«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТҚАРУШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

18 қазанда Төтенше жағдайлар қызметінің құрылған күні аталып өтілді. Петропавл қалалық Мәдениет үйінде өткен аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш салтанатты шараға жиналғандарға өрт сөндіру бөлімдерінің техникалық мүмкіндіктері көрсетіліп, арнайы көрме ұйымдастырылды. Ол жерден тілсіз жаумен күресуге арналған көне және заманауи құрылғыларды көруге болады.  

Өңіріміздің төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерін өңір жетекшісінің атынан мерекемен құттықтаған Фархад Қуанғанов бірқатар құтқарушыларға облыс әкімінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын табыс етті. Олардың қатарында облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмысы қызметінің бас маманы Андрей Кладиев, судан құтқару қызметінің 2 санаттағы сүңгуір-құтқарушысы Қайрат Сәбитов, Мамлют ауданындағы Төтенше жағдайлар қызметі жөніндегі бөлімнің аға инженері Руслан Қазыбаев бар.

– Менің бұл қызметте еңбек етіп жүргеніме 3 жылдай болды. Азғана уақыттың ішінде еңбегім жоғары бағаланып, облыс әкімінің Алғыс хатын алғаныма қуаныштымын. Бұл алдағы уақытта қызметімді әлі де мінсіз атқаруыма септігін тигізері сөзсіз, – дейді Қайрат Сәбитов.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Павел Филиппов өңіріміздегі құтқарушылардың атқарған жұмыстарымен таныстырды. Жыл сайын өңірімізде 700-дей төтенше жағдай орын алса, 300-ден астам адам мен жалпы құны миллиондаған теңгені құрайтын материалдық құндылықтар аман қалады екен.

– Департаменттің суда құтқару қызметінің мамандары да абыройлы еңбек етуде. Олар үстіміздегі жылы өңіріміздің су айдындарында 111 адамды құтқарса, соның 34-і бала,– деген Павел Филиппов жас буын құтқарушыларға үлгі болып отырған ардагерлерді де, қатарда жүрген қызметкерлерді де атап өтуді және оларды марапаттауды ұмытпады. Бірқатар қызметкерлер облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды және кезекті әскери шендер табыс етілді. Олардың арасында мамандығы бойынша құтқарушы болмаса да, орын алған оқиғаға байланысты осы атауға лайық болған петропавлдық Алексей Трушков облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің Құрмет грамотасымен марапатталды. Естеріңізге салсақ, 9 қазан күні Жамбыл көшесінде орналасқан №12 үйде өртенген пәтерден 2 баланы осы азамат аман алып қалды. Өкінішке қарай, қалған екеуі оттың құрбаны болды. Төтенше жағдайда ержүректілік танытқан Алексей Трушков бұл әрекетін азаматтық парызы санайды.

– Мен үйде отырғанмын. Жарылысты естіп, оқыс оқиғаның болғанын жүрегім сезді. Ойлағанымдай, көрші пәтер жанып жатыр. Бірден өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, іштегі балаларды құтқаруға ұмтылдым. Қиын жағдайда көмектесу әр адамның парызы деп ойлаймын, – дейді ол.

Мереке иелерін бірқатар құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының өкілдері құттықтады. Бұл жылы лебіздер концерттік бағдарламаға ұласты.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp