«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҚЫСТАН ДА ЖАЙНАҒАН ТУЫНДЫ ЖАСАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әдетте қоқыс жәшігіне тасталатын қажетсіз заттар – қағаз, мата қиындылары, керексіз ыдыс-аяқтар, киім-кешек, полиэтилен пакеттері, ескі газеттер, СД дискілер, пластик, тіпті жұмыртқаның қабығы мен кәмпиттің қағазынан көздің жауын алатын түрлі бұйымдар жасауға болатындығына сенесіз бе? Сенбесеңіз, облыстық өнер мұражайында ашылған “ХламArt” көрмесіне барып, көз жеткізуіңізге болады. Қоқыстан да небір қолөнер бұйымдарын жасауға болады екен.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Көрмеге қойылған бұйымдардың авторлары – облыс орталығында орналасқан өнер үйірмелері мен арнайы мектептерден білім алған жас бүлдіршіндер. Олар бұл еңбектері арқылы қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, табиғат құндылықтарына ықыласпен қарауды қолдайтындықтарын білдіргісі келген. Көрмеде 132 автордың туындылары қойылды.

Көрмеге қойылған жұмыстар түрлі материалдар мен техникада орындалған. Қатты қағаз, фольга, полиэтилен пакеттері, жұмыртқа қабығы, контейнерлер, ескі газеттер, жіп, қасықтар мен шанышқылар, шәйнек, киім-кешек, тас, ұлу қабыршағы, сабан, жөке, тары, ұн және тағы басқа материалдарды жас өнерпаздар шеберлікпен қолдана білген. Бір пайдаланғаннан кейін жерде қалатын полиэтилен пакеттері мен пластиктен жасалған ыдыстардан кәдімгідей сурет салып, олардан үй әбзеліне жарамды әсем бұйымдар жасай білген. Киім-кешектен жасалған сөмкелер, ойыншықтар, құрақ көрпелер көрермендерді таңғалдырды. Қарындаштар мен сынып қалған сызғыштардан оқушы орындығын жасай білген 10 жасар Ясмин Багитжанованың батылдығы қайран қалдырды. Себебі бұл орындыққа отыруға да болады. “Арт-палитра” бейнелеу студиясының тәрбиеленушісі 11 жастағы Дарья Падерова шәйнек, табақ, асхана құралдарынан есік-терезесі бар үй жасапты. Оны “Аула” деп атаған. Бұл туынды ауылдағы үйді еске салады. Көрмеде кәмпиттің қағаздары мен ескі газеттерден құмырадан бастап, гүл, моншақ жасауға болатындығын көрдік. Кенеп бетіне майлы бояумен сурет салғандай матаның көмегімен натюрморт жасаған дарынды жасөспірімдердің де еңбектері көздің жауын алады.  

Көрмеге сондай-ақ картиналар да қойылды. Жерлес ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармаларының желісімен сурет салған №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушылары Динара Садықова мен Елизавета Зенковскаяның иллюстрациялары көрмеге ерекше көрік берді. Көрме сайыс түрінде өткендіктен, оның өз жеңімпаздары болды. Қазылар алқасы бірінші және екінші, үшінші орындардың иегерлерін анықтағанмен, көрмеге қатысқандардың барлығы жүлдесіз қалған жоқ.

Қала тұрғындары мен оның қонақтары бұл көрмені бір айы бойы тамашалай алады.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp