«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨП ЖАЙҒА ҚАНЫҚТЫРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық Статистика департаментінде 2013 жылдың 9 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына арналған брифинг өтті. Онда облыстағы өнеркәсіп өндірісінің өсімі мен көлемі, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі, бөлшек сауда тауар айналымы, құрылыс, іске қосылған нысандар саны, тұрмыс деңгейі мен еңбек нарығы және тағы да басқа салалар бойынша статистикалық деректер сөз болды.

Брифингте департамент басшысы Ольга Перепечина өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыстық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша талдау жасап, қол жеткен жетістіктерді саралады және әлі де олқы түсіп жатқан тұстарға назар аударды.

Статистикада көңіл аударарлық деректер көп, солардың ішінде кейбір жәйттер қызығушылық тудырарлықтай. Облысымызда 9235 кәсіпорын мен ұйым тіркелген болса, жұмыс істеп тұрғандары 60,7 пайызды құрайды. Сонымен бірге 16336 жеке кәсіпкер және 3006 шаруа (фермерлік) қожалығы бар. Үстіміздегі жылы 374 жаңа шаруашылық жүргізуші субъекті қосылып, 201 заңды тұлға таратылды.

Өңір өнеркәсібі өнімінің көлемі есепті кезеңде 4,5 пайызға артып, жалпы республикалық көрсеткіштен 2,4 пайыздық пунктке асып түсті, бұл – еліміз бойынша 5-ші орындағы көрсеткіш. Бірақ өндірістің көлемі жағынан мақтана алмаймыз. Өндірілген өнім 107,3 млрд. теңгені құрайды, бұл республикалық көлемнің 0,8 пайызы ғана.

Облыс өндірісінің негізгі саласы – ауыл шаруашылығында 193,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Саладағы өнім өндірудің нақтылы көлем индексі өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 111,0 пайызға өсті, соның ішінде егіншілікте – 114,3, ал мал шаруашылығында 104,9 пайызды құрады. Ірі қара мен құс етін, сүт және жұмыртқа өндіруде айтарлықтай өсім бар. Ірі қара 7,2 пайыз көбейіп, 296,7 мың басқа жетті, аздап (0,4 пайызға) қой басы да өсті, ал ешкі, шошқа және жылқы басы айтарлықтай азайып отыр.

Сол сияқты құрылыс жұмыстарының қызу жүріп жатқаны байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстары көлемінің өсім қарқыны 123,3 пайызды құрайды. 18,5 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Көбі (67 пайызы) тұрғындардың өз қаржылары есебінен салынуда.

Сауда, көлік және байланыс қызметтерінің жағдайы жаман емес, бәрінде айтарлықтай өсім бар. Сондай-ақ тұтыну нарығындағы баға бәсі де инфляциялық деңгейдің төңірегінде. Ол өткен 9 айда 2,5 пайызға өсті, соның ішінде тамақ өнімдеріне – 2 пайыз, азық-түліктік емес тауарларға 1,5 пайыз және ақылы қызметтерге 4,1 пайызды құрайды. Олардың ішінде бағалары шарықтап көтерілгені темекі өнімдері – 15,8 пайыз, балық және теңіз өнімдері – 6,8, қант және кондитерлік өнімдер – 4,0 пайыз. Бензин 0,1 пайызға, дизель отыны 2,4 пайызға арзандаған. Оның есесіне дем алу, көңіл көтеру және мәдени қызметтер бағасы тым көтеріліп барады. Мысалы, саябақтағы көңіл көтеру тарифтері 18,8 пайызға, кино билеттері 8,9 пайызға қымбаттаған.

Тұрмыс деңгейі мен еңбек нарығы көрсеткіштері оң үрдісте қалыптасып отырғанымен республикалық орта деңгейден төмен, әсіресе, еңбекке ақы төлеу жағы мақтанарлықтай емес. Жыл басынан бері орташа еңбекақы 72 992 теңгені құрады, ал ауыл шаруашылығында ол әзірге 55 700 теңгеден аспай отыр. Сол сияқты демографиялық жағдайларымыздың да олқы тұстары жетерлік.

Брифингке қатысқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері департамент басшысына көптеген сұрақтар қойып, оған тиісті жауап алды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp