«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҺАН БОКСШЫЛАРЫ АЛМАТЫҒА ЖИНАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алматыда қазақ топырағында алғаш рет жазғы Олимпиада ойындарына енген спорт түрінен әлем чемпионаты өз жалауын көтерді. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде керілген шаршы алаңда 116 елдің 576 боксшысы 12 күн бойы спортсүйер қауымға бокс кешін сыйлап, бәсекеде 40 жүлдені сарапқа салуда. 

Бұл жолғы әлем чемпионатында Қазақстанның намысын 10 боксшы қорғауда. Олар – Пекин және Лондон олимпиадаларында ел намысын қорғаған Біржан Жақыпов (49 кг.), 2011 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ілияс Сүлейменов (52 кг.), Қазақстан чемпионы Қайрат Ералиев (56 кг.), 2013 жылы Иорданияда өткен Азия біріншілігінде чемпион атанған боксшылар – Берік Әбдірахманов (60 кг.), Мерей Ақшалов (64 кг.), Данияр Елеусінов (69 кг.), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг.), Антон Пинчук (91 кг.), соңғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов (81 кг.) пен Лондонда қола медаль алған Иван Дычко (+91 кг.).

Жерлестеріміздің қарсыластарына тоқталар болсақ, ересектер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысатын спортшылардың арасында 2011 жылғы әлем чемпионатында алтын медаль алған Ласаро Альварес пен Хулио де ла Крус (екеуі де кубалық), Миша Алоян (Ресей), Эвертон Лопес (Бразилия), Магомедрасул Меджидов (Әзербайжан) бар. Сондай-ақ 2012 жылы Лондон олимпиадасында алтын медаль иеленген Роберси Рамирес (Куба), күміс жүлдегерлер Фред Эванс (Ұлыбритания), Нямбаярын Төгсцогт (Моңғолия), Клементо Руссо мен Роберто Каммарелле (екеуі де Италиядан) шаршы алаңда бақтарын сынамақ. Лондон олимпиадасында қола медаль алған боксшылар: Лазаро Альварес пен Ясниер Толедо (екеуі де кубалық), Пэдди Барнс пен Майкл Конлон (екеуі де Ирландиядан), Уранчимэгийн МөнхЭрдэне (Моңғолия) де Алматыда қолғап түйстірмек.  

Бәсекелі дода Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды деп айтуға толықтай негіз бар. Атап айтқанда, сайыстың бірінші күні 52 келіде Ілияс Сүлейменов австралиялық Эндрю Моулониді 3:0 есебімен жеңсе, 64 келіде Мерей Ақшалов шотландиялық Джош Тэйлорды таза ұтты. Үш төреші де жеңісті Ақшаловқа берді. 49 келіде Біржан Жақыпов пен ресейлік Белик Галановтың жекпе-жегі біздің боксшымыздың жеңісімен аяқталды. 56 келіде ел намысын қорғайтын Қайрат Ерәлиев алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Қайраттың алғашқы қарсыласы румын боксшысы Николаэ Андряен болды. Ұлттық құраманың ең жас боксшысы Жәнібек Әлімханұлы Лондон олимпиадасына қатысқан әзірбайжандық Солтан Мигитиновтан басым түсті. 69 килограмм салмақта Данияр Елеусінов Багам аралдарының өкілі Карл Хэйлдті 3:0 есебімен ұтса, 81 килограмм салмақ дәрежесінде Әділбек Ниязымбетов финляндиялық Вилл Хукканненді таза жеңді — 3:0. Елеусінов енді француз Сүлеймен Киссеккомен кездеседі. Ал Ниязымбетовтің келесі қарсыласы — косовалық Арменд Хохнаж.

Кешкі сессияда Берік Әбдірахманов (60 кг.) Даниелло ди Росамен (Пуэрто-Рико) кездесіп, жеңіске жетті. Үш төреші де жеңісті Берікке берген. Боксшымыздың ендігі қарсыласы неміс спортшысы болмақ.

Дүбірлі доданың сегізінші күні 1/8 финалдық кездесулер басталады. Шаршы алаң төрінде былғары қолғап шеберлері әлем бойынша үздік сегіздікке лайық боксшылардың есімін анықтайды. Сайыста ел намысын қорғайтын боксшыларымыздың жарыс кестесіне көз салсақ, күндізгі сессияда 49 килограмм салмақ дәрежесінде Біржан Жақыпов – Хасанбай Дусматов (Өзбекстан), 56 килограмм салмақта Қайрат Ерәлиев – Өмірбек Малабеков (Қырғызстан), Жәнібек Әлімханұлы – Хуан Меркадо (Мексика) 75 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтаспақ. Ал кешкі сессияда Мерей Ақшалов – Карлос Адамс (Доминикан) (64 кг.), Антон Пинчук – Рустам Туляганов (Өзбекстан) (91 кг.) қолғап түйістіретін болады.

Қазақстандық боксшылардың бұл жолғы әлем чемпионатына Азияның үздік командасы атануына мүмкіндіктері бар. Дайындықтары да жаман емес. Қазақстан құрамасы 2009 жылы Италияның Милан қаласында өткен біріншілікте бір қола, ал 2011 жылы Әзірбайжанның Баку қаласында болған жарыста екі күміс пен екі қола алған еді. Үстіміздегі жылдың шілде айында Иордания астанасы Амманда өткен бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс иеленіп, бірінші орынға шыққан болатын.

(Өз тілшімізден).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp