Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушылары Алматы қаласында өткен ІІІ республикалық астрономиялық турнирде 2-ші орын алды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Еліміздің әр өңірінен және Қырғызстаннан 18 команда қатысып, қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектептердің оқушылары өзара бақ сынасқан. Өңіріміздің намысын қорғаған аталмыш гимназия-интернаттың 9-11 сыныптардың 5 оқушысынан құралған командасының мүшелері турнирдің қиын да қызықты болғанын айтады.
– Турнирге білім деңгейі жағынан мықты командалар қатысты. Нақты шығару жолы жоқ есептерді әр түрлі болжамдармен шешуіміз қажет еді. Кейбір командалар есепті шығару жолын түсіндіру үшін бейнероликтер пайдаланды. Ал біз өз болжамымызды қарапайым және бәріне түсінікті тілмен жеткізуге тырыстық, – дейді команда капитаны Мақсат Уатбаев.
Өткен жылы да дәл осы турнирден өңіріміздің командасы 2-ші орын алған болатын. Онда команда құрамы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат пен қалалық классикалық гимназияның оқушыларынан құралған болатын.
“Бөбек” қоры ұйымдастырған турнирге дайындық кезінде физика және астрономия пәндерінің мұғалімдері Бекет Мұстафин мен Нұргүл Есенғалиева оқушыларына өткен тақырыптарды қайталатқызып, “Астро-физика” шеберханасында қосымша білім берген.
– Оқушыларымыз үмітімізді ақтады. Балалардың биіктен көрінуі – олардың адал еңбегі. Біз оқушыларға дұрыс бағыт сілтесек, олар осы жолда жігерлілік танытып, жан-жақты дайындалды, – дейді физика пәнінің мұғалімі Бекет Салықұлы.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.