үшін мұрағат – таптырмас қазына. Бұлардың барлығы тарихи-өлкетану тақырыбында ғылыми еңбекпен айналысса алдымен осы мекемеге жүгінеді.
Көрме сөрелеріне әр жылдардағы облыстық мемлекеттік мұрағат қызметі туралы фотосуреттер мен бірегей құжаттар қойылды. Мұнда алғаш рет Омбы тарихи мұрағаты, сонымен қатар 1801-1807 жылдардағы Тобыл губерниясы қалаларын қысқаша тарихи-топографиялық сипаттау бойынша Кострома мемлекеттік мұрағаты құжаттарының көшірмелері жайғасты. Әлемнің 40 мемлекетіне өнім шығарған консерві зауытының алғашқы құжаты да осында. Кейін бұл зауыт ет комбинатына айналғанды. Көрмеге сондай-ақ бас мұрағат өңірлік мұрағатты марапаттаған Құрмет грамотасы қойылған.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.