«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНА САНДУҒАШЫ атанған Роза Бағланова – елдің есінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Сағындым, апа, даусыңды” деген тақырыпта Халық қаһарманы, КСРО халық артисі Роза Бағланованы еске алу кеші болып өтті. Кеш барысында Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, эстрада жұлдызы Меруерт Түсіпбаева және облыстық филармонияның әншілері мен бишілері өнер көрсетті.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Оның әндерін Қазақстанның және Кеңес одағының бірнеше буыны сүйіп өсті. Бүгінгі күнге дейін аға буын Роза Бағланованың әндерін сүйіп тыңдайды. Өткен ғасырдың екінші жартысында хитке айналған әншінің орындауындағы Абайдың “Желсіз түнде жарық ай”, композитор М.Төлебаевтың “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы”, С.Мұхамеджановтың “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да”, “Қиыстырып мақтайсыз” және “Аһ, Самара городок” әндері көбіміздің есімізде.  

Кеш барысында Роза Тәжібайқызының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетілді. “Ең бастысы, әнді дұрыс орындап, тыңдарманға жеткізе білу керек. Сонда кез келген тілдегі ән есте сақталып, тарихта қалады. Осындай принципімнің негізінде мен бірнеше елді аралап, өнерсүйер қауымның жүрегіне жол таба білдім”, – депті онда Роза апамыздың өзі.  

Халық әндерін орындаушы Нұрғали Нүсіпжанов: “Күллі өмірін халқының өнерін аманат етіп арқалаған оқтың астында жүргенде суықта да, ыстық та да сол жүрісінен таймай, адал еңбек еткен Роза Тәжібайқызындай еліне қызмет ету кез келген өнер адамының ел алдындағы борышы деп білемін. Кейбір халықтар жете алмаған шыңдарға өнер арқылы жеткен қазақты таныта білген осындай әншілеріміз үшін тағдырға ризамын”, – дей келе Роза Бағлановаға арнап, қазақтың халық әні “Алқоңырды” орындап берді. Бұдан соң, Әсет Бейсеуовтің “Көз-көрген”, “Абайдың елі” туындыларын және “Махаббат серенадасы” әнін тамылжытты. Қазақ эстрадасының жұлдызы Меруерт Түсіпбаева “Қайтадан келмейді көктем”, “Сен үшін”, “Ақ жауын” әндерімен тыңдармандарды баурап алды. Сондай-ақ облыстық филармония әншілері Дәмеш Құрманкина, Мұрат Ыбыраев, “Әдемі-ау” би ансамблі де кештің сәніне айналды.

Суретті түсірген  

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp