«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІ БАСПАЛДАҚТЫҢ жеткізетін жетістігі көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында облыс орталығында Петропавл қаласы Ішкі саясат бөлімінің қолдауымен “Томирис” гендерлік білім беру орталығы” қоғамдық бірлестігі саяси көшбасшы әйелдер мектебінің үшінші сессиясы өтті.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан ”.

“Бір әйел көп нәрсе жасай алады, ал бірнешеуі бәрін тындырады” дегендей, бүгінгі таңда қыз-келіншектер бірлесіп, заман талабына сәйкес қарымды қадаммен алға басып келеді. Нәзік жандардың осы мақсатқа қол жеткізуінде саяси көшбасшы әйелдер мектебінің маңызы зор. Бүгінгі таңда бұл мектеп облысымыздағы қыз-келіншектердің өндірістегі, әлеуметтік саладағы, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін арттыруға, гендерлік саясатты сындарлы түрде жүргізуге ықпал етіп келеді. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға іскерлік әліппесінің қыр-сырын меңгерген, әр салада еңбек ететін білікті мамандармен қатар, жеке кәсіпкерлер және ұстаздар қауымының өкілдері қатысты. Қай істе болсын өздеріне жүктелген жауапкершіліктің ауыр жүгін айқын сезініп, абырой биігінен көрініп жүрген әйелдер қауымы бүгінде заманға сай еңбек етіп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосуда. Ерлермен иық тіресе еңбек ететін қыз-келіншектердің аталмыш іс-шарада бас қосып, пікір алмасуларының бірден-бір себебі де осы болып табылады.

Бұл күнгі кездесу өмірде орын алатын шиеленісті жағдай, күйзелістен шығу, төзімділік сияқты кең ауқымды тақырыптарды қамтыды. Жиналғандар алдында сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, “Жария” қоғамдық ұйымының директоры Гүлзи Нәби әрбір ананың қоғамдағы алатын орны, атқаратын рөлі, еңбегі жайында сөз қозғады.  

– Мұндай кездесулердің әрбір қатысушыға тигізетін пайдасы зор деп ойлаймын. Себебі, біз өзіміз ғана үйреніп қоймай, басқаларды да үйретуге мүмкіндік аламыз. Қазір әйел адамдар үшін еңбек етіп, өзін биік белестерден көрсетуге мемлекет жағынан барлық жағдай жасалып отыр. Тек осы мақсатта ерінбей, талаптанып, жұмыс істеу керек. Мұндай жиындарда біз бетпе-бет жүздесіп, сан алуан мәселелерді қамтып, шешу жолдарын қарастырамыз. Осылайша әр баспалдақ сайын алға аяқ басып, үлкен мақсатқа қол жеткіземіз,– дейді ол.

Ажарына ақылы сай әйелдер қауымының бұл күнгі жүздесуі сұрақ-жауап және ойын түрінде өтті. Оның да өзіндік сыры бар екен. Ол жайында облыс орталығындағы саяси көшбасшы әйелдер мектебінің жетекшісі Күлімкөз Смаиылова айтып берді.

– Әйел адамның бойында барлық қасиет бар. Оған тек жағдай жасап, қабілетін арттыруға мүмкіндік беру керек. Міне, біздің меңзеген бағыт осы. Ойын арқылы олар өздерін танып, ішкі жан-дүниелеріне үңіледі, әлсіз жақтарын жойып, шыныға түседі. Ақылмен, сабырлықпен өмірде кездесетін әр қиындықтан шығу жолдарын үйренеді. Жалпы осы екі айдың ішінде түрлі тақырыпта жеті кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Олардың әрқайсысы заманға сай боламын деген әйел үшін пайдалы деп ойлаймын. Себебі, бүгін білгеніңмен шектеліп қалуға болмайды. Күнде ізденіп, үйреніп, оқу керек, – дейді жетекші.

Саясат әлеміне аяқ басқан әйелдер бұл кездесуде алдымен сана-сезімдерін өзгертіп, өздеріне, отбасыларына ғана емес, қоғамға пайдалы болудың жолдарын үйренуге тырысып бақты. Ұшқыр ойға жол салатын ойын, сұрақ-жауаптардан кейін қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.

Ұйымдастырушылар болса жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырып, әйел-аналардың саяси белсенділігін арттыруға сүбелі үлес қосатындарын айтты.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp