«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҮЗДІК АСПАЗ” АНЫҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде “Солтүстік Қазақстан облысының Ауыл жастары одағы” корпоративтік қоры облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен “Мен кәсіпқой – 2013” жобасының аясында облыстық колледж оқушылары арасында “Үздік аспаз” байқауын өткізді.  

“Үздік аспаз” деген атаққа төрт үміткер таласты. Атап айтқанда, Дмитрий Асташкин мен Ирина Жигульская қалалық Қызмет көрсету саласы колледжінің намысын қорғаса, Артем Иванов пен Татьяна Климова өздері білім алып жүрген Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің туын көтерді.

Байқаудың талабы бойынша кәсіби шеберліктерін ортаға салған болашақ аспаздар бірінші кезеңде “Киев” котлетін бір жарым сағаттың ішінде дайындап шығуы тиіс. Олардың әрқайсысына тағамды дайындау үшін 2 тауық еті, 50 грамм сары май, ұн, 2 жұмыртқа, лимон шырыны, картоп, 1 стақан өсімдік майы, консервіленген бұршақ үлестірілді. Ал екінші кезеңде үміткерлерге өз қалаулары бойынша қосымша тағам пісіру тапсырмасы берілді.  

Екі кезеңнен де сүрінбей өткен Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің оқушысы Артем Иванов бас жүлде – қысқа толқынды пештің сертификаты мен “Үздік аспаз” атағын қанжығалады. Екінші орын қалалық Қызмет көрсету саласы колледжінің өкілі Дмитрий Асташкинге бұйырды. Ал үшінші орынды ПҚЭК оқушысы Татьяна Климова еншіледі. Байқаудың ұйымдастырушылары Дмитрий мен Татьянаға ас пісіргенде қашан да қажетті блендер мен миксерді сыйға тартты.

“Солтүстік Қазақстан облысының Ауыл жастары одағы” корпоративтік қорының атқарушы директоры Яна Федоровичтің айтуынша, өңір жастарына бүгінде жұмысшы мамандықтары сұранысқа ие екендігін көрсетуді көздеген аталмыш байқаудан бөлек бұған дейін “Поштаның үздік операторы” сайысы өткізілген. Енді алдағы уақытта жастар арасында “Үздік тас қалаушы” және “Үздік медбике” жарыстары ұйымдастырылмақ. Байқауларда жүлделі бірінші орындардан көрінген жастар қазан айының соңында “Жасыл ел” жұмыс маусымының жабылу салтанатында облыс әкімі тарапынан марапатталатын болады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp