Марал ЖОЛМҰҚАНОВ,
Жамбыл аудандық Төтенше
жағдайлар жөніндегі бөлімнің инженері.
Жуырда Жамбыл ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің аумағында Құтқарушылар күніне орай “Ашық есік күні” өтті. Бұл күні өртсөндірушілер жергілікті мектеп оқушыларын қарсы алып, отты ауыздықтаудың амалдарын, апаттық-құтқарушылық жұмыстың тәсілдерін, өрт сөндіру техникаларының мүмкіншіліктерімен таныстырды. Балалар төтенше жағдайлар жөніндегі мамандардың жұмысымен танысып, өртсөндірушілердің қызметтік киімдерін көрді. Олар қызметтік киімді кию оңай шаруа емес екенін түсінгенімен, бұл бір сәтке өздерін өртсөндіруші кейпінде көруге тырысқан балалардың қалауына кедергі бола алмады. Ерлік пен батырлықты қажет ететін мамандыққа бір табан болсын жақындау оқушылар үшін аса қызықты болды. Танымды да, тартымды өткен шара соңында Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің қызметкерлері балаларды алдағы уақытта қауіпсіз және бақытты өмір жолын таңдар деген үмітпен шығарып салды.